2014 жылы ШҚО-да 500 млн теңгеге 24 мәдени нысан жөнделді
Мәдениет ұйымдары 110 аса ірі мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізді.
Облыс әкімдігі хабарлағандай, Күршім, Зайсан және Абай аудандарында 3 Мәдениет үйі, Катонқарағай ауданында шығармашылық үйі пайдалануға берілді,облыс орталығындағы драма театрының құрылысы жалғастырылды. 500 млн.теңгеден аса сомаға 24 объектінің күрделі және ағымдағы жөндеуі жүргізілді.
Қытай Халық Республикасында, Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде және Алматы қаласында Шығыс Қазақстан облысының күндері өткізілді, «Материалдық емес мәдени мұра: мәдени құндылықтарды сақтау, насихаттау, келесі ұрпаққа жеткізу» халықаралық семинар-жиналысы, «Алтай – халықтар достығының алтын бесігі» Халықаралық форумы, Құрманғазы атындағы орындаушылардың республикалық конкурсы, Елбасының идеясын қолдауға арналған «Мәңгілік ел» акциясы өткізілді, Қабанбай батырға арналған ескерткіш ашылды.
Облыстың спорт объектілері мен имараттарының саны 64 бірлікке артып, 3132 бірлікті құрады. Өскемен қаласында О.Рыпакованың жеңілатлетика манежі және Орталық жүзу бассейні, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 32 хоккей қорабы, ипподром, 12 футбол алаңы пайдалануға енгізілді.
4 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілді, оған 700 мыңнан аса адам, соның ішінде 340 мың бала қатысты.
Халықаралық кластағы 20 спорт шебері, 72 спорт шебері, 368 спорт шеберіне кандидат, 500 бұқаралық разрядтағы спортшылар дайындалды. Облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 470 медаль: 180 алтын, 152 күміс, 138 қола ұтып алды.
Қазақстан Республикасының түрлі спорттан құрамасына кірген спортшылар саны 1047 спортшыны құрады.