Халықаралық интеграция

Түркі кеңесі: Мүше елдердің жастарын ортақтастыру

Түркі кеңесі министрлерінің отырысында ынтымақтастықты кеңейтуге және түркітілдес мемлекеттер мен жастардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселелері талқыланды.
Астана қаласы05 Желтоксан , 12:30

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев келер жылы Қазақстанда  мерекеленетін жастар жылы түркі елдері жастарына да ортақ екенін атап өтті.

«Бұл кеңес діні ортақ, ділі ортақ адамдардың жиыны. Елбасының күні кеше шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ортақ түркі халықтарының  алдында тұрған мәселелер айтылды. Қабылдайтын шешімдерге елдер  жастарының араласуы  өтең маңызды. Өскелең ұрпақ  даму кезінде  өз  халықының  тарихы мен мәдениетін сақтауға көңіл бөлу  керек», - деді Д.Кәлетаев. 

Министр Жастар жылы да Түркі кеңесі  министрлерінің кеңесін өткізуді ұсынды.

«Келер жылы аталған шараны өткізуге Түркі елдерінің де атсалысқанын сұраймыз. 2019 жылы Қазақстан тарапы Түркі кеңесі жас көшбасшыларының II форумын өткізуге дайын. Ендігі жылы өткізілетін барлық шаралар жастарға бағытталған. Елбасы жастармен кездескен сайын өзекті мәселелерді талқылайды. Алға үлкен мақсаттар қояды», - деді министр.

Өз кезегінде  Түркияның жастар  және спорт министрі М.Қасапоғлы  елдер арасындағы ынтымақтастықтың тамыры тереңде жатқанын айтып, болашақта  достастық қарым-қатынастар жалғасын табатынын жеткізді.

«Біз тарихи отанымыз Қазақстанға келгенімізге қуаныштымыз. Бізге атадан қалған жер бұйырды. Енді сол нығметті ұрпағымызға қаймағы бұзылмаған күйі жеткізуге тырысуымыз керек. Біздің жеріміз бен мәдениетіміз ұқсас  болған соң, біздің мақсатымыз осы мұра бойынша күні-түні қызмет ету. Бізді  бір тіл мен бір мәдениет біріктіреді. Экономикамыз бен технологиямыз да бір-бірінен ажырамауы тиіс», - министр.

Сондай-ақ, министр жастарға қолдау көрсету Түркі кеңесінің жұмысына да енуі керектігін айтты.

Сонымен қатар, отырыс барысында жас көшбасшылардың II  форумы мен  IV  халықаралық жастар лагерін және Түркі кеңесінің III  халықаралық жастар фестивалін өткізу мәселелері талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, Түркі кеңесі  қазіргі заманғы түркітілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым болып табылады. Оның басты мақсаты  мүше мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Түркі кеңесі 2009 жылдың  3 қазанында Нахичевань қаласында құрылды.

Аягөз Құрмаш 

Фото: ашық дереккөз




Яндекс.Метрика