Қазақстанда 44 мыңнан астам салық төлеуші салықтық рақымшылыққа іліккен
Қазақстанда 44 мыңнан астам, нақтырақ айтсақ 44 397 салық төлеуші салықтық рақымшылыққа ілікті. Бұл туралы ШОБ және жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасау нәтижелері туралы өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлім етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.
"Салықтық рақымшылық қорытындысы бойынша, жалпы республика деңгейінде 8,3 млрд теңге сомасына бересі бар 41 183 салық төлеуші өтелді. Бұл ретте есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұл сомасы 2,9 млрд теңгені құрады. 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салықтық тексерулердің нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасауға байланысты бересі анықталмаған салық төлеушілер рақымшылыққа ілікті", - вице-министр.
Сонымен қатар, ол өткен жылдың тамызынан бастап салық заңнамасын бұзған, алайда оны өз бетінше жойған және 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеу мерзімімен өткен салық кезеңдері үшін қосымша салық есептілігін ұсынған салық төлеушілерге де рақымшылық жасалатынын атап өтті.
"Нәтижесінде 3 214 салық төлеуші амнистияны пайдаланды, олар 10,1 млрд теңге бересіні төлеген. Олардың 3,6 млрд теңге көлеміндегі айыппұлдары мен өсімақылары есептен шығарылды. Осылайша, Қазақстанда 44 мыңнан астам салық төлеуші салықтық рақымшылыққа іліккен, нақтырақ айтқанда 44 397, ал төленген бересі 18,4 млрд теңгені, есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұлдар - 6,5 млрд теңгені құрайды, - деді өз сөзінде Берік Шолпанқұлов.
Сонымен қатар оның айтуынша, жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша 672 530 жеке тұлға 14,6 млрд теңге көлемінде қарызын төлеген, сөйтіп 2,8 млрд теңге есептен шығарылған. Сондай-ақ ол салықтық амнистия жеке тұлғалардың салықтық міндеттемелер бойынша бар берешегін едәуір қысқартқанын айтты.
Бұдан басқа вице-министр өзі сөзінде салықты ең көп мөлшерде төлеген аймақтарды атап кетті.
"Салықты ең көп мөлшерде төлеген аймақтар қатарына Алматы - 6,5 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласы - 1,9 млрд теңге және Алматы облысы - 675 млн теңге кіреді. Сонымен қатар салық төлеуде Алматы қаласы - 100 769 жеке тұлға, Түркістан облысы - 74 893 жеке тұлға және Шымкент қаласы - 62 015 жеке тұлға белсенділік танытқан. Сондай-ақ есептен шығарылған айыппұлдарға келетін болсақ, ең үлкен сома оңтүстік астана - шамамен 1,1 миллиард теңге, екінші орында - Павлодар облысы - 187 миллион теңге, үшінші орында Нұр-Сұлтан - 172 миллион теңгені құрап отыр", - деді Берік Шолпанқұлов.
Оның айтуынша, жеке тұлғаларға жасалатын салықтық рақымшылық азаматтарға санкциялардан құтылып, негізгі қарыздың сомасын төлеуге мүмкіндік берген.
"Жеке тұлғаларға жасалатын салықтық рақымшылық азаматтарға санкциялардан құтылып, негізгі қарыздың сомасын төлеуге мүмкіндік берді. Ал бұл өз кезегінде кірістерді үнемдеуге, қазақстандықтардың өмірі мен әл-ауқатын жақсартуға жол ашты. Мемлекет басшысының шағын және орта бизнеске жариялаған салықтық рақымшылығы кәсіпкерлікті қолдауда маңызды рөл атқаруда. Және де кәсіпкерлік саласының дамуына серпін берді, болашақта экономикалық тиімділігі болады деп сеніммен айта аламын", - деді вице-министр.
Назерке Сүйіндік