Сараптама

Еуразияның диалог пен даму платформасы

Маусым айы маңызды кездесулер мен саяси оқиғалардан басталды. Қазақстанда Президент сайлауы өтіп, 70,76 пайыз дауыспен кандидат Қ.Тоқаев жеңіске жетті. РФ Президенті В.Путин, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Армения Республикасы, Түркия және т.б алыс жақын мемлекет басшылары құттықтау жеделхаттарын жолдады. Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы хабарлағандай, 2019 жылы 12 маусымда жаңадан сайланған ҚР Президентінің инаугурациясы өтеді. Өткенде аптада Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен Мәскеуге барып, Ресей Президенті В.Путинмен бірлескен мәлімдеме қабылдады, сондай-ақ Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысты. Алда – АӨСШК мен ШЫҰ саммиттері.
Нұр-Сұлтан12 Маусым , 17:10

«Панда дипломатиясы»

Қытай мен АҚШ арасындағы сауда текетіресі технологиялық сипат алды. Ресейге салынған экономикалық санкцияның «беті бері қарайтын» күн жақын емес. Батыспен арақатынастың салқындауы жағдайында Қытай мен Ресей ықпалдастығының артуы да заңды құбылыс. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин 5-7 маусымдағы Ресейге мемлекеттік сапары екіжақты байланыстың қаншалықты маңызды сипат алғанын көрсетті. Ресей мен Қытай жаңа дәуірдегі ықпалдастық пен әріптестіктің жолдарын қарастыруда. Қос ел басшылары Венесуэладағы саяси дағдарыс, Сирия мәселесі, Солтүстік Кореядағы, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатысты ұстанымдарының бір екендігін растады. Кремльдегі кеңесте екі маңызды мәлімдеме қабылданды:

1.Қарым-қатынастың 70 жылдық кезеңінде стратегиялық байланыстың жаңа бағыттарын анықтау.

2.Жауапты мемлекеттер ретінде жаһандық стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Яғни, аталған мемлекеттер халықаралық қауіпсіздікті орнатуда өздерінің жауапты мемлекеттер екендігін тағы бір мәрте жариялап отыр. Бұл Еуразиядағы ірі мемлекеттердің Батысқа берген жауабының бірі деп топшылауға болады. Ендігі кезекте екі ел арасындағы сауда-экономикалық, қаржы-валюталық байланыс, шағын және орта бизнес қатынасы нығаятыны белгілі. Ресей – ТМД, ЕЭО аумағындағы Қытайдың ең ірі сауда әріптесі. 2018 жылы екіжақты тауар айналымы 108 млрд АҚШ долл. асқан және 2017 жылға қарағанда 24,51%-ға артқан. Ресей мен Қытай енді екеуара есепті ұлттық валютада жүргізуге уағдаласты. РФ Экономикалық даму министрінің пікірінше, бірнеше жылда сауда айналымын 200 млрд. АҚШ долл. жеткізу көзделген.   

 

Қазіргі уақытта қос тарап әуе-тікұшақ құрылысы, ғарышты игеру, биотехнология, фармацевтика, ғылым мен технология саласында байланыс  қажет екенін түсініп отыр. Осыған орай, 2020-2021 жж. Ресей-Қытай ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық жылы ретінде өткізу жоспарлануда.(https://ria.ru/20190605/1555295889.html) Соңғы 6 жылда В.Путин мен Си Цзиньпин әртүрлі алаңда 30-ға жуық рет кездескен. Қытайдың сыртқы саясаттағы ең жоғарғы «Достық» марапаты да алғашқы болып Ресей басшысына табысталған. Си Цзиньпиннің осы реткі сапарында қос панданың Мәскеу зообағына берілуі де, достық пен серіктестіктің қазіргі деңгейін білдірсе керек. Ресей сарапшысы, А.Габуевтің пікірінше, панда сыйлау – бір жағынан бизнестің көзі, сонымен қоса, Қытайдың жұмсақ күш саясатын білдіреді.

Интеграциялық ұйымдар интеграциясы

Еуразияның алыс-жақын мемлекеттері 12-14 маусым Душанбеде, 14-15 маусымда Бішкекте бас қосады. Негізгі себеп – ШЫҰ мен АӨСШК саммиттері. Қазақстан – осы екі ұйымның да негізгі бастамашыларының бірі. ШЫҰ ОА мен Қиыр Шығыс аймағында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Терроризм, сепаратизм, экстремизм және ұйымдасқан қылмыспен, есірткі бизнесімен күрес мәселесінде аймақтық деңгейде өзара іс-қимыл тетігі іске қосылып, жетілу үстінде. Мүше елдер шекара ауданында сенім шараларын құру және қарулы күштерді қысқарту туралы шешімдерден бастап сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейте түсті.

Қазірге дейін ұйымның құрылымдық негіздері, нормативті-құқықтық базасы толығымен қалыптасты. Мүше-елдердің Қауіпсіздік кеңестері, Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктері, ШЫҰ Іскерлік кеңесі, Жастар кеңесі, сондай-ақ аймақтық және әлемдік халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істеуде. 2018 жылы Қытайдың Циндао қаласында ШЫҰ саммиті жаңа құрамда, Индия және Пәкістанның қатысуымен өтті. Аталған қос мемлекет қабылданған соң, ШЫҰ Еуразия құрлығының 60 %-ын алатын, жер халқының жартысын қамтитын алпауыт ұйымға айналды. Яғни, ШЫҰ-ның аймақтағы бейбітшілікті сақтау, әсіресе экономикалық дамуындағы рөлі арта түседі. 13-14 маусымдағы ШЫҰ саммитіне 11 мемлекет басшысы қатысып, 30-ға жуық маңызды келісімшарт және Бішкек декларациясы қабылданады. «Жібек Жолының экономикалық белдеуін» құруда ШЫҰ шеңберіндегі қарым-қатынас та жаңа сипатқа ие болып келеді. Ұйым төрағалығы Қырғыз Республикасынан Ресейге өтеді. Бұл төрағалық жоғарыда айылған жауапкершіліктің сыналатын күрделі кезеңі болады.  

АӨСШК биылғы саммиті 14-15 маусымда Тәжікстан астанасы Душанбеде өтеді. Азиядағы ауқымды жиынға Орталық Азия, Орта Шығыс, Оңтүстік Азия, Ресей, Моңғолия және т.б мүше-мемлекеттер қатысады. АӨСШК – алғашында ЕҚЫҰ Азиялық баламасы ретінде құрылған, бүкіл Азия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы превентивті дипломатия механизмі ретінде ойластырылған форум. Ұйымның қызметі Азия құрлығындағы диалогты орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылық қамту бойынша шешімдер қабылдау, іске асыруға бағытталған еді. Отыз жылға жуық даму сатысынан өткен АӨСШК-ге қазіргі уақытта Азияның 27 мемлекеті мүше ретінде қабылданған. Сегіз мемлекет және бес халықаралық ұйым бақылаушы статусын иеленген. 2014 жылдан бері АӨСШК хатшылығы Елордада жұмыс істеуде.

Саясаттанушы С.Мұсатаевтың пікірінше, әлемдік қауымдастық АӨСШК рөлі мен ықпалын жоғары бағалайды. Бұл ұйым қарама-қайшы пікірдегі тараптарды бір үстелге жинады. Расында қазіргі уақытта Еуразия кеңістігінде терроризм және экстремизммен күрес, есірткі бизнесі және заңсыз қару-жарақ айналымы, экологиялық проблема, трансшекаралық өзен және заңсыз миграция сияқты түбегейлі шешілмеген бірқатар күрделі мәселе бар. Ол мемлекетаралық сипат алып отырғандықтан бірлескен жүйелі шешімдер және өзара сенім шарасы қажет. Ауғанстандағы тұрақсыздық, ДАИШ топтарының Ауғанстанға өтуі Орталық Азия елдерінің алаңдаушылығын тудырады. Тәжікстан және Түркменстанмен шектескен  Бадахшан, Кұндыз және Балх аудандарында 36 содырлар лагері және 17 мың қылмыстық топ мүшелері Сондықтан АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ және ТМД елдерінің құқық қорғау органдары лаңкестік қауіпке төтеп беру үшін уақтылы іс-қимыл жүргізуі тиіс. Мұндай жағдайда аймақтық қауіпсіздік іс-қимылын үйлестіру бойынша АӨСШК рөлі арта түседі. Тәжікстанның төрағалығы түрлі үнқатулар кезеңіне сәйкес келді.

Ынтымақтастықтың 3D форматы

Аталған ұйымдарға мүше ретінде Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің өз қызығушылықтары бар. 90-жылдардағы Азиядағы қаржы-экономикалық дағдарыс пен саяси трансформация кезеңінде Қазақстан АӨСШК құру инициативасын алға қойды. Ал, ШЫҰ, ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, оны құрушы және дамытудың белсенді жақтасы болған Қазақстанның саяси интуициясы мен көрегендігінің тағы бір мысалы. АӨСШК мен ШЫҰ шеңберінде тең құқықты, өзара сенімді әріптестік, тату көршілік байланысты дамыту маңызды міндет болмақ. Халықаралық қатынастардағы турбуленттілік, белгісіздік пен сенімсіздік факторлары тікелей акторлардан бөлек әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерге әсер етуде. Азиялық елдер «Белдеу мен жолды» осындай ахуалда сауда-экономикалық дамудың альтернативті нұсқасы ретінде қарастырады. Халықаралық байланысты үйлестіру бойынша Қазақстан да өз ұстанымдарын ортаға салып келеді. «Белдеу мен жол» форумында Н.Назарбаев жаңа геосаяси ахуалды реттеудің «Үш Д» үлгісін ұсынды. Жаһандық сын-қатерге төтеп беру, сауда текетіресі мен санкциялық жағдайда «3 Диалогты» орнату – уақыт талабы. Оның ішінде  - АӨСШК мен ЕҚЫҰ әлеуетін біріктіру; сонымен қоса ЕЭО, ЕО, ШЫҰ және АСЕАН жүйелі экономикалық диалогын орнату бар. Негізі халықаралық жағдайды тек диалог пен ашықтық арқылы ғана шешуге болатынын түсіну қажет. Үлкен Еуразиядағы тұрақтылықты қамтуда осы мемлекеттердің барлық саладағы байланысы маңызды болады.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ




Яндекс.Метрика