Экономика

АЭА туралы заң: 2022 жылға дейін 10 мың жұмыс орны ашылады

Қазақстан Республикасының «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заң жобасы арнайы экономикалық аймақтар саласындағы заңнаманы жетілдіру мен индустриялық аймақтардың қызметін құқықтық реттеу мақсатында әзірленді. Мәжілісте аталған заң бірінші оқылымда мақұлданды.
Астана қаласы07 Қараша , 16:04

Заң жобасы туралы баяндамаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек  заң жобасының негізгі реформаларына тоқтап өтті.

«Олар: арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриялды аймақ қатысушыларына жер учаскелерін ұсынудың жаңа механизмін енгізу, Индустриялды аймақ қызметін құқықтық реттеу;, қызметтің басым түрлері тізіміне қосымша қызмет түрлерін енгізу тәртібін қайта қарау, Арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриялды аймақты басқарушы компаниялардың қызметін қаржыландыру мүмкіндігі, басқарушы компаниялармен мақсатты индикаторлардан тұратын даму стратегиясын әзірлеу талаптары жатады», - деді министр.  

Сондай-ақ, министр атағандай,  басқарушы компаниялардан Арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриалды аймақ қатысушыларына жер учаскелерін ұсынудың жаңа механизмі енгізіледі.

«Бүгінде қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес жер учаскесін алу процесі күрделі. Оған шамамен 6-9 ай уақыт кетеді.Соның салдарынан жобаларды іске қосу мерзімі созылады. Инвесторлар да уақыт жоғалтады. Соңында материалдық шығынға ұшырайды.Бұдан бөлек, қазіргі «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңда және Жер кодексінде қарастырылған жер қатынастарын регламенттеу қиын және заңнамалық актілер арасындағы ерсілі-қарсылы сілтеме нормаларымен сипатталады», - деді министр.

Осыған байланысты, заң жобасы қатысушылардың қысқа мерзімде және жеңіл процедуралар арқылы жер учаскелерін алу тәртібін оңтайландыруға бағытталған.

Атап айтқанда, Арнайы экономикалық аймағы құрылатын мемлекет меншігіндегі жер учаскелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес басқарушы компанияларға қайтарымды негізде уақытша пайдалануға берілетін болады. Ал, жеке меншіктегі жер учаскелері уақытша пайдалану келісім-шартына сәйкес беріледі.

«Өз кезегінде, басқарушы компаниялар бұл учаскелерді өздері сегменттеп, Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына  ұсынады.Заң жобасы аясында Арнайы экономикалық аймақты басқарушы компаниялардың уәкілеттілігі мен мәртебесі, сондай-ақ қажетті нормативті-құқықтық актілерді әзірлеу мен бекітуде уәкілетті органның құзыреті күшейтілді.Бұл шара жер учаскелерін және басқа да рұқсат құжаттарын алудың тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары мен жергілікті атқарушы органның тікелей байланысын жояды», - деді Ж.Қасымбек.

Ол айтқандай,  индустриалды аймақ үшін баламалы механизм жобаланады.

« Рұқсат етілген қызмет түрлерін анықтау тәртібі қайта қаралды.Заң жобасында АЭА-ның ерекше құқықтық режимi басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiн әзiрлеу мен бекiтуде уәкiлеттi органның құзыреті кеңейтіледі. Сонымен қатар, бұл тізімдер Арнайы комиссия арқылы өзектендіріледі. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар кіреді.Комиссияның қызметі барлық әлеуетті қатысушылардың өтініштерін қарау.Арнайы комиссияның оң шешімі негізінде Экономикалық қызметтің жалпы классификаторына сәйкес Арнайы экономикалық аймақ үшін рұқсат етілген қызмет түрлері тізімін анықтау бойынша Уәкілетті органның бұйрығына өзгертулер енгізіледі», - деді ол.

Бүгінгі таңда басқарушы компаниялардың қызметін қаржыландыру Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына көрсетілетін қызметке үстемақы мен жарғылық капитал ретінде енгізілген құралдар есебінен жүзеге асырылады.

«Тәжірибе көрсеткендей, АЭА-да тиісті («Ақтау теңіз порты», «Сарыарқа», «Павлодар») қаржыландырудың болмауы оған қатысушыларының жетіспеушілігіне тікелей байланысты болып отыр.Осыған орай, басқарушы компанияларды бюджеттен қаржыландыру ұсынылады. Бұл Арнайы экономикалық аймақты тиісті жобалармен толтыруға және өзін-өзі ақтауға мүмкіндік береді.Басқару органдарымен Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту стратегиясын әзірлеу талаптары қарастырылды.Даму стратегиясы мен нақты жобалардың болмауы Арнайы экономикалық аймақтарды құру нәтижесін баяулатады. Бұл Қазақстанның жалпы индустриялды-инновациялық дамуына кері әсер етеді», - деді ол.

Заң жобасында Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін қысқа мерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажеттілігі қарастырылады. 

«Мұндай стратегиялар әр Арнайы экономикалық аймаққа қажетті жобаларды іске асырудың нақты жоспарын жасауға ықпал етеді, сондай-ақ ел экономикасы мен саясатындағы кез келген өзгерістерге дайын болады.Индустриялық аймақ қызметі тек қана Кәсіпкерлік Кодексте бекітілген және тек түсінік берілген. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында Индустриялды аймақтарды қаржыландыру механизмі белгіленген.Бұдан бөлек, саясатқа, инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға жауап беретін бірыңғай мемлекеттік орган жоқ», - деді Ж.Қасымбек.

Айта кетейік, қазіргі уақытта ИА қаржыландыру әр түрлі бағдарламалар арқылы іске асырылады.

Осыған байланысты, заң жобасында Индустриялық аймақтардың және оларды басқарушы компаниялардың қызметі реттелді. Сонымен қатар, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялды аймақ қызметін реттейтін уәкілетті орган ретінде белгіленді.

Сондай-ақ, заң жобасында Индустриялық аймақтар  республикалық және өңірлік маңыздағы, шағын және жеке индустриялық аймақтар болып бөлінді.

Республикалық және өңірлік маңыздағы Индустриялды аймақтар жергілікті атқарушы органның шешімімен құрылатын болады.

«Заңнамаға сәйкес, жеке Индустриялық аймақтарды заңды немесе жеке тұлғалар өз қаражаттары есебінен құра алады.  Олар Индустриялық аймақ құру тұжырымдамасын жергілікті атқарушы органмен келісетін болады.Сондай-ақ, заң жобасында Арнайы экономикалық аймақтардағы іске асып жатқан жобаларды бағалау мен бақылау мүмкіндіктері, басқарушы компаниялардың білікті қызметкерлерін дайындау және қайта даярлау, АЭА қатысушыларының бірыңғай реестрін жүргізу және қатысушысы куәлігін беру, сондай-ақ Индустриялды аймақтардың реестрін жүргізуде Бірыңғай үйлестіру орталығының өкілеттілігін кеңейту қарастырылды», - деді Ж.Қасымбек.

Заң жобасын қабылдау Арнайы экокномикалық аймақтар мен Индустриялды аймақтардың жұмысын жандандыруға, 2022-ші жылға дейін қосымша 10 мың жұмыс орнын ашуға және 150-ден астам жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика