Қазақстанда жұмыспен қамту мәселелерін тұрақтандыруға бағытталған 1823 меморандум түзілген – Б.Сапарбаев
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қарағанды және Жамбыл облыстарына жұмыс сапарымен барды. Вице-премьер өнеркәсіп мекемелерінің жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті және жергілікті қамтуды дамыту мен халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.
Б.Сапарбаев өз сөзінде айтып өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикада өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету бойынша облыс әкімдіктері мен ірі кәсіпорындар арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасу бойынша кең ауқымды жұмыс басталды.
Қарағандыда өткен кеңес қорытындысы бойынша ұлттық компаниялар мен жергілікті қамтуды дамыту бойынша кәсіпорындар арасында меморандумдарға қол қойылды. Меморандумға қол қойғандар – «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Жалпы 57 млрд. теңгеден астам сомаға 47 меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі, «Қазақмыс корпорациясы», «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Nova мырыш» ЖШС сияқты бірқатар жүйе құраушы кәсіпорындар мен олардың кәсіби одақ ұйымдары жұмыс орындарын сақтау және өндірістік үдерістерді тұрақтандыру бойынша үш жақты меморандумдарға қол қойды.
Жамбыл облысында «Тараз металлургиялық зауыты» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы және басқалары арасында сәйкес меморандумдар жасалды. Сонымен қатар, жергілікті қамтуды дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға «Қазақтелеком» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС, «Тараз металлургиялық зауыты» АҚ және басқалары қол қойды, барлығы 11 млрд теңгеден астам сомаға 11 меморандум жасалды.
«Республикада жұмыспен қамту мәселелерін тұрақтандыруға бағытталған 1823 меморандум, олардың ішінде – 184-і ірі және 1963-і жалпы жұмысшылар саны 220 мыңнан асатын орта кәсіпорындармен жасалды. Меморандумдар аясында қарастырып жатқан ынтымақтастық бойынша бастамаларымыз қазіргі экономикалық қиындықтарды қажетті деңгейде жоюға мүмкіндік береді. Мемлекет, бизнес және кәсіби одақтар бірлесе күш жұмылдырып, халықтың жұмыспен қамтылуының төмендеуіне жол бермейтініне, және қиын жағдайда бизнеске айтарлықтай қолдау көрсететініне сенімдімін», - деп баса айтты Тараздағы кеңесті қорытындылай келе Б.Сапарбаев.
Вице-премьер сондай-ақ Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кейбір мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Индустриаландыру картасына енгізілген жобаларды жобалық қуаттылығына жеткізу қажеттілігін айтып өтті.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын құру үшін облыста инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізінің қазақстандық бөлігіндегі құрылысын аяқтау, сондай-ақ тұрғын үй және ШОБ нысандарын салу бойынша бағдарламалар жүзеге асырылады», - деді Б.Сапарбаев.
Оған қоса, вице-премьер облыс басшылығына ШОБ дамытуға, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, қант қызылшасының егіс алқаптарын арттыруға, инвестициялар тартуға, ұжымдық келісімдер жасасуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.