Сараптама

АЭФ-тің республикалық бюджет тарапынан қаржыландырылуы

Эксклюзив
2018 жылдың 17-19 мамыр күндері әдеттегідей ХІ Астана экономикалық форумы өткізіледі. Бұл шара – еліміздегі және бүкіл Еуразия аймағындағы ең басты күтілетін экономикалық оқиғалардың бірі. Жыл сайын форумға әлемнің белгілі ғалымдары, экономистері, бизнес пен мемлекеттік менеджменттің өкілдері, саясаттанушылары, түрлі салалардағы сарапшылар қатысады. 10 жыл ішінде форумға әлемнің 150 елінен 50 000-нан астам делегат қатысқан, солардың қатарында 20-дан астам Нобель сыйлығының лауреаттары, 30-дан астам жоғары деңгейлі шетелдік саяси қайраткерлер.
Астана қаласы05 Мамыр , 10:09

Ең алғаш рет Астана экономикалық форумын өткізу жөніндегі ұсыныс ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Еуразиялық қоғамдастықтың экономикалық интеграциясына жәрдемдесуге және халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубын құру жөніндегі бастаманы жариялау кезінде айтылған болатын. Нәтижесінде, І Астана экономикалық форумы 2008 жылдың 26-27 маусым күндері өткізіліп, Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы құрылды.

Форумның негізгі ұйымдастырушылары – ҚР Үкіметі, Экономикалық зерттеулер институты және экономикалық бастамалардың қазақстандық Қоры. Форумның бас әріптесі – «Самұрық-Қазына» Қоры. Жыл сайын форумды ұйымдастыру шығындары бір жағынан республикалық бюджет тарапынан мемлекеттік тапсырма ретінде қаржыландырылса, екінші жағынан арнайы демеушілерді тарту арқылы қаржы шығындары көтеріледі. Мәселен, биылғы жылы форумды өткізу үшін республикалық бюджеттен 410 млн теңге бөлінген.

Кесте 1. Астана экономикалық форумының республикалық бюджет тарапынан қаржыландырылуы

Оған қоса, 2016 жылдан бастап алғаш рет форумға қатысу үшін ақылы тіркеу алымы енгізілді. Тіркеу алымын енгізу шараны коммерцияландыру және өзін-өзі ақтауын арттыру мақсатында қолданылды.

Жалпы алғанда, өткен 10 форумды сапалық жағынан саралайтын болсақ, бұл іс-шара мазмұны жағынан бірте-бірте өзгеріске ұшырағанын аңғаруға болады. Егер бастапқы жылдары негізінен тек қана макроэкономикалық реттеу, қаржы мәселелері және бәсекегеқабілеттілікті жоғарылату жолдары талқыланса, уақыт өте келе тұрақты даму және жасыл экономиканы дамыту, ашық үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметті жаңғырту, жаңа технологияларды игеру, адами капитал сапасын жоғарылату, әлеуметтік жағдайды жақсарту сияқты қосымша бағыттар форум бағдарламасына қосылған болатын.

Осыған байланысты қазіргі уақытта форум тек қана экономикалық мәселелер мен үрдістерді саралайтын алаң ретінде ғана емес, сонымен қатар негізгі геосаяси, өндірістік және әлеуметтік сын-тегеуріндерді талдап, оларды шешуге бағытталған ұсыныстармен бөлісуге мүмкіндік беретін шара ретінде қабылданады.

Сонымен қатар, форумның тағы бір артықшылығы — бұл шара сыртқы ортада елімізге деген экономикалық қызығушылықты арттырып, қосымша халықаралық инвесторларды тартуға мүмкіндіктер туғызады.

Кесте 2. 2008-2017 жж. Астана экономикалық форумының негізгі бағыттары

Биылғы жылы форум жаңа Global Challenges Summit түрінде өткізіледі. Рет саны бойынша он бірінші рет өткізілетін форумда он бір ауқымды тақырып талқыға түседі. Атап айтқанда, келесі бағыттар: бірыңғай экономика әлемі, жаһандық стратегия әлемі, ресурстар әлемі, қалалар әлемі, жаңа таза энергия әлемі, ұзақ өмір сүру әлемі, болашақ ақша әлемі, жаһандық қауіпсіздік әлемі, жаңа адам әлемі, сингулярлық әлемі, цифрлық әлем. Яғни, бұл формат экономикалық дамуға әсер ететін факторларды жан-жақты саралауға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың алдын ала мәлімдеуі бойынша, осы жылғы форум шаралары жаңа форматтарды қолдану арқылы жүргізіледі. Олардың қатарында TED talks, инновациялық презентациялар, сарапшы-визионерлердің баяндамалары. Сондай-ақ пікірталас, дискуссия түріндегі шаралар белгіленген. Айта кететін жайт, мұндай форматтағы шаралар өткен форумдар да сәтті қолданылды.

Оған қоса, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың мәлімдеуі бойынша, биылғы форум 3 күнге созылғандықтан, алғашқы екі күнде жаһандық сын-қатерлер жалпы талқыға салынса, соңғы үшінші күні берілген қатерлерге қарсы тұру немесе оларға бейімделу үшін қажетті нақты ұсыныстарды топтастыруға арналады.

Қорыта келгенде, келер ХІ Астана экономикалық форумына артылатын үміт көп, бірақ оның негізгісі – жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерді ескеріп, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында Қазақстан экономикасының ілгері дамуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған ұтымды шешімдерді табу. Бұл басты міндет орындалған жағдайда, аталған шараның өзін-өзі толық ақтағаны.

Найля Әлмұхамедова

 




Яндекс.Метрика