Сараптама

Туризм пайдалы деседі...

Жаһанда туризм деген табысты сала бар. Табиғаты әсем, өзгеге көрсететін дүниесі бар жұрттың бәрі қазір турист тартуға құмар. Өйткені, бұл саланың табысы мұнай мен газ сатудан түсетін пайдамен үзеңгі қағыстырып келе жатыр. Дәлірек айтқанда, жаһандық жалпы ішкі өнім көлемінің 10 пайыздан астамы, қызмет көрсетудің 30 пайызы, әлемдік капитал айналымының 7 пайызы туризм саласының үлесінде. Дүниедегі 7 млрд адамның 1 миллиарды жыл сайын басқа елдерге барып, қыдырып қайтады екен. Соңғы 30 жылда әлемдегі туристер саны 4 есе, туризмнен түсетін табыс көлемі 25 есеге өскен. Содан да болса керек Қазақстан да осынау табысты саладан үлес алып қалуға тырысып бағуда.
Астана қаласы16 Шілде , 15:00

  Жақында Бурабай курортты аймағына барған кезінде  Президент  Нұрсұлтан  Назарбаев  туризмді  дамытудың өте өзекті мәселе екенін айтты.  Мемлекет басшысының айтуына  қарағанда  елімізде туризмді дамыту үшін  10 туристік аймаққа айырықша назар аударылған көрінеді. Үкімет де  бұл бағытта нақты жоспарлар жасап,  меже белгілеген. Жоспар бойынша,  туризмнен түсетін  табыс көлемін елдің жалпы ішкі өніміндегі 1,9 пайыздық үлестен 2023 жылға қарай 8 пайызға дейін көтеру көзделіпті. «Қазақстан туристері ағыны» мемлекеттік жобасы да әзірленіп  жатыр екен. Жобада 7 басым бағыт  қарастырылыпты. Оған  экономикадағы 33 сала бірікпекші екен. Осылайша, жаһандағы ең табысты саладан өз үлесімізді алуға мықтап бекініппіз. Бұл деректерді айтқан Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин  болатын. «Қазіргі кезде құрамына 60-тан астам туристік объекті кіретін туристи­фи­кация картасы әзірлену үстінде. Осы топқа кіретін 10 туристік жобаны жүзе­ге асы­ру үшін 70 пайызы жеке инвес­тор есебінен қаржыландырылатын құ­ны 21,4 трил­лион теңге инвестиция тарту қажет», - деп атап өтіпті бірінші вице-премьер. Яғни, мемлекет  бұл саланы  дамытуға мүдделі  болып отыр қазір. Құптарлық іс. 

Тораңғылықта не көрдік?

Туризм демекші, Қазақстанда  табиғаты тамаша жерлер аз емес. Шілденің  шіліңгір күндерінің  бірінде  осы  жолдардың авторы  жаңа туристік бағыт ашпақ  үшін Балқаш көліне қарай тартып кеткеніміз бар. Астаналықтар үшін Бурабай мен Зеренді жақсы таныс.  Түстік  жақтың тұрғындары үшін  Қапшағай мен  Балқаш көлі сүйікті  демалыс орындарының біріне айналған. Біз Балқаштың теріскей жағынан келдік. Дәлірек айтқанда Балқаш қаласынан  18 шақырым жердегі  Тораңғылық деген ауылға бардық. Рас, көлдің айналасында  түрлі демалыс орындары аз емес.  Дегенмен, оларға бару «жабайы» демалысқа қарағанда  сәл қымбаттау. «Жабайы»  деп отырғанымыз,  ірі демалыс орындары жоқ, бірақ көлдің әдемі жағажайларына жақын елдімекендерге барып, тұрғындар ұсынатын қызмет түрлерін ғана  қанағат тұтатын  демалу түрін шартты түрде атадық. Әйтпесе,  тағы болып кеткен  ешкім жоқ. Сонымен, Тораңғылықта не көрдік?  Баяндап көрейік.

Ең әуелі  бұл елдімекен Балқаш көлінің солтүстік жағалауында орналасқан. Астана-Алматы бағытындағы М36  тас жолына жақын жерде жатыр.  Көлдің бұл бетінде түрлі демалыс орындары аз емес. Тораңғылықтың да айналасында, бес-он шақырым жерде түрлі демалыс орындары бар. Ал мұндай ірі санаторийлер  болмағанымен, демалушыларға арналған хостелдер,  шағын қонақ үйлер  бар екен.  Ауылда   екі жүзге жуық отбасы тұрады екен.  Көлдің жағасында орналасқандықтан  бұл ауылға келіп, көлге түсетін азаматтар көп. Тұрғындар сол демалушыларға қызмет көрсетіп жатыр.  Шама-шарқылары келгенше  қолда барын ұсынып келеді.  2016 жылы барғанымызда  ауыл тұрғындарының ішінде хостел салғандардың қарасы аз еді. Биыл  көптеген үйдің ауласында хостелдер пайда болыпты. Бұған  қуандық. Тұрғындар туризмнің   пайдалы екендігін  сезіне бастаса керек.  Алайда,  елдімекенде ауыз су жоқ. Ауыз су құбырлары тартылған. Бірақ, су келмепті. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы басшылары ауыз су 2018 жылдың маусымында келетінін айтып уәде берген екен, бірақ әзірге ол уәде орындалмаған.  Демалушылар да, тұрғындар да  жуынып-шайыну үшін көлден құбыр арқылы  келетін суды  пайдаланады. Онда да ұдай емес,  тәулігіне бірнеше сағат  қана су жіберіледі екен.  Ал ауыз суды Балқаш қаласынан арнайы көліктер әкеліп, сатады екен.  Елдімекенде  қираған құрылыстар  көп, жол жоқ. Асфальт  төселген  жол М36 трассасынан ауылға дейін келеді. Сапасы нашар. Дегенмен, жеңіл  көліктерде  қиналмай жүретін  жағдайда. Жамалған жол. Ал ауылдың ішінде  асфальт  төселген  жол қалмаған.  Жағажай қоршалмапты. Содан да болса керек, кей күндері ауылдың малы жағажайға кіріп кетеді.  Жағажайда  қоқыс тастайтын орын,  дәретхана,  арнайы орындар жоқ. Бірақ,  бұл жағдай «жабайы жағажайға»  қатысты екендігін де ескеру керек. Көл жағасына салынған тәуір демалыс орындарында  жағдай сәл басқаша. Азды-көпті комфорт бар.  Ал көлдің суында мін жоқ. Тамаша. Отбасымен демалуға түрлі мүмкіндіктер бар. Ортаңқол шаруа  тым көп қаржы шығармай-ақ  мұнда бірнеше күн демала алады. Ал ауыл тұрғындары шілде мен тамызда тәуір табыс тауып қалады. Елдімекеннің бір  тұрғыны өткен жылы 1 млн 600 мың теңге табыс тапқанын айтты. Оның біразы  хостелдерді  жалға беруден түссе, біразы кептірілген балық сатудан  екен.

Осы тұста  айта кетер бір жайт,  Тораңғылық сияқты демалысқа қолайлы елдімекендер елдің түпкір-түпкірінде бар. Көбінің инфрақұрылым көңілден  шықпайды. Тіпті, атағы жер жарған Бурабайдың өзінде  тұрғын үйлерін жалға беріп,  ауласына  шағын хостелдер салып алған азаматтар  көп. Жазғы демалыс маусымы қызған кезде  онда да арзандау  жатын орын іздеген азаматтар  іргетасы жерге кіріп кеткен, ескі тоқал тамдарға түнеуге мәжбүр болып жатады. Мұндай жағдай Алакөлде де, Баянауылда да, өзге  демалыс аймақтарында да бар. Яғни,  бұқара табыс тапқысы келеді. Демалушылар арзан  қонақжай іздейді. Қалыпты   құбылыс.

Стереотиптер мен фобия: ұтатын кім, ұтылатын ше?

Әлемде туризмнің сан түрі бар. Білім,  экологиялық,  емдеу-сауықтыру,  романтикалық,  шытырман, іскерлік және корпоративтік,  кулинариялық,  ауыл, спорттық, ғарыш, рухани-тауаптық, кинотуризм, халал-туризм тәрізді сан түрлі туризм түрлері кездеседі. Бұлардан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған және балалар демалысына ыңғайлы туризм түрі де кездеседі. Қазақстанда  олардың барлығын дерлік дамытуға  мүмкіндік бар. Сөйте, тұра туризмнен табыс табуға кедергі жасайтын стереотиптер мен фобиялар да бар. Айталық, туризмге  жауапты шенеуніктер де,  халық та ең алдымен  инфрақұрылым жасақталуы қажет екендігін алға тартады. Дұрыс. Бірақ, инфрақұрылымсыз, саф қалпында  қалған аумақтарға да туристерді қызықтыруға болатыны ескерілмей жатыр. Сондықтан, инфрақұрылым жасақтау мен  экстремальды  туризмді қатар алып жүру мүмкін болмай жатыр. Тағы бір стереотип этнотруизмді дамытамыз деп  жасанды этноауылдар құрамыз. Жайлауында өзімен өзі малын бағып жүрген малшының ауылы, киіз үйлері назардан тыс қалады. Этнотуризмге қызығатында қазір шынайы өмірді көргісі келеді. Декорациялық этнотуризм тым  табысты бола қомайды. Екіншіден,  бұқара  елге келген шетелдіктің барлығы дерлік шылқыған бай, ақшаны судай шашатын адамдар деп ойлайтыны бар. Сөйтіп, олардың қалтасын қағып алуға ұмтылатындар көп. Алайда,  елге келетін шетелдік  біздегі бағаны,  әлеуметтік жағдайды  барынша зерттеп келуі мүмкін екендігін  ескермейді. ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Астанадағы халықаралық әуежайдан  қалаға дейін бір шетелдікті Қазақстанның такси жүргізген азаматы 40 мың теңгеге апарып тастаған кез болған. Соңы қоғамда түрлі пікірлер туғызған-ды. Демалушыларды тым бай адамдар сияқты елестетудің салдарынан ішкі нарықтағы баға да түспей тұр. Демалыс орындарын ұсынатындар ортастатистикалық қазақстандықтың  демалысқа қаржы шығару мүмкіндігін ескермейді.  Біздегі бағалар орта таптың  ғана қалтасы көтеретін деңгейде. Ал Қазақстандағы орташа  айлық жалақы 150 мың теңгенің айналасында.  Оларды  потенциалды  тұтынушы ретінде  туризмге, әсіресе ішкі туризмге қызықтыру үшін  бағаның төмендегені қажет. Сонымен қатар, көрші елдерден, айталық, Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Тәжікстаннан келетін азаматтарды турист ретінде қабылдай қоймайтынымыз тағы бар. Демек, бұқара туризмнен табыс табуы үшін әлі де ысыла түскені қажет. Одан бөлек түрлі деңгейдегі фобияның да кері әсері болып тұр. Синефобия өршіп тұр, ішінара русофобия да кездеседі.  Мұның бәрі туризмге кері әсерін тигізіп жатыр.

Амандық Әмірхамзин, сарапшы:

«Халық әсіресе туристерді күту, қызмет көрсету, сервис жағына көп көңіл бөлу қажет. Одан бөлек бізде түрлі фобия бар. Мәселен,  біздің қоғамдағы синефобия туризмнің  дамуына керісінше әсер етеді. Түсінікті, шығыстағы көршімізден сескенеміз. Алайда,  Қазақстан Қытайдың тек транзиттік туристерін ғана қабылдайтынын ескеру керек. Топтық және ұзақ уақытқа деген әңгіме, тіптен жоқ. Біз керісінше, Қытайдың оңтүстігінің, шығыс жағалауының дәулетті тұрғындарының келуіне мүмкіншілік беруіміз керек. Мысалы, Гонконг, Макао тұрғындары Еуропаға бара жатқанда Қазақстанда бір-екі күн аялдаса, тәуір ақша қалдырып кетер еді. Тиісінше, бұл Қазақстан халқы үшін қосымша жұмыс, кіріс деп бағалау қажет. Жалпы, қазіргі күні Қытай туристері әлемдегі туристердің саны бойынша бірінші орынға шықты. Екіншіден, 5 сағаттық қашықтыққа дейінгі Иран, Үндістан, Ресей, Кавказ елдері, Еуропа, Таяу Шығыс сияқты елдерден келетін туристердің жағдайын жасап, мүмкіншілік беру керек».

Статистика санайғаққа жата ма?

 Статистика комитеті  2017 жылы  Қазақстанға  7  млн  701  мың 200 турист келгені туралы ақпарат таратқан. Әрине,  өткен жылы Астанада  халықаралық  EXPO-2017  көрмесінің  өткенін ескерсек, туристердің саны  алдыңғы жылдардан көп болғанын іштей  сеземіз. Өйткені, Ресейден келген  азаматтардың саны  күрт өсіпті. 2016 жылы  көші-қон   органдарында  тіркелген  ресейліктер саны 182 мың 994 адам болса,  Статистика  комитеті 2017 жылы келген ресейліктерді 1 млн 708 мың 900 адам деп көрсеткен.

Он есеге жуық өсіпті. Өзге елдерге қатысты да   соңғы екі жылдағы  көрсеткіште  үлкен айырмашылық бар. Алайда, Статистика комитеті келтірген  деректерді ақиқат деп бағалауға келмейді.  Аталған  көрсеткіштердің ішінде нақты турист ретінде келгендердің саны тым көп болмағанға ұқсайды.  Өйткені, елден транзит арқылы өтетіндер де бар. Мәселен, 2016 жылы  Қазақстанға 4 млн 729 мың 450  шетел азаматы кіріп,  4 млн 610  мың 408 азамат шыққан. Айырмашылық 119 мың 42 адам. Яғни, бұлар турист емес, жұмыс істеуге, дипломатиялық қызметке, оқуға келген шетелдіктер болуы бек мүмкін. Сондықтан, 2017 жылы ел аумағына кірген 7 млн адамның барлығын  турист деп бағалау қисынға  келе қоймайды.

Жоғарыдағы  графикадан  көргендеріңіздей, 2016-2017 жылдарда Қазақстан  аумағына кірген және  ішкі істер  органдарына тіркелген  адамдардың санында айырмашылық тым көп. Сондықтан, ішкі істер органдарының көші-қон қызметіне  тіркелген адамдарды ғана  потенциалды турист ретінде бағалауға  болады. Өйткені,  заң бойынша ел аумағына кірген шетел азаматтары бірнеше күн  ішінде ішкі істер  органдарына тіркелуі керек. 2016 жылы көші-қон  қызметіне 1 млн 725 мың  шетелдік тіркелсе, 2017 жылы 2,5 млн адам тіркелген. Қалай болғанда да өсім бар. Бұл деректі Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымов 2018 жылдың сәуір айында  Парламентте өткен «Үкімет сағаттарының»  бірінде айтты. Оның сөзіне қарағанда Қазақстанға  2017 жылы жалпы саны  5,5 млн-нан астам  шетелдіктер келіпті. Солардың 3  млн-ға жуығы ішкі істер органдарына тіркелмеген. Демек,  ресми органдар «турист»  деп бағалаған шетелдіктердің көп бөлігі ел заңнамаларын бұзғандар немесе Қазақстаннан транзит арқылы өтіп кеткендер болады. Транзитке сөгіс жоқ, ал заң бұзушылар болса  мұндай «туристердің» бізге керегі қанша?!  

Ал Статистика комитеті былтыр Қазақстанға 7 млн 700 мыңнан астам адам келгенін  хабарлаған. Арадағы айырмашылық  бақандай  2 млн адам. Сонда кімдікі жаңсақ дерек? Статистика агенттігі мен Ішкі істер  министрлігі ме? Әзірге жауап беру қиын.  Рас, бұл статистикаға қатысты қосымша деректі ҰҚК Шекара қызметі  қосуы мүмкін. Бірақ,  бір дерекке қатысты 2 млн адамның артық немесе төмен көрсетілуі ақылға қона қоймайды. ҰҚК өз базасындағы деректерден  әрі кетсе 500 мың адамды қосуы мүмкін. Соның өзінде  екі деректегі  айырмашылық 1,5 млн болады. Демек,  «Қазақстанға мыңдаған  турист келіп жатыр» деген  мәлімдемелердің  астарына мұқият үңілмек керек.  Яғни, ел аумағына кіргендердің барлығы турист емес. ІІМ де, ҰҚК де шекарадан өткен  шетелдіктерді тіркеп отыр. Статистика  агенттігі олардың барлығын турист ретінде көрсеткен сыңайлы. Іс жүзінде 2017  жылы  келді  делінген 7 млн  адамның  ішінде заңды  һәм заңсыз еңбек мигранттары да, студенттер де, жеке шаруамен жүргендер де, кәсіп ашуға келгендер де,  дипломаттар мен  келісімшарт  негізінде  қызмет атқаруға келген мамандар да болуы мүмкін. Айталық,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2017 жылдың  шілдесіндегі деректері бойынша өткен жылдың алғашқы жарты жылдығында  Қазақстанда ресми  еңбек келісімшарттары бойынша  27 мың шетелдік азамат жұмыс істеген дейді. 14 мыңнан астам  шетелдік  студент бар екен бізде. Демек, қалғандарының нақты статусы әртүрлі болуы мүмкін. Әйтеуір, қалай болғанда да шетелдіктердің келгені рас.  Бірақ, олардың  барлығы турист емес.  Мысалы, 2016 жылы ішкі істер  органдарына уақытша тіркелген 1 млн 725 мың 890 шетел азаматының 12 мың 613-і ғана анкетаға  өздерін турист ретінде көрсеткен. 1 млн 415 мың  440 адам Қазақстанға  «жеке шаруалармен» келгенін айтыпты. Қызмет бабымен келгендер 53 мыңнан асқан.  Жұмысқа  келдік дегендер 224  мың 779 адам болған. Яғни,  шекарадан өткен шетелдіктердің  нақты мақсаттары әртүрлі. Сондықтан, бөрікті аспанға атуға әлі ерте сияқты. Айталық, «жеке шаруамен»  жүргендерді алайық. Әдетте олардың  көпшілігі қонаққа келеді немесе  Қазақстанда  жұмыс істейді. Бірақ, Статистика  комитеті үшін олар турист саналып отыр. Мысалы Моңғолияға  2017 жылы 542 мың шетел азаматы барыпты. Соның ішінде  Қазақстаннан 14 мың 232 адам барған. Моңғолдың статистика қызметі оларды турист  деп көрсеткен. Алайда, олардың барлығы дерлік туыстарына, сол жақтағы той-томалақ пен өлім-жітімге  барған қазақтар. Олар арнайы туристік маршрутпен жүре де қоймайды,  өз білгендерімен қыдырып,  демалады.  Рас,  барған соң ақша қалдыратыны сөзсіз, бірақ классикалық туристер емес. Қазақстандағы жағдай да сондай. Миллион адам келді десеміз, бірақ  қалаларымызда,  далаларымызда  жұрттың  назарын аудара қоятындай шетелдік туристер  көп емес. Сондықтан,  туризм  мәселесі туралы сөз еткенде  ең алдымен статистиканы  түзеп алу керек.

Амандық Әмірхамзин, сарапшы

«Қазақстанға келетін туристердің саны бойынша айырмашылық барын айтуымыз керек, мысалы көп турист келді дегенімізбен, ол санның ішінде сыртқы гастарбайтерлер де жүргенін мойындау керек. Екінші жағынан мысалы, биылғы жылдың бірінші тоқсанының өзінде 2 млн-ға жуық, дәлірек айтсақ 1,8 млн. турист тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 процент артық деген сөз».

Түйін

Бірінші вице-премьер А.Мамин айтқан «Қазакстан туристері ағыны» мемлекеттік жобасынан көп үміт күтеміз. 7 басым бағытта, экономиканың 33 саласын біріктіреді дегені көңілден шықты.  Сол жобада  күнделікті әлеуметтік жобалар мен туризмнің де тікелей байланысты екендігін ескерілген шығар деп үміттенеміз. Өйткені, туризмді дамыту үшін елдімекендердің жолдары  жөнделіп, электр шамдары самаладай жарқырап тұрмағы, ауыз су әр үйдің ішіне  кіргені, қоқыс төгетін арнайы орындардың болғаны, мал жайылымдарының белгіленгені һәм тұрғындар бұл  мәселеде алаңдамайтындай болғаны керек. Ең бастысы бұқараның функционалдық сауаты артып, туризм саласына түрлі субсидиялардың берілгені азбал. Оларды қоя тұрыңыз, бері айтқанда қарапайым авиакеросиннің де бағасының  түскені керек. Неге дейсіз бе? Жер көлемі жағынан  жаһанда  тоғызыншы орында тұрған  Қазақстандағы туристерді қызықтырады-ау деген нысандарға жеңіл авиациямен жеткен тиімді. Ал авиациядағы ең үлкен  шығын авиакеросинмен байланысты  болады. Қысқасы, ең алдымен әлеуметтік, экономикалық бағдарламалар нақты және сапалы  жүзеге асырылуы керек. Онсыз туризм гүлденіп кетеді деу қиын. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген бар.  Әлеуметтік жағдайы төмен жұрт сапалы инфрақұрылым жасақтауға да қолғабыс жасай алмайды,  мәдениеті де арта қоймайды, сөйтіп «жабайы туризмнен»  азды-көпті  қаржы тауып, өз бетімен күнін көре береді. ХХІ ғасырдың туризмі мұндайды көтермейтінін байқап жүрміз.

Амангелді ҚҰРМЕТ

ФОТО: ғаламтордан алынды




Яндекс.Метрика