Қ.Тоқаев «Алматы – 2050» даму стратегиясымен танысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы – 2050» даму стратегиясымен танысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Алматы – 2050» даму стратегиясының жобасын таныстырды.
Аталған бағдарлама бойынша Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, қауіпсіз қала қалыптастыру, шаһардың шеткері аймақтарының инфрақұрылымын дамыту және басқа да көптеген маңызды мәселелер атқарылады. Сондай-ақ Алматы агломерациясы аумағының даму барысы да қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев баспана кезегінде тұрған, асыраушысы жоқ 12 балаға пәтер кілтін табыс етті.
«Баршаңызға жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Баспана мәселесі әрдайым мемлекеттің назарында болады. Еңбектеріңіз табысты болсын!», – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы Алматы қаласының "Көкқайнар" ықшам ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанаға мұқтаж осындай 51 адамға тұрғын үй салынып жатыр.