Жаңа бағыттың экономикалық саясаты

Ауыл шаруашылығына «легионерлер» тарту керек пе?

Эксклюзив
Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін, жаппай оқытуға алдағы 3 жылда, жыл сайын 100 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Сөйтіп, 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге көбейту көзделген. Ал бұл межеге қалай қол жеткіземіз? Экпортқа ауыл шаруашылығындағы өзге өнімдерді былай қойғанда, осыдан 2 жыл бұрын, яғни 2016 жылы ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға жеткіземіз деген мақсат болған. Биыл 2018 жыл. Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеевтің есебі бойынша биыл ғана ет және ет өнімдерінің экспорты 15 мың тоннаға жетеді екен. 60 мың қайда, 15 мың қайда?
Астана қаласы23 Қазан , 17:14

 Егер алдыңғы 2011-2015 жылдардағы ауыл шаруашылығын «көркейту» бағдарламасы дұрыс жүзеге асқанда, біз 2016 жылы – 60 мың тонна етті сыртқа шығарып, тағы 5 жылдан кейін - 180 мың тонна етті экспорттап, мұртымыз майланып отыруы керек еді. Егер сол есепке салсақ, біз қазір кемі 100 мың тонна етті сыртқа сатып отыруымыз керек болатын. Соңғы бірнеше жылда шетелден қыруар қаржы құйып ірі қара сатып алғанымызбен, қазіргі ірі қара малдың саны сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы көрсеткіштің жартысынан енді асты. 1991 ж – 9,8 млн болса, 2018 – 6,8 млн ірі қара бар. Министрі ауысқан сайын мемлекеттік бағдарламасы да ауысып отыратын ауыл шаруашылығы саласындағы бүгінгі жағдай қандай? Біз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің хатшысы Жексенбай Қартабайұлымен шағын сұхбат құрған едік. Сұхбатта біраз мәселенің басын қайырған болдық...  

– Қайырлы күн, Жексенбай Қартабайұлы! Осы биылғы Жолдауда Елбасы Н.Назарбаев ауыл шаруашылығына қатысты үлкен бір сын ескертпелер жасады. Соның ішінде үлкен жер иеленушілер, байлар, әсіресе, үлкен-үлкен жерлерді иемденіп алып, не өздері істемей, не елге бермей, не мемлекетке өткізбей, мемлекет басшысының өзі «шөмеле қорыған иттей болып отыр», деді. Бұл биік мінберден айтылған қатты сын! Бұдан 2-3 жыл бұрын Ұлттық комиссия құрылды осы жер мәселесі бойынша, ол кезде де қоғам белсенділері «латифундистерден жерді қайтару керек, жерді оларға алуға шектеу қою керек», деді. Кеше мемлекет басшысы осы мәселені қайтара айтып отырған болса, баяғы Ұлттық комиссиядан да, «Жер қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгертулерден де ешқандай қайыр болмағаны ма?

 – Бұған енді, тереңірек үңілу керек. Ол «Жер туралы» Заңға енгізілген өзгертулер осы жазғытұрым ғана дүниеге келді. Ол қазір қолданыста. Мәселе қайда? Сол ең бірінші қабылданған Жер Кодексінен басталып, бұнда біраз қарама-қайшылықтар туындады. Қарама-қайшылық дегеніміз, мысалы, шектеу болмады. Кім қанша алса, сонша алуға құқылы болатын. Сол арқылы қандай да бір мониторинг жүргізілмеді, талдау жүргізілмеді, бақылау нақты болмады. Және мынау Жер комиссиялары өздерінің нақты, түйткілді, жағдайларын аңғармай, осындай біз жағдайға душар болуға тура келді. Енді қазіргі уақытта, бұл мәселелер түзетілді. Орысша айтқанда «закон обратной силы не имеет» дейді. Сол айтқандай бұлардың барлығы бұрынғы Жер кодексімен алынған дүниелер. Енді міне жазғытұрым, жаңадан Жер қатынастары туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Ол ендігі бөлінетін жерге, барлық нәрсені қарастырады. Елбасының айтқаны өте орынды және дер кезінде айтты. Неге десеңіз, енді айта айта шаршаған да болармыз. Сондықтан іске кірісу керек.

Қазір қалай? Ең бірінші кезекте күллі егістік жерлерді инвентаризация жасап, соның иелерін анықтап, қай жер қаншалықты құнарлығымен жұмыс жасап жатыр, қайсысы қалай игеріп жатыр, қандай технологиямен игеріліп жатыр, әлде жәй тек қана сеуіп, тек қана алып жатыр ма?  

- Осыдан екі жыл бұрын, арнайы құрылған Ұлттық комиссия жұмыс істеген кезде сол жерлерді инвентаризация жасаған жоқ па? Қай жерде қандай жер бар, шөл жер, шөлейіт жер деген сияқты...

- Оның бәрі айтылды. Енді сол арқылы, сол Жер комиссиясы құрылғаннан кейін Жер кодексіне өзгерістер пайда болды ғой. Оның қолданысқа енгеніне 5-6 ай ғана болды. Енді соның жұмысын ары қарай түбіне дейін жеткізу керек. Осыған сәйкестендіру керек.

- Өзіңізге белгілі 2017 жылы Ауыл шаруашылығы өнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды, оған қыруар қаржы бөлінді. Сөйтіп жүзеге асырыла бастады. Ауылдардағы шағын оншақты бас малы бар адамдардың бәрін кооперацияларға біріктіру керек, олар белгілі бір деңгейде жұмыс істеп өнімділігін арттыру керек және олардың өнімін, айталық, етін, сүтін, майын қалаға тасымалдау кооперациялар арқылы жүзеге асатын болады деді. Сөйтіп, жұмыс басталып та кеткен болатын. Шамамен, былтыр осы уақыттарда ел бойынша 500-ге жуық кооперациялар құрылды деген ақпараттар да тарады. Іле-шала министр ауысты, министрліктің басына басқа кісілер келді, саясат өзгерді. Ірі шаруашылықтарға көңіл бөлу керек, деген мәселелер айтылды. Ал енді қазір осыдан бірдеңе өзгерді ма? Жалпы, осы мәселеге қатысты саясатты өзгерткеннен экономика, ауыл шаруашылығы бірдеңе ұтты ма?

- Тек қана ірі шаруашылықтар деп айтуға болмайды. Бұған барлық шаруашылықтарды дамыту керек. Әртүрлі деңгейдегі. Қазіргі біздегі қосалқы шаруашылықтан бастап, шаруа қожалықтары бар, орта шаруашылықтар бар және жаңағы холдингтеріміз бар, егістік компанияларымыз бар. Осылар барлығы бірдей даму керек. Қазір бізде көп жағдайда Үкіметтен бөлінген қаражат сол ірі компанияларға түсіп жатыр. Ал жаңағы ұсақ шаруашылықтар, орта шаруашылықтар сыртта қалып жатады. Оның үстіне, екінші деңгейдегі банктер де солай. Олардың өздерінде ауыл шаруашылығына бөлінген қаржысы 4% аспайды, барлық портфелінен. Ал сол 4% өзінің 99% тек қана ірі шаруашылықтарға кеткен. Елбасы да айтты оны, біз ауылды мекендерде орта және ұсақ бизнесті дамытуымыз керек деді.

- Елбасы айтуын айтты ғой, бірақ, осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларда көп олқылықтар бар сияқты... Жаңағы сіз айтып отырған шаруашылықтарды ірілендіруге де, жаңағы бордақылау алаңдарын салуға да, тіпті сүттің танкерін сатып алуға дейін қырғын ақшалар бөлінді ғой. Осы бүгінгі таңда пайдаланылып жатыр, деп айта аламыз ба? Бордақылау алаңдары болсын, сүт шаруашылықтары болсын.

- Біздегі өңдеу орындарының 60% ғана, шикізатпен қамтылған. Қалған 40% өзіміздің өнімдермен қамтылмаған. Мәселе осында. Біз 2014 жылдары сырттан мал әкеле бастадық.

- Иә, 2013-2014 жылдары шамамен, шетелдерден ірі қара сатып алынды. Асыл тұқымды, ет тұқымдас сиыр, бұқалар арнайы әкелінді. Енді олар не өспейді, не өнбейді қайда кетті солар? Ет қайда өзі?

- Сол бағдарлама бойынша біз 2016-2017 жылдары 60 мың тонна етті экспортқа шығаруымыз керек болатын. Бірақ, өкінішке қарай осының бәрі қағаз жүзінде ғана қалып қойды.

- 2016 – шы жылы 60 мың тонна ет шыққан жоқ қой, экспортқа?

- Шыққан жоқ.

- Қазір 2018-ші жыл, шықты ма?

- Жоқ. Оның мәселесі көп.

- Енді 60 мың тонна дедік қой, қазір тым болмаса, 15-20 мың шығарамыз ба?

- Енді соның ар жақ бер жағы ғой. ..

- Тіпті, сыртқа шығара алмадық, ішкі нарығымызды қамти алып жатыр ма?

- Енді қалай деп айтуға болады. Біздің өндірген өнімдеріміз, ауыл шаруашылығындағы сүт, ет және тағы басқа өнімдер болсын, картоп, көкөнісіміз болсын, көбінесе өңдеусіз кетеді, сыртқа. Шикізат ретінде кетеді.

- Бұның себебі неде?

- Себебі, тәжірибесі мол мамандардың жоқтығы деп ойлаймын. Содан барып жаңағыдай өзгерістерден өзгерістерге ұшырай береміз.

  • Сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

P.S.: Қазір, сыртқа ет және ет өнімдерін шығармақ түгіл ішкі нарықты толық қамти алмай отырмыз. Соңғы деректерге сүйенсек, құс еті бойынша әлі де импортқа тәуелді екенбіз. Елбасы биылғы Жолдауында, «Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек», деді. Яғни, депутат айтпақшы, өз маманымыз жоқ па, онда шетелден «легионерлер» жалдауға тура келеді, амалсыз.

Дәулетхан Жиенқұлов




Яндекс.Метрика