Адами капитал

Астанадағы ерекше балалар жазғы демалысын қалай өткізуде

Елімізде ерекше балалар үшін бірқатар қоғамдық, әлеуметтік шаралар ұйымдастырылып тұрады. Бүгін Астана қаласының арнайы коррекциялық мектеп-интернатының 25 оқушысы «Барыс» хоккей клубының ойыншыларымен кездесті. Ерекше балалар хоккей клубының жаттығу сәтін тамашалап, сыйлықтарға ие болды. Толығырақ, келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы02 Тамыз , 13:48

«Барыс-Аренаға» ерекше балалардың арасында алғаш келгендері де, бұрыннан жанкүйер болып жүргендері де бар. Жалпы, балалар үйі   мен   мектеп-интернатта білім алатын, үйде оқитын  ерекше балалар  үшін осындай  іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады, дейді «Аяла»   қайырымдылық қоры президентінің кеңесшісі   Салтанат Әскербекқызы.

  « «Барыс» хоккей клубының бастамасымен бүгін ерекше балаларды аренаға әкелдік. Мұндай шараны олар бірнеше рет ұйымдастырып отыр. Наурыз айында   балалар үйінің тәрбиеленушілері екі күн бойы жаттығуларды тамашалап, сыйлықтарға ие болған. Бүгін  Астанадағы коррекция  мектеп-интернатының  25 баласы  келіп отыр», - деді С.Әскербекқызы.

Кеңесшінің айтуынша, аталмыш шаралар балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға бейімдейді.

«Келген балалар ерекше болғандықтан олар үйде білім алады. Спортқа деген құлшыныстары өте жоғары. «Барыс» хоккей клубының  ойындарын қалт жібермейтін  жанкүйер балалар   да бар. Биылғы жылы осындай шара үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл шараны  «Аяла» қорының «4Д»  «Давайте, делать добрые дела» атты   жобасы аясына да енгізуге болады. Осы жоба аясында біз көптеген шаралар  ұйымдастырып тұрамыз», - деді ол.

Оның айтуынша, ерекше жандарға  хоккей клубы   маусымдық кезеңде ойындарды тегін тамашалауға мүмкіндік береді. Ал, жаз айында батут, бассейн сынды  орындарға  жолдама ұсынады.

«Астана қаласындағы спорт кешендері балаларға үнемі тегін билет беріп, олардың спорт сауаттылығын ашуға  өз үлестерін  қосып тұрады», - деді С.Әскербекқызы.

«Барыстың» жаттығуын тамашалауға ағайынды  Бақытгелді мен Қайрат  Заманхандар да келді. Астана қаласының  арнайы коррекциялық мектеп-интернатының  4-сынып оқушысы  Бақытгелді Заманхан  болашақта хоккейші болғысы келетінін айтты.

«Маған хоккей өте ұнайды. Олардың жаттығуларын тамашалауға келдім. Олар сияқты жігерлі, қайратты болғым келеді», - дейді ол.

Өз кезегінде, 14 жасар баласын аталмыш шараға алып келген қамқоршы ана Әсира Рүстембекова осы тектес игі шаралар балаларды сергіту үшін, қоғамнан ажыратпау үшін аса қажет екендігін жеткізді.

«Барысқа балаларды шақырып, құрмет көрсетіп жатқандарына ризамыз. Олардың ойындары көңілден шығып, балалардың қызығушылығын арттырды. Балғындар өте үлкен әсер алды. Баламыз да хоккейшілерден үлгі алып, мен де коньки тепкім келеді дейді. Осындай шараларға жиі барып тұрамыз», - деді Әсира Рүстембекова.

Мектеп оқушылары ойыншылармен суретке түсіп, хоккей клубының сыйлықтарына ие болды.

Аягөз Құрмаш

Фото:Арман Мұхатов

 




Яндекс.Метрика