Нұрсұлтан Назарбаевқа төрт елдің елшілері сенім грамоталарын тапсырды (ФОТО)

Ақордада Корея, Сербия, Румыния мен Индонезия мемлекеттерiнiң Қазақстандағы елшiлерi ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа сенiм грамоталарын тапсырды.
30 Мамыр 2017

Салтанатты шара барысында ҚР Президентіне сенім грамотасын Корея Республикасының ҚР-дағы елшісі Ким Дэ Сик, Сербия Республикасының ҚР-дағы елшісі Владан Матич, Индонезия Республикасының ҚР-дағы елшісі Рахмат Прамоно және Румынияның ҚР-дағы елшісі Чезар-Маноле Армян тапсырды.

Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің басталғанымен құттықтап, олардың қызметі мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатынына сенім білдірді.

«Сіздерді елші ретінде жоғары лауазымды қызметке  тағайындалғандарыңызбен құттықтаймын. Жақында ғана Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығын атап өттік. Біз жас мемлекетпіз, алайда көптеген қиындықтарды басымыздан өткердік. Бүгінде біз әлем картасында лайықты орын алып отырмыз. Біз жаңарудың және дамудың екінші кезеңіне өттік. Бүгінде мен елімізді жаңғыртудың үшінші бағдарламасын жарияладым. Елімізде индустрияландыру бойынша бағдарлама жүзеге асырылуда. Біз бай мемлекетпіз, баламалы экономика үшін индустрияны салудамыз, рухани жаңғырту  талаптары аясында жастарды тәрбиелеп жатырмыз. Әрине, мақсат әлемнің дамыған 30- елінің қатырынан көріну», - деді Елбасы.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан егемендік алған алғашқы күннен бастап әлемнің барлық елдерімен сындарлы саясат жүргізіп келеді.

«Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы негізгі серіктесінің бірі. Мен Сеулге былтырғы қарашадағы мемлекеттік сапарымның нәтижесін жоғары бағалаймын. Қазақстан экономикасы үшін Оңтүстік Корея өңірдегі ірі инвестордың бірі болып саналады. Қазақстан дипломатиясының күш-жігері Солтүстік Кореяға қатысты мәселені тек бейбіт келіссөздер арқылы шешуге бағытталған. Мен осы өңірде бейбітшілік орнайтынына сенемін. Екіжақты ынтымақтастықты барлық салада одан әрі дамыту жолдарын талқылау үшін Президент Мун Чже Иннің Қазақстанға сапармен келуін күтеміз. Сонымен қатар, Қазақстан мен Индонезия арасындағы қарым-қатынастың дамуында ілгерілеушілік бар, саяси және халықаралық мәселелерге қатысты Астана мен Жакартаның көзқарастары ұқсас. Елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытудың әлеуеті жоғары және бұл бағыттағы үкіметаралық жұмысты жолға қою қажет. Бұдан басқа, Қазақстанның Сербия Республикасымен қарым-қатынасы жүйелі әрі дәйекті түрде дамып келе жатыр. Елдеріміздің байланысын нығайтуға соңғы екі жылдағы жоғары деңгейде өткен сапарлар тың серпін берді. Екіжақты саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор. Сондай-ақ, Қазақстан Румыниямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән береді. Румын экономикасының энергетика саласына еліміз салған инвестиция мемлекеттеріміз арасындағы кооперацияның айшықты айғағы. Астана мен Бухарест арасындағы ынтымақтастықты серіктестіктің жоғары деңгейіне көтеруге мүдделіміз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қайрат Жандыбаев

 




Сонымен қатар:
Яндекс.Метрика