Үкімет

Күз түскенде дірілдеп, жұмысымыз жүрмей қалып жүрмесін – Б.Сағынтаев

Үкіметтің кезекті отырысы игерілмеген қаржының жағдайына арналды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев министрлер мен әкімдерге бөлінген қаражатты жылдың соңына дейін емес, қазір игерулері керектігін жеткізді. Премьер баяндамашыларды нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқаны бойынша сұрақтың астына алды. Қазақстан экономикасының өсімі қаңтар-тамыз айларында оң тенденцияны сақтап тұр. Сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы11 Қыркүйек , 12:03

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ЖІӨ өсімі есептік кезеңде  3,8 пайызды құрады. Инфляция деңгейі  2017 жылдың осы мерзіміне қарағанда әлдеқайда жақсы.  Жыл басынан бері  ол  2,9 пайызды құрап, инфляция  6 пайызға тең болды.

«8 айда өнеркәсіп өнімі  4,7 пайызды құрады. Жыл бойынша мақсатты индикатор  3,3 пайызды құрап отыр. Өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім  4,8 пайызды құрады. Мақсатты көрсеткіш – 5,1 пайызға тең», - деді Т.Сүлейменов.

Министр айтып өткендей, ауыл шаруашылығы  өнімін шығарудың өсімі  2,4 пайызды құрады, мақсаттық көрсеткіші – 3,6 пайыз. Бұл көрсеткіш  7 айда  3,5 пайыз көрсеткішке ие еді. Баяулаудың себебі, өсімнің  1,5 пайызға төмендеуі және Ақмола және Павлодар, СҚО, ШҚО облыстарында астық жинаудың азаюына қатысты болып отыр.

Құрылыс саласына келетін болсақ, оның мақсатты көрсеткіші  3,6 пайызды құрап, 0,8 пайызға артты.

«Көрсетілген қызметтер өндірісі ағымдағы жылғы қаңтар-шілдедегі 3,8% (үш те сегіз проценттен) 3,7% (үш те жеті процентке)дейін аз ғана бәсеңдеді. Нысаналы көрсеткіш 4,1% (төрт те бір процентті) құрайды. Бұл ақпарат және байланыс қызметтерінің 0,7 проценттік тармаққа 4,5% (төрт те бес процентке) дейін (а.ж. 7 айда – 5,2%), ғылыми және техникалық қызмет 0,2 проценттік тармаққа 2,5% (екі де бес процентке) дейін (а.ж. 7 айда – 2,7%) өсу қарқындарының бәсеңдеуімен тұсіндіріледі», - деді Т.Сүлейменов.

Сонымен қатар, сауда 5,8% (бес те сегіз процентке) өсті (нысаналы көрсеткіш 3,9%), көлік – 4,8% (төрт те бір процентке) өсті (нысаналы көрсеткіш 4.8%).

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,4% өсті, оның ішінде жеке инвестициялар – 26,8%. Қаңтар-шілдеде өсу сәйкесінше 23,7%. Бәсеңдеу байқалып отыр. СҚО-да (-0,9%), БКО-да (-2,8%), Түркестан (-3,4%) және Қызылорда (-6,1%) облыстарында өнеркәсіп өнімдері өндірісінің төмендеуі байқалады. 1,1% 3,9% (үш те тоғыз процентке) дейінгі динамикасымен, республикалық мәннен (4,7%) төмен өсу Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды  облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелді», - деді Т.Сүлейменов.

Министр айтып өткендей, жылдың басынан бері жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынын ескере отырып, 4,0% мақсаты қол жетімді болып қалады. Алайда, фармацевтика, тамақ және сусын өнімдерін өндіру, мұнайды өңдеу, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда насаналы өсу қарқындарына қол жеткізілмеу мүмкін.

Өз кезегінде, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев  министрдің баяндамасында барлығы жақсы екенін, бірақ өңірлерден келген көрсеткіштер басқаша  болып отырғанын жеткізді.

«Өндірісті қарайтын болсаңыз, 11 өңір республикалық деңгейден төмен тұр. Қай жерден жағымды үрдіс көріп отырсыз? Сондай-ақ, құрылысты, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды қараңыз. Төрт-ақ өңір республикалық деңгейден жоғары тұр. Бұл деген не? Егер негізгі капиталға инвестициялар салынбаса, онда өндіріс дамымайды. Сіз бұны қалай жағымды деп айтасыз? Бірінші кезекте, өзіңізге талап қою керек. Содан барып, , басқа жұртқа ақыл айтыңыз», - деді  Бақытжан Сағынтаев.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев  инфляция 2018 жылғы қаңтар-тамызда 2,9% болды, бұл өткен жылғы осындай кезеңнің көрсеткіштерінен төмен екенін мәлімдеді.

Ол халық арасында сауалнама жүргізу нәтижесі бойынша тамызда бір жыл алға күтілетін инфляцияны сандық бағалау ағымдағы жылдық инфляция деңгейімен іс жүзінде теңесіп, 5,9% деңгейінде екендігін атап өтті.

«Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалауы бойынша, ағымдағы жылы инфляция 5-7% нысаналы дәлізде сақталады. Алайда соңғы бірнеше айда инфляцияның Ұлттық Банк осыған дейін бағалағанынан баяу төмендеу тәуекелдері өсті. Инфляция 2019 жылы нысаналы дәліздің жоғары шегіне жуық қалыптасады, оны Қазақстан Ұлттық Банкі 4-6% деңгейінде айқындады. Бұл сыртқы факторлар әсеріне, сондай-ақ ішкі жиынтық сұраныстың кеңеюіне байланысты. Осыған орай инфляцияны нысаналы дәлізде сақтау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет», - деді Д.Ақышев.

Ол жыл басынан бастап базалық мөлшерлеменің 10,25%-дан 9%-ға дейін төмендетілгенін атап өтті. Егер инфляция тәуекелі бойынша бағалау дұрыс болса, Қазақстан Ұлттық Банкі жыл соңына дейін ақша-кредиттік талаптардың қатаңдауын жоққа шығармайды.

Сондай-ақ,  төраға  валюта нарығында теңге бағамы жыл басынан бері 10 қыркүйек аралығында 13,8%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 378,11 теңге болғанын жеткізді.

 Ресей рублінің жыл басынан бері 22%-ға құлдырауынан басқа дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына елеулі әлсіреу факторы теңге бағамына әсер етуде.

Ол жыл басынан бастап Аргентина песосы 2 есе, Түрік лирасы 69%-ға, Бразилия реалы 23%-ға, Оңтүстік Африка ранды 23%-ға, Үнді рупийі 12%-ға, Қытай юані 5%-ға әлсірегенін атап өтті.

«Қазақстан Ұлттық Банкі валютаға сұраныс оған ұсыныстан айтарлықтай асқанда бағам ауытқуын реттейді, алайда тұтастай алғанда, іргелі үрдіске кедергі келтірмейді. Ағымдағы кезде бұл бағамның құбылуына әкеледі, ал ұзақ мерзімді аралықта макроэкономикалық тұрақтылықты және төлем балансының орнықтылығын қамтамасыз етеді. Ағымдағы жағдай қаржылық тұрақтылыққа және банктердегі ахуалға қауіпті емес», - деді Д. Ақышев.

Сондай-ақ Д. Ақышевтың айтуынша, банктерді қалыпқа келтіру бағдарламасы кредиттеуді одан әрі ынталандыруға ықпал етеді, ол кезде мемлекеттің қатысуының орнына акционерлер 1-ге 2 пропорцияда толық капиталдандыруға тиіс. Банктер алған қаражат «нашар» кредиттерді есептен шығаруға жұмсалды, бұл оларға экономиканы кредиттеу үшін қаржыны босатуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде 1,3 трлн теңге қайта қаржыландырылды, оның 500 млрд теңге сомасына жаңа кредит берілді.

«Тәуекелге бағдарланған қадағалауды ендіру шеңберінде қалыпты банктер үшін 2019 жылдан бастап жеңілдіктер қолданылады. Халықаралық нарықтардан қаражат тартуды шектеу бойынша кейбір нормативтердің күші жойылды. Банктерді қорландыруды ұзартатын жинақ депозиттері енгізілді. МЖК дамыту үшін жобаларға қатысатын кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін банктердің кредиттер

Ал, 8 айдың қорытындысы бойынша бюджеттің негізгі көрсеткіштері елеулі жақсарғанын экс-Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтып өтті. Мемлекеттік бюджетке трансферттерді есепке алмағанда 5 трлн. 252 млрд.теңге кіріс түскен.

«Бұл сома 2015 жылдың жалпы жылдық көлемінен 74 млрд.теңге артық. Бюджеттердің барлық деңгейінде кірістер бойынша ағымдағы жоспарлар артығымен орындалды: мемлекеттік бюджет – 104,7%, республикалық бюджет –103,7% және жергілікті бюджет – 107%. Нақтыланған жоспардың жылдың аяғына дейін толық орындалуына ешқандай кедергілер жоқ. Шығыстар есепті кезеңде 7 трлн.439 млрд.теңге сомаға атқарылды. Олардың ішінде 55%-ті әлеуметтік салаға жіберілді», - деді Б. Сұлтанов.

Министрдің  айтуынша мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 116,4%-ке өскен.

«Кірістердің өсуіне экономиканың барлық салаларында макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы, оның ішінде мұнай мен металл бағасының өсуі себеп болған. Сондай-ақ, салықтық-кедендік әкімшілендіру рәсімдерінің жақсаруының тиімділігі де өсіп келе жатыр», - деді ол.

Сонлдай-ақ,  министр  жалақы бір қалыпты қарқынмен өсіп жатқанын айтты. Биылғы жылғы қаңтар-шілдеде орташа айлық жалақы 157,7 мың теңгені құрады және нақты мәнінде 2,3 пайызға өскен.

Б.Сағынтаев қаржыны игермей жатқан органдардың қаражатын  толық алып қоятынын айтты.

«Қайта қарау кезінде бюджеттен бәрін алып қоямыз. Өкпелемеңіздер. Ауыл шаруашылығы министрлігі 10,9 млрд теңге», - деді Б.Сағынтаев.

Премьердің бұл сөзіне Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев жауап қатты.

«Бюджет – 355 млрд теңге, 10,9 млрд-ы  сегіз айда игерілмеген. Оның ішінде 5 млрд теңгеден астамы су шаруашылығына атқарылуға қойылса, содан кейін ғылым жағына. Білім министрлігіне маусым айында, содан кейін шілде айында екінші рет өтінім берілді. Ол жерде 90 күн қаралады. Қалай біз қысқартамыз? Қайта-қайта хабарласамын, олармен сөйлесемін. Мүмкін тәртібін өзгерту керек шығар, қалай 90 күн?», - деп жауап берді Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев.

«Сіз Үкімет басшысының орынбасарысыз, министрге қарағанда сіздің лауазымыңыз жоғары. Шақырып алыңыз, қарап шығыңыз. Берілген ақша игерілуі керек. Ғылымға деп ақша аласыздар, игерілмей жатады. Сонда не үшін ақша беріледі?» – деді Премьер-Министр.

Б.Сағынтаев бірқатар өңір әкімдері мен министрлік басшыларына қатаң ескерту жасап, қорытындысында, баяндамашылардың  тағы да қосымша уәделерін алғанын айтты. 

«Елбасының   қойған тапсырмасы  өсім  4 пайыздан төмен болмауы керек. Қазір  ол 3,8 пайызды құрап отыр.  Жылдың соңына дейін  4 пайызбен аяқтау үшін,  4 айда 4,2 пайызбен өсіммен жұмыс істеу керек. Жұмыс күрделенді.  Белгілі  мысалдағыдай, жаздай шегіртке ұқсап ән салып, шырылдап, күз түскенде дірілдеп, жұмысымыз жүрмей  қалып жүрмесін. Тамыз айында демалыс болды,жұмыс жүрмеді. Қолайсыз және сыртқы факторды есептеген кезде де,  бізде барлық мүмкіндік бар. Әріптестер, өңірлердегі мән-жайды анықтап, тиісінше атқармаған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырамын.   Қабылданған шаралар мен жазалау туралы құжат бір апта ішінде Премьер-Министр кеңсесіне жолданатын болсын», - деді Б.Сағынтаев.

Премьер–Министр  Ұлттық экономика министрлігі мен Премьер-Министрліктің кеңсесі  квазимемлекеттік  және «Атамекен» ҰКП-мен   бірігіп қыркүйектің соңына дейін селекторлық кеңес  өткізуді тапсырды. Оның мақсаты   Елбасының тапсырмасын орындау,  жылды 4 пайыздық  өсіммен аяқтау және  5 әлеуметтік бастаманың орындалуы мен сессиялар кезінде жүктелген тапсырмаларды  жүзеге асыру.

Аягөз Құрмаш

 




Яндекс.Метрика