Н.Назарбаев: Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылында күрделі қалыптасу жолын жүріп өтті

Ширек ғасыр – тарихи уақыт, ол қазіргі заманғы әрбір жас ұлттың перспективасы мен әлеуетін айқындайды, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана клубының отырысында.
14 Қараша 2016

«Бір айдан кейін  Қазақстан  Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлайды.  Бұл мерейтойға еліміз өте белсенді дайындалып жатыр. Қазақстан алғаш рет әлем картасына енген кез біз үшін өте құнды. Тәуелсіздік – біздің халық үшін өте маңызды жетістік. Ширек ғасыр - тарихи уақыт,  ол қазіргі заманғы әрбір жас ұлттың перспективасы мен әлеуетін  айқындайды», - деді Н.Назарбаев.

Президент айтып өткендей,  Қазақстан Тәуелсіздіктің  25 жылында  қалыптасу жолын жүріп  өтті.

«Біз бұрынғы  КСРО-ның  15 республикасының аутсайдерлер қатарында болдық,  көптеген аспектілер бойынша біз нашар жағдайда тұрдық. Бізде мемлекет, институт, ақша және резерв қорлары болмады. Барлық өнеркәсіптік қуаттылықтар  Мәскеудегі орталық ведомствоның қарамағында болды. Қазақстан  өз әлеуетінің  15 пайызын басқарды. Біз адамдардың өмір сүру деңгейі, әлеуметтік даму салалары бойынша артта қалдық.  Біз барлығын жаңадан бастадық. Бізде қуатты саяси жігер болды, тәуелсіздігі бар гүлденген ел құруға ұмтылдық. Осы жылдары бейбітшілік пен тұрақтылықты 100 ұлттың өкілі мен 20 діни конфессия  біріккен елде сақтап қалдық», - деді Елбасы.

Астанада  Астана клубының екінші  отырысы өтуде. Шараға  әлемнің  50 үздік сарапшысы мен саяси және қоғам қайраткерлері мен 21 елдің ғалымы, қазақстандық сарапшылар қатысып жатыр.

Айта кетейік, Астана клубы – халықаралық пікірталас алаңы,  ол 2015 жылы Тұңғыш Президент қорының  жетекші халықаралық ғылыми орталықтардың бірігуімен құрылған болатын. Ең алғашқы отырыс  2015 жылдың қарашасында өтті, шараға  15 елдің  47 сарапшысы қатысты.

Ботагөз Айтжанова




Сонымен қатар:

Дерекнама

Яндекс.Метрика