Шолу

Рухани жаңғыру: «Нұр Отан» партиясының жаңа жобалары

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде партия қызметін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы бағытта бірқатар нақты стратегиялық жобалар қолға алынып, оларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері де қарастырылған. Аталған партиялық жобалар Үкімет және бизнес қауымдастықпен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Нұр Отан» партиясы жаңғыру аясындағы жаңа жобалары туралы баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Астана қаласы23 Сәуір , 15:06

Елбасы 2017 жылдың қараша айында өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында нұротандықтардың алдына нақты міндеттер қойып, бірқатар басым бағыттарды анықтап берген болатын. Соның ішінде Мемлекет басшысы барлық партиялық технология ашық ақпараттық қоғамға бейімделу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына белсене қатысу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің аясын кеңейтіп, кәсіпкерліктің дамуына үлес қосу мәселелеріне айрықша назар аударды.

 «Нұр Отан» партиясы бірнеше стратегиялық жобаларды қолға алып отыр. Олардың қатарында цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған партиялық жобалар бар. Бұдан басқа жалпыұлттық күн тәртібіне және стратегиялық бағдарламалық құжаттарды дайындауға белсене қатысу, партия кадрлық резервін жандандыру, еліміздегі жастар саясатын одан әрі жетілдіру, партияның талдау және сараптау әлеуетін арттыру сияқты бірқатар нақты бағыттар бойынша да арнайы жобалар жүзеге асырылатын болады.

«Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына «Нұр Отан» партиясы да өз үлесін қосады. Соған орай біз цифрлы партия құру, балаларға арналған тегін IT-сыныптар ашу және IT-мамандар даярлау ісін қолға алып отырмыз. Бұл жобалар алдымызда тұрған ең басты мақсат – дамыған 30 елдің қатарына қосылуға және қазақстандықтардың әлемдік бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға өз септігін тигізеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Балаларға арналған тегін IT-сыныптардың көтерер жүгі салмақты болмақ. Бұл жоба аясында еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашылып, онда жылына 8-16 жас аралығындағы 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында Еуропалық білім беру стандарты негізінде тереңдетілген білім алады.

Әзірге 2018-2020 жылдарға, яғни үш жылға жоспарланған бұл жоба бойынша 450 мың баланы оқыту көзделіп отыр. Бұл бастама мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, үш айлық және алты айлық курс ретінде жүргізіледі.

Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған келесі партиялық жоба – ІТ-мамандар даярлау бастамасы. Бұл жоба бойынша алдағы үш жылда елімізде жұмыс беруші ІТ-компаниялар мен ірі жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылып, жылына 35 мың адам білім алады.

Олардың қатарына жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған жастар да жұмылдырылады. Бұл орталықтарда бүгінде әлемдік деңгейде сұранысқа ие цифрлау тәсілдері мен Java, Python, PHP, Swift сияқты бағдарламалау тілдері оқытылады. Орталық түлектеріне бір жыл бойы қолдау көрсетіліп, олардың жұмысқа орналасуына да мейлінше жағдай жасалады. Осы ретте аталған сыныптар мен орталықтар Astana Hub Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркімен бірлесіп жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Осылайша, «Нұр Отан» партиясы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасамақ.

Бұл тәжірибе бүгінде әлем бойынша кеңінен қолданылады. Қазірдің өзінде интернеттегі жүздеген фриланс-биржаларда 10 миллионға жуық ІТ-тапсырыстар жарияланған. Бұл нарықтағы қаржы көзі де аса қомақты, яғни шамамен 3,5 трлн. АҚШ долларын құрайды. Бүгінде әлемнің әр түкпіріндегі 57 миллион адам осы тапсырыстар арқылы ақша тауып отыр. Осы тұрғыдан келгенде аталған жобалардың берері мол екені айқын байқалады.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы кәсіпкерлерге арналған Бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құруды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – бизнес саласындағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең үздік үлгілерін енгізу және бизнестегі шығындарды азайту.

Нәтижесінде кәсіпкерлердің еліміз бойынша коммерциялық мақсаттағы жер телімдері мен аукциондар туралы толық мәлімет алуына, бизнес жүргізудің бірыңғай стандартын енгізуге және электронды үкімет жұмысын жандандыруға мүмкіндік туады.

Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы өңірлерде мемлекет пен бизнестің әлеуметтік саладағы ынтымақтастығын одан әрі арттыруға арналған бірнеше жобаны қолға алып отыр. Сол арқылы мектеп асханаларының жұмысын жаңғыртып, спорт алаңдарын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Одан бөлек, бастауыш сынып оқушыларына арналған денсаулық сабағы оқытылады.

Еліміздегі мектеп асханалары бірыңғай стандарт бойынша арнайы қондырғылармен жабдықталып, ас мәзірі де мемлекеттік стандарт негізінде дайындалады. Спорт алаңдары да қысқы және жазғы мезгілге сай жабдықталып, сабақтан тыс уақытта ақылы негізде өзге азаматтарға пайдалануға беріледі. Бұл жұмыстар жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүргізілетінін ерекше атап өткен жөн. Осылайша еліміздегі 3 миллионға жуық мектеп оқушыларының саламатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай жасалмақ.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да партия бірқатар басым бағыттарды қолға алды. Бұл ретте ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйренуге қолайлы орта қалыптастыруға және елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға басымдық беріліп отыр. Соған байланысты ағылшын тілін еркін меңгерген 500 қазақстандық және шетелдік жас ерікті ауылдық мектептерге жіберіліп, олар арнайы құрылған клубтарда жергілікті жастарға тіл үйрететін болады. Еріктілер байқау негізінде іріктеледі. Партиялық жоба аясында ағылшын тілін үйрететін арнайы жазғы лагерлер де өз жұмысын бастайтын болады.

Партияның бастамасымен отандық кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрып, олардың жұмысын жандандыру ісі де қолға алынбақ. Соның нәтижесінде бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды форматқа көшіріледі. Бұл жүйеге барлық мектеп және университет кітапханалары да қосылады. Кітапханаларда жастарға арналған қызықты лекциялар ұйымдастырылып, пікірталас алаңдары жұмыс істейді. Сол арқылы қазақстандық кітапханалар заманауи бағытта қызмет көрсетіп, халық маңызды, сұранысқа ие кез келген әдебиетті оқуға мүмкіндік алады.

Еліміздегі жастар саясатын жандандырып, осы бағыттағы жұмыстарды заман талаптарына сай жүргізу ісі де партияның басты назарында. Сол үшін «Жас Отан» Жастар қанатын трансформациялап, барлық салада ел жастарының белсенділігін арттыру көзделіп отыр.

«Қазір бүкіл әлем қарқынды дамып қана қоймай, жедел өзгерістерге ұшырауда. Сондықтан біз де бүгінгі заман талаптарына сай бейімделуіміз керек. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы нақты жобаларды қолға алып, жұмысты бастап кетті. Бұл жобалардың жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты сарапталып, тиімді тетіктері алдын ала мұқият зерттелді. Партия осындай нақты жобалар арқылы Елбасы айқындап берген мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырып, стратегиялық бастамаларға белсене қатысатын болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары білім мен біліктілікті, тәжірибе мен талапты қажет ететін мұндай ауқымды жұмысты партия мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп атқаратынын атап өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, ауыл жастарының бәсекеге қабілеттілігін аттыру үшін оларға ағылшын тілін үйретеміз. Яғни ауылдарда ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік жасаймыз. Болашақта ағылшын тілін білмесе, ертең жақсы жұмысқа орналасу барысында қиындықтар болуы мүмкін. Осы мақсатта, ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйрететін клубтарды ашуды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Осы орайда Мәулен Әшімбаев ауыл жастарына ағылшын тілін кімдер үйретенін айтты.

«Бұл жұмысты да «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдармен бірге жүзеге асырамыз. Бұл клубтарға біз волонтер ретінде шетелден 500-ден астам ағылшын тілінде сөйлейтін жас азаматты тартамыз. Сондай-ақ жобаға Қазақстанда ағылшын тілін үйреніп жүрген студенттер де қатысады. Олар кезең-кезеңімен осы клубтарда ауыл жастарына ағылшын тілін үйретеді. Волонтерлар ақысыз жұмыс істейді», - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Сөз соңында ол аталған жобаға қатысты кейбір сұрақтар әлі пысықталып жатқанын атап өтті.

«Волонтерларды қалай шетелден алып келеміз? Оларлың әлеуметтік мәселелерін қалай шешеміз?» деген сұрақтарды біз пысықтап жатырмыз. Нақты жоспарымыз бар», - деп түйіндеді сөзін Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде вице-премьер Асқар Жұмағалиев пен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Аблай Мырзахметов те аталған жобалардың маңыздылығына назар аударып, оларды жүзеге асыру үшін Үкімет және бизнес-қауымдастық тарапынан қажетті барлық жағдай жасалатынын жеткізді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика