Үкімет

Жұмысы жоқ жастардың көбісінде орта білім ғана бар – министр

Қазақстанда NEET жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасы әзірленді. Елде жастарды жұмыспен қамту өзекті мәселе болып саналады. Жол картасы аясында атқарылатын жұмыстар жастардың арасындағы жұмыссыздықты жояды. Жол картасының негізгі мақсаттары туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы18 Қыркүйек , 11:13

ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев министрлік  18-ден 29 жасқа дейінгі жас аралығындағы NEET жастарды, оның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын әзірлегенін айтты.

«Жол картасы 30 тармақтан тұрады және жастарды әлеуметтендіру бойынша бірқатар өзекті іс-шараларды қамтиды. Атап айтқанда, кәсіпті таңдау бойынша жастар үшін консультациялық орталықтарды құру, техникалық және кәсіптік білім беруді жолға қою, дуальдық білім тиімділігін арттыру, еңбек нарығында жастардың тарапынан сұраныс және ұсыныс картасын әзірлеу, сондай-ақ, жастар кәсіпкерлігін дамыту шаралары бар», - деді Д.Кәлетаев.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында Дархан Кәлетаев жастардың стартап жобаларын бизнес-жоспарды ұсынған кезде мемлекеттік гранттық қаржыландыру мәселесін енгізуді ұсынды.

Жол картасы аясында баспана мәселесін шешу үшін министр Алматы қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, өңірлік тұрғын үй бағдарламалары арқылы жастардың тұрғын үй кооперативтерін құруды ұсынды.

Сонымен қатар, жастар ресурстық орталықтары қызметін және әдістемелер мен заңнамаларды жетілдіру жоспарланған.  

Айтылған мәліметтерге сәйкес, халықаралық еңбек ұйымының 2017 жылғы баяндамасында 20 жылдың ішінде әлемдегі жастардың саны 139 млн. адамға өсті, ал жұмыспен қамтудың үлесі 35 млн. адамға кеміді деп көрсетілген.  Жалпы жаһандық еңбек күшіндегі жастар үлесі 1997 жылы 21,7%-дан 2017 жылы 15,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар, NEET жастарының үлесін жаһандық бағалау 21,8%-ды құрайды, олардың ішіндегі төрттен үші (3/4) әйелдер.

Қазақстанда NEET жастарының жоғары көрсеткіштері оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ Маңғыстау және Қарағанды облыстарында (10-нан 13%-ға дейін, 2017 жыл) тіркелген.

Елімізде әлеуметтендірудің ешбір әдістерімен қамтылмаған 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 2001 жылғы 18,6%-дан биылғы жылы (2018 жылғы 2-тоқсан) 7,7%-ға дейін кеміді.

Білім саласының ең маңызды мәселесі –мамандарды сапалы даярлау арқылы келешекте жұмыспен қамту және олардың еңбек нарығында қажетті болуы.Республикада жастар арасында жұмыссыздық деңгейінің азайғаны байқалады. 2015 жылмен салыстырғанда жастар арасындағы жұмыссыздық төрт бүтін екі ондық проценттен 2017 жылы үш бүтін сегіз процентке дейін төмендеген.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, аталған көрсеткішке  «Жұмыспен қамту жол картасы-2020», «Дипломмен ауылға!», «Жастар практикасы», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! (Серпін)» сияқты және тағы басқа әлеуметтік программалар мен жобалады орындау арқылы қол жеткізілді.

«Соңғы жылдары кадрлар даярлау сапасы жақсарды және бітірушілерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші жоғарылады.Колледж бітірушілерді жұмысқа орналасу көрсеткіштері 2012 жылмен салыстырғанда он екі бүтін алты ондық процентке артты – жетпіс тоғызда төрт проценттен 2012 жылы тоқсан екі процентке дейін 2017 жылы.Сонымен бірге, соңғы 10 жылда өзін жұмыспен қамтыған жастар саны азайды.Жастар жаңа экономика жағдайына жылдам бейімделіп, үйренеді. Дегенмен, олардың практикалық тәжірибесі болмағандықтан еңбек нарығында сұранысы әлі аз», - деді Е.Сағадиев.

Министр айтып өткендей,  өзін жұмыспен қамтыған жастар арасында практикалық кәсіби білімі жоқ жастар көптеп кездесуде.

«Жұмысы жоқ жастардың көбісінде орта білім ғана бар. Өткен жылы 18-ден 29 жасқа дейінгі жас аралығындағы жастардың саны 380 мың адамды құрады.Президенттің Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің 2018 жылғы 30 мамырдағы отырысында берген тапсырмасына сәйкес Білім және ғылым министрлігі 18-ден 29 жасқа дейінгі жас аралығындағы жастарды, оның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту бойынша жол картасының жобасын әзірлеуге қатысты.Жол картасы жобасындағы 30 ісшараның он төртінші бойынша Министрлік бірлескен орындаушы болып табылады», - деді Е.Сағадиев.

Сондай-ақ, 2014 жылдан бастап «Серпін» жобасы іске асуда. Қазіргі таңда Серпін жобасы аясында 9 облыстағы 26 ЖОО-да он екі жарым мың студент және 7 регионда отыз жеті колледжде 2 мың 300 студент білім алуда.

«Жалпы, аталған жоба жастар, әсіресе, әлеуметтік статусы төмен отбасындағы жастар арасында үлкен қызығушылық туғызуда және олар-дың кәсіби дамуына әлеуметтік лифт болып табылады.Бірақ та, осы Жоба бітірушілеріне жұмысқа орналасуда кепілді орынның болмауы –проблемалық мәселенің бірі.Осы мақсатта Министрлік «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жап-пай кәсіпкерлікті дамытудың төрт жылға арналған мемлекеттік программасының жобасына оқу орындарын бітірген Жоба бітірушілерін еңбек күші аз өңірлерге   міндетті түрде жұмысқа орналасу бойынша норма енгізді», - деді ол.

Министрдің айтуынша,  жоба аясында бітірушілерді жұмыспен қамту үш жақты келісімге сәйкес жүзеге асады, яғни шарт білім беру ұйымы, жұмыс беруші мен білім алушы арасында жасалады.

«Жастарды бөлу, оларға жұмысқа тұруға жолдама беру және жұмысқа орналасу білім беру ұйымдарының бағыттарына сәйкес жергілікті атқарушы органдар жасауға тиіс.Одан басқа, Бюджет кодексіне сәйкес Серпін жобасына көзделген қаржы 2019 жылдан бастап республикалық бюджет-тен трансферт ретінде акиматтар бюджетіне беріледі», - деді Е.Сағадиев.

Сонымен бірге, 2017 жылдан бастап баршаға арналған тегін техникалық-кәсіптік білім жобасы іске асуда. Осы жобаға сәйкес барлық ниет білдірушілердің тегін кәсіпті алуға мүмкіндігі бар.

Жоба шеңберінде колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы 54%-ға дейін көбейді.

«Бұл соңғы 5 жылдан бері жыл сайын қысқарып жатқан колледждер санының келеңсіз трендін тоқтатуға жағдай жасады.Одан басқа, дуальды оқытуды енгізу бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүріп жатыр. Дуальды оқыту 460 колледжге енгізілді, оған 3 мынан астам кәсіпорын қатысады. Дуальды оқыту бойынша 31 мың студент білім алуда», - деді Е.Сағадиев.

Министр  Жол картасы бойынша тиісті жұмыстар жалғасатынын айтты.

Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрі Мәдина Әбілқасымова  осы бағытта жастарды білім деңгейі, әлеуметтік статусы, жұмыс тәжірибесі, алатын табысы және қалада/ауылда  тұратын жері бойынша  жіктеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.

«Жастардың 7 санаты айқындалды, олар бойынша Жол картасы шеңберінде білім беру, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қолдау қажеттілігіне байланысты нақты шаралар қолға алынатын болады.2018 жылғы ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ды немесе 82,4 (сексен екі) мың адамды құрайды. Бұл республикадағы жұмыссыздықтың деңгейінен төмен», - деді М.Әбілқасымова.

Министр айтып өткендей,  жұмыспен  қамтылған жастардың жалпы саны – екі миллион 100 мың  адамды құрайды.

«Жұмыспен қамтылған жастардың 1,5 (бір жарым) миллионы жалдамалы жұмыскерлер, ал 456 (төрт жүз елу алты) мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады.Жыл сайын 120 (жүз жиырма) мыңнан астам мектеп түлегі еңбек нарығына қосылады, олардың           18 %-ы (он сегіз пайызы) колледжге, 60 %-ы (алпыс пайызы) жоғары оқу орындарына түседі, ал қалған 19%-ы (он тоғыз пайызы) мамандық алмай қалады, қалған 4 %-ы (төрт пайызы) шетелге кетеді, әскерге шақырылады.Жастардың 36%-ында (отыз алты пайызында) жоғары білімі,  39%-ында (отыз тоғыз пайызында) арнайы орта білімі бар. Ал жастардың 25%-ының (жиырма бес пайызында) білімі негізгі, бастауыш, жалпы білім деңгейінде», - деді министр.

Министр айтқандай, осыған байланысты білімі жоқ жастарды алғашқы мамандығымен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2017 жылғы                1 қыркүйектен бастап Тегін кісәптәк техникалық білім жобасы іске асырылуда.

Жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіптеріне оқытылады. Осы жоба бойынша жастар қатарынан 38 мың адам оқытылып жатыр.

Батыс Қазақстан бойынша   бойынша есеп берген облыс әкімі Алтай Көлгінов   БҚО-да  136 мыңнан астам жас тұратынын жеткізді.

« Өңір жастарының дамуына және өзін-өзін дамытуға арналған жол картасы әзірленді. Жұмыспен қамту  және   сапалы біліммен қамтамасыз ету, бос уақытты ұйымдастыру сынды мәселелер қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігі толық қолданылуда», - деді А.Көлгінов.

Қорытындысында,  жол картасының  тиісті қаулы жобасына дауыс беріліп, мақұлданды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика