Қарағанды облысында 542 млн теңгенің 200 орындық балабақшасы ашылды
Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жұмыс бабындағы сапармен Шет ауданында болып, осы өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Облыс әкімдігі хабарлағандай, Шет ауданында аймақ басшысы құрамында қорғасын мен мырышы мол кен өндіру бойынша ел көлеміндегі жетекші кәсіпорындардың бірі – Ақжал кен орнындағы «Nova Цинк» ЖШС тау-кен байыту фабрикасының тыныс-тірлігін бағамдады.
Қазіргі таңда фабриканың бас корпусының өнімділігі жылына 1 млн. 200 мың тонна кенді құрайды. Өндіру жұмыстары ашық тәсілмен жүргізіледі. Кәсіпорын еңбеккерлері үшін қолайлы тұрмыстық жағдай тудырылған, өндіріс алаңында жатақхана, екі қонақ үйі, дербес жылу беру қазандығы, медициналық орталық, жуынатын және кір жуу орындары, сондай-ақ, спорт кешені бар.
Облыс әкімі Приозерск қаласында ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөліміне барып, ашық алаңдағы артиллерия мұражайын тамашалады, сонымен қатар, әскери қызметкерлердің тамақтану жағдайын зерделеді.
Содан кейін Нұрмұхамбет Әбдібеков «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы кеңсесінде азаматтарды қабылдау өткізді. Қабылдауға жазылған тұрғындар жүздесу кезінде қалада тұратын оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету, ауыз сумен жабдықтаудың сапасын көтеру секілді мәселелерді алға тартты. Осы және өзге де мәселелер бойынша облыс әкімі толыққанды әрі тұщымды жауаптар берді.
Аймақ басшысы атбасын бұрған келесі нысан – қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, құрылысы «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан қалалық су қоймасы болды.
Сапар барысында облыс әкімі қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытудың кешенді бағдарламасы аясында салынған, жалпы құны 542 млн. теңгені құрайтын, 200 тәрбиеленушіге арналған «Балақай» балабақшасының ашылу рәсіміне қатысты.
Ол сондай-ақ, қолға алынған пәрменді шаралардың нәтижесінде, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балдырғандарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші облыста 98 пайызға жеткізілгенін атап өтті.
Былтырғы жылы 4 балабақша қолданысқа берілсе, енді, олардың қатарына биылғы жылдың алғашқы жетістігі – осы балабақша қосылып отыр.Қала жұртшылығын – ата-аналар мен тәрбиешілерді көптен күткен қуанышты жайтпен ақжарыла құттықтап, ақ пейілді тілегін бүкпесіз ақтарған облыс әкімі балабақша ұжымы мен балғындарға толымды сый – мультимедиялық тақта тарту етті.