Өңірлер

Нұрсұлтан Назарбаев: «Бес әлеуметтік бастама» бизнесті дамытуға мүмкіндік береді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Atameken business city» көрме кешеніне барды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Алматы11 Мамыр , 08:44

Қазақстан Президенті көрме кешеніне барып, оның жұмысымен танысты. Көрме кешенінде «оpen space» форматында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, бизнес-форумдар мен кездесулер өткізуге арналған алаң, сондай-ақ жас кәсіпкерлерге идеяларының пайда болуынан коммерциялануына дейін қолдау көрсететін бизнес-инкубатор жұмыс істейді.

Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа «Цифрлық Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» Алматы облысында жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндады.

Елбасы бизнес қоғамдастығы өкілдерімен кездесу барысында тәуелсіздігіміздің 26 жылы ішінде Қазақстанда шағын және орта бизнесті тиімді дамыту үшін қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.

« «Бес әлеуметтік бастама» да бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Тұрғын үй құрылысы және осы салаға қатысы бар шыны, кірпіш, сондай-ақ басқа да құрылыс материалдарын өндіру ісі бизнес жүргізудің ресурстары саналады. Жол, мектеп, аурухана, инфрақұрылым салу – бәрі де бизнеске тиесілі. Кәсіпкерлер осы мүмкіндіктерді пайдалануы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Алматы облысының артықшылықтарына тоқталып, туристік кластерді дамыту үшін табиғи-климаттық жағдайы қолайлы әрі географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын және әлеуетінің зор екенін атап өтті.  

«Сіздерді Алакөлде жұмыс істеуге шақырамын. Мен кеше сол жерде болдым. Онда жақсы мүмкіндіктер бар. Бұрын ол жерде 400 мың адам демалса, өткен жылы демалушылар саны екі есе өскен. Ал, биыл олардың саны миллионнан асады деп жоспарланып отыр. Жол да, инфрақұрылым да бар. Тек құрылыс жүргізу керек. Алакөлде қазірдің өзінде бес жұлдызды қонақ үйлер мен жақсы туристік кешендер салынып жатыр. Мұнда барлық қазақстандықтар демалуға келетіндей керемет жағдай жасауға болады», – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Алматы облысында, ең алдымен, дәстүрлі түрде өсірілген ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру ісін дамытуды тапсырды.

«Бүгінде жаңа қант зауыттары іске қосылып, қант өндірісі арта түсті. Қазірдің өзінде 60 мың тонна қант өндірілді, оны көбейту үшін мүмкіндік бар.  Қазір Үшарал ауданында соя, арпа өсірілуде. Жарма зауыты және Алматы апортын өндірістік ауқымда өсірумен айналысатын жеміс шаруашылығы бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Салтанат сарайының жаңа ғимаратына барып, оның жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Елбасыға әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандардың, соның ішінде 570 адамға лайықталған бассейннің, жабық жеңіл атлетика манежінің, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің, музыкалық және жалпы білім беру мектептері мен драма театрының құрылысы жөнінде баяндалды. 

Мемлекет басшысы отандық БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, өңірді дамытудың негізгі бағыттары және жұмыс сапарының қорытындылары бойынша облыс басшылығына берілген тапсырмалар жөнінде айтты.

«Менің тапсырмаларымның бәрі облыста толық орындалуда. Бұл өңірдегі жұмыстардың бастамасы жақсы деп санаймын. Үш жылда 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тек былтырдың өзінде 35 мектеп салынды», – деді Елбасы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Бес әлеуметтік бастаманың» өңірдегі іске асырылу барысына оң баға беріп, облыстың туристік әлеуетін дамыту қажеттігі туралы айтты.

«Жұмыс сапарым барысында Алакөлге барып, оның туристік кластерімен таныстым. Барша қазақстандықтарға бізде тамаша демалыс орны бар екенін айтқым келеді. Бұл жер осыған дейін игерілмеген болатын. Оның инфрақұрылымы да, қонақ үйлері де болмаған еді. Бүгінде бұл өңірде бизнес өкілдері белсенді түрде жұмыс істеуде. Көлдің жағасында әлемдік стандарттарға сай келетін бес жұлдызды қонақ үй салынды», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспарлары жөнінде әңгімеледі.

«Мемлекет керемет жайлы «Алматы – Талдықорған» жолын салып берді. Бұл Алакөл арқылы Шығыс Қазақстанға апаратын өтпелі жол болады. Жол салудың арқасында көп жұмыс орны ашылады», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Елбасы өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштері оң қарқын алып отырғанын атап өтіп, облыстың даму барысына тоқталды.

«Алматы облысы, әсіресе аграрлық салада, бәріне үлгі болып отыр. Өңір экономикасы 4,2 пайызға өсті, бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен жоғары. Ауыл шаруашылығы мен құрылыс салалары өркендеп, іске қосылған әлеуметтік нысандар көбейіп келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті облыс басшылығы тарапынан ерекше назар аударуды қажет ететін міндеттерге тоқталды.

«Облыстың бүкіл экономикасы 3-4 ауданда шоғырланған. Оның өзі тек өнеркәсіпті қамтиды. Осы аудандар өңір экономикасының 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Басқа аудандар баяу дамуда, осы мәселеге назар аудару керек», – деді Елбасы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев осы өңірде мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секторын дамыту қажеттігі жөнінде айтты.

 




Яндекс.Метрика