Халықаралық интеграция

Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді

Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлемде07 Маусым , 20:29

Нұрсұлтан Назарбаев Ли Кэцянді Қытай Мемлекеттік кеңесінің Премьері лауазымына тағайындалуымен және Қытай Халық Республикасы Компартиясының ХІХ съезінің табысты өтуімен құттықтады.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы саяси және экономикалық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгеніне тоқталып, оның өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісі болуға тиіс екенін айтты. 

«Мен Сіздің 2014 жылғы желтоқсан айында Қазақстанға келген сапарыңызды ойыма алып отырмын. Сол кезде Сіз елдеріміз арасындағы бірлескен индустриалды-инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін өте қызықты әрі батыл  идеялар ұсындыңыз. Осы бастаманың арқасында Сізбен бірге жалпы көлемі 28 миллиард долларды құрайтын 51 жобаға қол қойдық. Солардың 11-і жүзеге асырылып жатыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында тараптар энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Қытайдың бірлесіп түсірген «Композитор» атты бірінші кинофильмінің шығармашылық тобымен кездесті. Фильм Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда болған қытай композиторы Си Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың достығына арналған.

  

Қазақстан Президенті фильм трейлерінің таныстырылым рәсімінде актерлер құрамына кәсіби өнер көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, екі елдің мәдени саладағы ынтымақтастығының жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті. 

Көркем фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Қытайдың «Shinework Pictures» және «China Film Coproduction Corporation» компаниялары түсірген. Басты рөлдерде қазақстандық актерлер – Берік Айтжанов, Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова, қытайлық актерлер – Ху Цзюнь және Юань Цюань ойнайды.

 

 




Яндекс.Метрика