Үкімет

Тұрғын үйлерді иелеріне жөндететін жоба ұсынылды

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реформалау мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Заң жобасы Үкімет отырысында мақұлданып, Мәжіліске жолданды.
Астана қаласы11 Қыркүйек , 12:38

ИДМ басшысы Ж.Қасымбек  айтып өткендей,  Заң жобасында Қазақстан Республикасының үш Кодексіне және 12 заңына өзгеріс енгізу көзделген.

Олардың ішіндегі мынадай тұжырымдамалық түзетулерді атап өту қажет:  тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеуге қаражат жинау тетіктерін регламенттеу.

«Бұл үшін күрделі жөндеуге меншік иелері ай сайын екінші деңгейлі банктегі жинақ шотына пәтердің/тұрғын емес үй-жайдың пайдалы алаңының 1 шаршы метріне 0,02 есе АЕК көлеміндегі соманы салады. Қаражаттың жартысы жиналғаннан кейін банк күрделі жөндеу жұмыстарына кредит беруге құқылы», - деді Ж.Қасымбек.

Қазіргі уақытта Министрлік «Кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық дерек қоры» сервистік бағдарламалық  өнімін әзірлеп, пайдалануға енгізді.

« Биыл шілде айында сервистік бағдарламалық  өнімді қолдана отырып, қайта түгендеу жүргізілді. Қазіргі уақытта Министрлік осы деректердің негізінде аталған заң бұзушылықтарды заңнама талаптарына сәйкестендіру  үшін жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп жатыр», - деді Ж.Қасымбек.

Министрдің айтуынша,  жергілікті атқарушы органдар бекітетін пайдалану шығындарының ең төмен мөлшерін белгілеу. Ол көппәтерлі тұрғын үйді басқару, санитарлық тазалау, авариялық жағдайларды жою, техникалық қызмет көрсету бойынша төлем мөлшерін қалыптастырудың бірыңғай тәсілдерін анықтау.

«Пәтерлер мен тұрғын емес үй-жай меншік иелерінің негізгі құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Мұнда, барлық пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері – ортақ мүлікті тең пайдалану құқығына ие және олар көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін сақтау  мен оны қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге, күрделі жөндеу және т.б.  шараларды қабылдауға міндетті болады», - деді министр.

Заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдарға:қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін жасау үшін қасбеттерді, шатырларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен жөндеу қарастырылады.

Сондай-ақ, су басу қаупі бар аймақтардағы тұрғын үйлердің беріктігін көтеру көзделген. Себебі заңнамалық деңгейде өкілеттіктердің болмауына байланысты аталған жұмыс түрлері тек төтенше жағдайлар кезінде жүргізіліп келеді.

«Лифтілерді жөндеу және ауыстырумен байланысты шығындарды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қайтарымды негізде мүліктің меншік иелері бірлестігі қатысушыларының әрі қарай өтеуі ұсынылады», - деді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына жер учаскесін қоса тіркеу де бірқатар оңтайлы шараларды қарастырады.

«Газ, газбен жабдықтау саласындағы бақылауды және әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалануды қадағалау жүзеге асырылады», - деді Ж.Қасымбек.

Сонымен қатар, заң жобасында тұрғын үй және тұрғын үй құрылыс кооперативтерінің қызметін жетілдіру қарастырылған.

Құқық қолдану практикасы көрсеткендей, құрылыс компаниялары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңы нормаларын сақтамай, «үлестік» тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру арқылы азаматтардың қаржысын тартып келеді.

Осыған байланысты, Заң жобасында мыналар ұсынылады.

- қаржылық пирамидалардың құрылуын болдырмау мақсатында азаматтардың бірігу нысаны ретінде тұрғын үй кооперативтерін тарату, бір ғана көппәтерлі тұрғын үйді (кешенді) салу үшін құрылатын тұрғын үй құрылыс кооперативтерін қалдыру;

- тұрғын үй құрылыс кооперативтері мүшелерінің саны салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер санынан аспауы тиіс;

- тұрғын үй құрылыс кооперативтері көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуге тек мемлекеттік тіркеуден кейін және мемлекет жалға немесе меншік құқығына берген құрылыс салуға арналған жер учаскесі болғанда ғана құқылы;

«Заң жобасында мүліктің меншік иелері, қызмет көрсетуші ұйымдар мен басқарушы компаниялардың өзара қарым-қатынасы бойынша ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеуге қаражат жинау механизмін регламенттеуге мүмкіндік беретін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттық топтардың ұсыныстары, ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкімет тапсырмалары ескерілді», - деді министр.

Үкімет мүшелері дауыс беру арқылы   заң жобасын  мақұлдады. Б.Сағынтаев Премьер-Министрдің кеңсесі заң жобасын белгіленген тәртіппен   Мәжіліске тапсыру қажеттігін жеткізді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика