Cтратегия Казахстан 2050 - Нурсултан Назарбаев вручил государственные награды и премии (ФОТО)

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстады

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақордада мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстау рәсімі өтті.
15 Желтоксан 2017

Қазақстан Президенті «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке, «Теңізшевройл» ЖШС менеджері Руслан Қуатовқа және «Жақсылық» ШҚ жетекшісі Жақсылық Үшкемпіровке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді.

Өз кезегінде, «Отан» орденімен Бердібек Сапарбаев пен Даниал Ахметов және «Степное» ЖШС директоры Амангос Төлеуов марапатталды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев  жаңа Жоғарғы сот басшысы,бұрынғы Бас прокурор Жақып Асановты,  министрлер Жеңіс Қасымбек пен Дәурен Абаев, Марат Бекетаевты  және боксшы Қанат Ислам мен актриса Әсел Сәдуақасованы марапаттады.

«Отан» орденімен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев және Ақтөбе облысындағы «Степное» ЖШС директоры А.Төлеуов марапатталды. ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директорының Қазақстан Республикасы Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қ.Қабылдинге, Қазақстан Президентінің көмекшісі Н.Онжановқа және жазушы Ә.Сарайға берілді.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, бұрынғы Бас прокурор, Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов, Әділет министрі М.Бекетаев, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, «М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры» РМҚК әртісі М.Өтекешева «Парасат» орденімен марапатталды.

«Құрмет» орденімен белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндіріс пен әлеуметтік сала өкілдері марапатталды. Олардың қатарында «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Қастек орта мектебі» КММ мұғалімі Б.Бердікенова, боксшы Қ.Ислам, «Павлодар облыстық балалар ауруханасы» КМК дәрігері Т.Мүтішев, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, киноактриса Ә.Сәдуақасова бар.

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат қорытушысы И.Китаев иеленді.

«Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi» атағы «Астана Балет» театры» ЖШС бас балетмейстері М.Абубахриеваға және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Ж.Мәлібекұлына берілді.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

ІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне Аумақтық қорғаныс бас басқармасының бастығы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері аумақтық әскерлерінің бастығы С.Қамалетдинов және Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы А.Каскеленов ие болды.

ІІ дәрежелі «Айбын» ордені Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің командирі Ж.Ермұхановқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы қызметі Терроризмге қарсы орталығының штаб бастығы Ж.Сайполдаевқа табыс етілді.

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік «Айбын» полкі әскери бөлімінің бөлімше командирі Е.Жақаев марапатталды.

Бұдан бөлек, «Ерлігі үшін» медалі Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Р.Базарбаевқа және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басқарма басшысының орынбасары А.Югайға табысталды.

 




Сонымен қатар:
Яндекс.Метрика