Қазақстан мен Өзбекстан басшылары Астанада келіссөз өткізді

Өзбекстан Президентінің Қазақстанға жұмыс сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевпен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
29 Сәуір 2017

Кездесуде өзбек көшбасшысының Қазақстанға биылғы наурыз айындағы мемлекеттік сапары барысында екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы өткен кездесуден бері екі ел арасындағы іскерлік белсенділік артып отырғаны байқалатынын атап өтті.

«Биылғы бірінші тоқсанда экономиканың түрлі саласындағы іскерлік өзара қарым-қатынастың деңгейі артты. Осы орайда, көлік-логистика саласын, автоөнеркәсіпті, сондай-ақ кең ауқымды мәселелерге қатысты өңірлік ынтымақтастықты атап өтуге болады. 2017 жылғы алғашқы үш айда тауар айналымы 37%-ға өсті», – деді Қазақстан Президенті.

Ш.Мирзиёев тығыз екіжақты кездесулер мемлекетаралық қарым-қатынастың тиімділігіне тікелей ықпал етіп отырғанына назар аударды.

«Биылғы наурыз айындағы сапардан соң біз бірлескен жұмыстардың барлық бағыты бойынша жол картасын қабылдадық. Министрлер, өңірлер басшылары деңгейіндегі кездесулер жиіледі», – деді өзбек көшбасшысы.

Өзбекстан Президенті Ресей Федерациясынан мұнай тасымалдау мәселесіне байланысты қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Соңында екі ел басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың оң қарқыны сақталып, одан әрі дами беретініне сенім білдірді.




Сонымен қатар:
Яндекс.Метрика