Сараптама

«Өзін-өзі қамтығандар»: кімдер, олар кімге сенеді?

Эксклюзив
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауында Қазақстанның еңбек нарығындағы айырықша топқа баға бергені бар. Президент ресми құжаттарда «өзін өзі қамтығандар» деп аталатын әлеуметтік топты экономикаға пайдасы мол болатын күш ретінде бағалаған. Жолдауда «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады» делінген еді. Дегенмен, «өзін-өзі қамтығандар» деп аталатын топтың қандай категорияға жататынына, әлеуметтік-экономикалық саясатта қандай рөл атқаратынына бір жақты баға беру қиын.
Астана қаласы07 Наурыз , 10:38

Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» туралы заңында өзін-өзі қамтығандар  жайлы  арнайы анықтама берілгені рас. Заңда: «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – табыс алу үшін тауарлар өндірумен (өткізумен), жұмыстар мен қызметтер көрсетумен дара айналысатындар, өндірістік кооперативтер мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілердің еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері қатарындағы жеке тұлғалар» деп көрсетілген.

Яғни, «өзін-өзі қамтығандар» деп көбіне көтерме  жұмыстармен айналысатындарды,  фрилансерлерді, жалдамалы қызмет көрсетушілерді,  жеке көліктерімен такси қызметін атқаратындарды және басқа да жұмыстарды атқаратындарды, бірақ атқарған қызметтері қандай да бір ресми құжатта  көрсетіле қоймайтын,  салық төлемейтін, зейнатақы жарнасын аудармайтын, қысқасы «бүгінгі  күнмен ғана өмір сүретін» адамдарды атауға болады.

Жас әлеуметтанушы, марқұм  Дәуренбек  Күлейменов  өзінің «Еңбек  нарығында бейресми  жұмыспен қамту:отбасылардың  өмір сүру стратегиясы» атты ғылыми мақаласында «өзін өзі қамтығандар»  мәселесін «бейресми жұмыспен  қамту» деп атаған.

Әрі  қазақстандық еңбек нарығында соңғы жылдары қалыптасқан өзін-өзі қамтудың жаңа түрлерін сипаттайды. Ғалымның  пікірінше Қазақстанда қазір  фрилансер (freelancer), өзін-өзін жұмыспен қамтушы (self-employed), тележұмыскер (teleworker), үйдегі  жұмыскер (home-worker), портфелдік жұмыскер (portfolio worker) деп аталатын   қызметкерлер пайда болған.  Әдетте, фрилансерлерді  қандай да бір  кәсіп шеңберінде  жоғары  дәрежелі қызмет көрсететін адамдар ретінде бағаласа,  өзін-өзі жұмыспен қамтушы деп ешбір ұйымның қызметкері болып саналмайтын, бірақ қызмет көрсету   мен  тауар өндіру  салаларында  өз бетінше  еңбек етіп, табыс табатындарды атайды. 

Ал тележұмыскер деп қандай да бір жұмысты атқаруға арнайы тапсырыс алып, оны  қашықтан орындаушыларды атап көрсеткен Д.Күлейменов. Мұндай қызметкерлер көбіне ақпараттық-байланыс технологияларын  пайдаланады. Тағы бір топ   үйде жұмыс істейтіндерден құралып отыр. Қазақстан нарғында интернет арқылы  өздері жасаған  тағамдарды, тәттілерді, түрлі қолөнер, тоқыма  бұйымдарын сататындар аз емес. Олар көп жағдайда үйде отырып жұмыс істейді. Қысқасы,  «өзін-өзі қамтушылар» деп аталатын категорияның  аясы кеңіп,  қамтитын әлеуметтік топтарының қарасы көбейіп келеді.  Демек,  еңбек нарығындағы осы  өзгерістерді әмбебап түрде  қамтитын құқықтық-нормативтік  құжаттар қажет  болып отыр. Онсыз мемлекеттің  кейбір реформалары дұрыс жүзеге аспауы мүмкін.

Олар кімдер?

Жалпы, әлемде  «өзін өзі қамтушылар»  дейтін категория бойынша  жұмыс істейтін азаматтар саны  аз емес. Қазақстанда  мұндай топқа кіретін адамдар саны  еңбек күшінің  26 пайызын құраса,  дәл осындай  көрсеткіш Италия мен  Кореяда бар. Оларда да 25-26 пайыз. Ал АҚШ пен Канадада  мұндай топқа кіретіндер 10 пайыз, Жапония, Финляндия мен Ұлыбританияда 15 пайызды құрайды. Алайда,  дамыған елдердегі «өзін өзі қамтығандар»  мәселесі мен  посткеңестік  елдердегі жағдайды  салыстыру қиын.  Қазақстанда  өзін-өзі қамтығандар санының күрт өскен кезеңі 1991-2001  жылдар аралығына  сәйкес келеді. 1991 жылы   мұндай категорияға  кіретін адамдар саны 327 мың болса, 2001 жылы 2,8 млн-ға жектен.  Яғни сегіз еседен астам өсіпті. Ресми түрде «өзін өзі қамтығандар»  деген баға  берілгенімен   осынау топтың ішінде  жұмыссыздар көп екендігін аңғару қиын емес. 

Ауылда, қорасындағы бірнеше  бас малының өніміне қарап отыратындар да,  көтерме жұмыспен айналысатындар да,  жеке кәсіпкерлер де өзін-өзі қамтығандардың қатарына кіріп  отыр. Абырой болғанда 2010 жылдан бері қарай «өзін-өзі қамтығандар» саны сәл азайған. Сөйтіп, еңбекке  қабілетті  халықтың  26 пайызын құрапты. Әрине елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруы  «өзін-өзі қамтығандар» санын азайтуға әсер еткені жасырын емес. Алайда, әлі күнге  нақты есеп жоқ тәрізді. Өйткені,  2018 жылдың қаңтарындағы есеп бойынша елде әлеуметтік статусы нақтыланбаған 2,7 млн  адам  тіркеліпті. Олардың 1,14 миллионы бейресми түрде  жұмыспен  қамтылғандар болса, 1,5 млн адам  жұмыссыздар  мен «тиімсіз» өзін-өзі қамтитындардың қатарына кірген. Соңғылар ресми түрде «өзін-өзі қамтитындар» деп аталғанымен нақты табыстары тым төмен адамдар. Олар кейде айлап, жылдап бір тиын да табыс таппауы мүмкін.

Д. Күлейменов қазақстандық еңбек нарығында  өзін-өзі қамтамасыз ететіндер  қызмет көрсету саласында  көп екендігін атап өткен.Еңбек  нарығындағы өзге екі сала – ауыл шаруашылығы мен  өндірістік секторда өзін-өзі қамтамасыз етушілер аз.

Бірақ, еліміздегі ауылдардың басым көпшілігінде ресми қызметі жоқ, қорасындағы  малына ғана қарап отырған, маусымдық жұмыстар үшін ірі қалаларға ағылатын азаматтардың мол екендігін ескерсек, ауыл шаруашылығы саласындағы өзін-өзі қамтушылардың нақты санын анықтау қажеттілігі туындайды. Әрине, бұл жерде саланың өзі емес, ауылдық жерлердегі «өзін-өзі қамтамасыз етушілерді» түгендеу керек. Ал, өзін-өзі қамтамасыз етушілер ең көп кездесетін  қызмет көрсету саласына келсек, аталған сектордағы жағдай бөлек, әрі тез өзгеріп келе жатқан сыңайлы.

Әлеуметтанушы қызмет көрсету саласындағы бейресми жұмыспен  қамтудың өзін  шартты түрде үш топқа  бөлген.  Бұлардың алғашқы тобына «қарапайым» қызмет көрсетумен айналысатын  жұмыскерлер кіреді. Олар - үй шаруашылығымен айналысатындар,  жеке такси қызметін атқаратындар,  жүк тасымалдауышлар,  ғимараттарды жалға берушілер,  жалдамалы  жұмыскерлер,  бала бағу,  үй тазалау қызметтерін атқаратындар.

Екінші  топқа Д.Күлейменов  бейресми саудамен айналысатын адамдарды қосыпты. Заңсыз сауда жасайтындар,  контрафактіі өнім сатушылар, үй шаруашылығы өнімдерін сататындар,  желілік маркетингпен айналысатын адамдар, саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлер ос ытопқа кіреді. Үшінші топқа  «интеллектуалды» қызмет көрсететін адамдар кіреді. Олардың қатарында  жеке сабақ беретін оқытушылар, тренинг өткізушілер,  диллерлер,  тележұмыскерлер,  фрилансерлер, аудармашылар  бар. Жалпы, алғанда  өзін-өзі қамтамасыз етушілердің  басым көпшілігі қарапайым және сауда саласында қызмет көрсетумен айналысатыны анық дүние. Ал үшінші «интеллектуалды» қызмет көрсететін адамдардың құрамы бірдей емес. Олардың бір бөлігі өзін-өзі қамтамасыз ететіндер категориясына енетін болса, бірқатары ресми қызметі бар,  жұмыспен қамтылған азаматтар. Олар зияткерлік қызметті  қосымша табыс  көзі ретінде қарастырады. Сондықтан,  қызмет көрсету секторындағы өзін-өзі қамтамасыз етушілерге нақты баға беру күрделі.

Реформалар оларға қалай әсер етеді?

Өзін-өзі қамтамасыз етушілердің еліміздегі кейбір реформалардың жүзеге асырылуын тежеген тұсы болған. Әсіресе, қызметін бастау мерізімі 2020 жылға шегерілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесіне қатысты мәселеде өзін-өзі  қамтамасыз етушілердің статусы ашық қалды. Әрі  олардың сақтандыру қорына қаржы аударуға  көндіру  механизмі сол күйі  жасалмады. Себебі, Қазақстанда   өзін-өзі қамтамасыз етушілер зейнетақы, медициналық сақтандыру қорларына қаржы аудара қоймайды.

Рас, жинақтаушы  зейнетақы жүйесінде  өзін-өзі қамтамасыз етушілер мен  жұмыссыздарға қатысты белгілі  ережелер қарастырылғанымен,  міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру жүйесіне  байланысты олай  деуге келмейді. Мемлекет  өзін-өзі  қамтамасыз етушілердің барлығын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қаржы аударудан босата алмақ емес. Сол себепті, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі әзірге қызметін  бастай қойған жоқ. Ал өзін-өзі  қамтамасыз етушілер  жинақтаушы  зейнетақы  жүйесіне де тым салғырт қатысты,  әлеуметтік  төлемдер жүйесінде  де  мәселе аз емес.

Мемлекет   әсіресе апуылды жерлердегі  өзін-өзі қамтамасыз етушілердің жеке кәсіпкерлік  субъектісі  ретінде тіркелуге шақырғанымен,  азаматтар тым немқұрайлы қарауда.  Олар жеке кәсіпкер болып тіркелуден  гөрі,  қосалқы шаруашылық жүргізе бергенді құп көруде. Бұл өз кезегінде ауылды жерлердегі өзін-өзі қамтамасзы етушілердің салық жүйесіненен де тыс қалғанын байқатады.  Дегенмен, салық төлемейтін өзін-өзі қамтамасыз етушілер  тек ауылдықтар емес,  интернет арқылы  табыс табатын «үйдегі  жұмыскерлер» басым көпшілігі мен «интеллектуалды қызмет»  көрсететін азаматтардың біраз бөлігі  салық  төлей қоймайды. Айталық, аударма жасаушылар табыс салғын төлемейді. Өйткені,   олар тапысырысты аударма  бюроларынан алады. Ал интернет арқылы  түрлі тағам сататындардан салық талап ету де қиын.

Өйткені, олар көп шаруаларын  үйде отырып атқаруда. Одан бөлек желілік маркетингпен айналысатындардың салық  төлей қоярына сенім аз. Ең бастысы өзін-өзі қамтамасыз етушілердің  зейнетақы жүйесіне қатысуы,  міндетті әлеуметтік  медициналық жарналарын төлей қоюы екіталай. Мәселенің бәрі осыған келіп тіреліп тұр. Өйткені,  зейнетақы мен  медициналық сақтандыру  азаматтардың өздері үшін қажет екендігі анық. Алайда, өзін-өзі қамтамасыз етушілерді осы жүйелердің тиімді екендігіне сендіре алмадық.  Ал  Еңбек және халықты әлеуметтік  қорғау министрі Мәдине Әбілқасымова өзін-өзі қамтамасзы етушілерден салық жинау турасында  айтқаны бар. Біздіңше мұндай мәлімдемелер  өзін-өзі қамтамасыз етушілерді мемлекеттік реформалардан тіптен  қашық жүруге  итермелейді. Онсыз да мемлекеттік саясатқа толық сенім білдірмей жүрген  осы  топты үркітіп алуға болмайды.

«Өзін-өзі қамтамасыз етушілер» деген ұғымның өзі көлеңкелі  экономикаға қатысты.  Өйткені, бұл топқа кіретін азаматтар салық төлемейді, зейнетақы қорына жарна жинамайды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қаржы аудармайды. Сонымен қатар олар еңбек қатынастарына байланысты  заңдармен де қорғалмаған. Жұмыссыз ретінде тіркелмей, мемлекет тарапынан ұсынылатын  жұмыс орындарына бармайтындар әдетте  мемлекеттік саясатқа  күмәнмен қарайтындар. Сондықтан, өзін өзі қамтығандар санын азайту үшін азаматтардың  мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған шараларға назар аударған жөн.

Кезінде Г. Қарағұсова  Еңбек және хаоықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған кезінде  өзін-өзі қамтитындардың қорасындағы сиыры мен тауығын да есептеу бастамасын көтергені бар. Сөйтіп, олардың  орташа табысын анықтағысы келген. Әрі   оларға  әлеуметтік жәрдемақы төлемеуді алға   тартқан. Алайда,  ол бастама сәтті бола қойған жоқ. 

Жалпы, өзін-өзі қамтамасыз ететіндердің әлеуметтік  статусын анықтау, олардың табысын есептеу бүгінде маңызды болып тұр. Олар қандай табыспен күн көріп отыр,  болашаққа деген көзқарастары қандай, міне  осыған ұқсас көптеген мәселе бар. Кешенді зерттеу жасалғаны дұрыс. Осыдан біраз бұрын  Германияға көшіп кеткен  бұрыңғы отандасымызбен тілдескем. Ол Германияға барған соң  алты ай арнайы  бейімдеу орталығында  болыпты.

Сол орталықта жүрген кезінде  арнайы жәрдемақы  қарастырылған екен. Қазақстандағы мүлкін сатқаннан түскен  пайдасына күн көрген әлгі азамат,  жәрдемақыны 4 ай бойы алмапты. Сөйтсе,  бір күні  полция қызметкерлері келіп,  қалай күн көріп жатқанын, немен айналысып жүргенін, не себепті жәрдемақыны  алмағанын сұрап, тергеп-тексерсе керек. Неміс билігінің көзқарасы бойынша жәрдемақы алмаған адамның заңсыз  кәсіппен айналысуы мүмкін көрінеді. Соны  сұрастырыпты. Міне, бұл мысал дамыған елдерде өзін-өзі қамтитындардың ұдайы бақылауда болатынын көрсетедеді. Бізде әзірге олай болмай тұр.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жағдайды өзгертуі мүмкін

Мемлекет  басшысы  Нұрсұлтан  Назарбаевтың 5 наурызда Парламент  палаталарының бірлескен отырысында  жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінің  өзін-өзі қамтамасыз етушілерге  тікелей қатысты тұстары да бар. Рас,  «5 бастаманың» өзі  елдегі әлеуметітк жағдайды жақсартуға бағытталғаны сөзсіз. Ең бастысы  халықтың  келешекке деген сенімін нығайтары анық. Дегенмен, біздің тақырыпқа  тікелей қатысы бір  бір-екі мәселеге тоқталсақ, біріншіден салық жеңілдігіне қатысты болып тұр. Өзін-өзі қамтамасыз етушілердің басым көпшілігі салық төлемейтінін айтқанбыз.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелса салық көлемі ұлғайып кететіндігінен де қауіптеніп келген. Енді атқарушы органдар дұрыс түсіндірер болса, «5   бастама»  арқылы  өзін-өзі қамтамасыз етушілерді салық, зейнетақы және  медициналық сантандыру  жүйесіне сеніммен қарауға үйрету мүмкіндігі бар. Президент «Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын.Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек», -деді.

Бұл дегеніңіз 60 мың теңгеден аспайтын табысы бар адамдар айына тек 600 теңге көлеміде ғкана салық  төлейді деген сөз. Екіншіден, Президент «Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады»,-деді.

Алайда, 2017 жылы 32 млдр теңге  көлемінде 7200 несие берілгенін айтты. Бұл тым аз. Сондықтан,  несие беруді көбейтуді тапсырды  Президент. Шағын несиеге арналған сома 62 млрд теңгеге жетіп, 14 мың адамға берілмек екен. Әрине,  тәуір бастама.

Егер Президенттің айтқандарын  жүйелі  түрде жүзеге асырар болсақ,  өзін-өзі қамтамасыз етушілердің мемлекетке деген сенімі артары анық. Сенім бар жерде  ғана мемлекет жасап жатқан реформалар жүзеге аспақ. Онсыз мүмкін емес.  Дегенмен,  аталған проблеманың экономикалық, әлеуметітк, психологиялық және мәдени астарын анықтап алмайынша   жағдай өзгере қоярына сену  қиын. Әзірге  өзін-өзі қамтамасыз етушілерге қатысты  экономикалық және әлеуметтік себептер айтылып жүр. Бірақ, толық емес. Сондықтан, кешенді әлеуметтанулық  зерттеу қажет болып тұрған жайы бар.

Амангелді Құрмет




Яндекс.Метрика