Басқару

Астанада Елбасының қатысуымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр

Бүгін Тәуелсіздік Сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Іс-шара барысында «Нұр Отан» партиясын жүйелі жаңғырту, сондай-ақ, ҚР Президентінің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру бойынша қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қарастырылады. Кеңейтілген отырысқа барлық өңірлер онлайн қосылды. Толығырақ Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы01 Маусым , 11:37

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев  «Нұр Отан партиясының саяси кеңесінде екі мәселе қарастырылатынын айтты.

«Алғашқысы «Нұр Отан» партиясының жүйелі түрде жаңғырылуы және  екінші Президенттің  бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру, қоғамдық бақылау, қалай өтіп жатқанын қарау. Бүгінгі шараға саяси кеңестің барлық өкілдері, мемлекеттік органдардың жетекшілері, аппараттық партия өкілдері, өңірлік мәслихаттардың хатшылары қатысып жатыр. Бұл өте жақсы үрдіс. Олар барлығын тыңдауы керек, себебі бұл барлығымыз үшін ортақ тапсырма. Өткен жылдың  қараша айында  Саяси кеңестің отырысында  мен партия қызметін өзектілендіру, яғни жаңғырту бойынша бірқатар тапсырма берген болатынмын», - деді Елбасы.

Президент айтқандай, партияның  жалпыұлттық  күн тәртібін әзірлеуге  белсенді қатысуы тапсырылған болатын.

«Кадрлық резервпен мақсатты  түрде  жұмыс істеу тапсырылған болатын. Бұл партияға ғана қатысты емес, барша ел бойынша  жүзеге асырылуы тиіс іс. Ең бастысы партия мүшелерінің саны емес, сапасы үшін жұмыс істеу айтылған. Жастармен  тығыз жұмыс істеу тапсырылды, «Жас Отан»  жастар қанатына  барлық жастар ұйымдарының  қозғаушы күші болу тапсырылды. Жақында  өте сапалы  деңгейде өткен   «Жас Отан» съезінде  елдің жастары мемлекеттің  дамуына белсенді үлес қосып жатқанын көрсетті. Сондай-ақ, мен білім саласын  сараптамалық  зерттеу  мәселелерімен белсенді айналысуды тапсырған болатынмын. Бұл тапсырмалардың  мақсаты  «Нұр Отан» партиясының  елдегі   көшбасшы саяси партия ретінде беделін арттыру, Қазақстанды саясиландырудың  негізгі тірегі ретінде бекіту. Осы аталған тапсырмалардың орындалуын бүгін талқылаймыз», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы  наурыз айында жарияланған  5 әлеуметтік бастаманың  жарияланғанын айтты.

« 5 әлеуметтік  бастама  бұл әрбір қазақстандықтың өмірін жақсартатын әлеуметтік бағдарлама. Бұл бойынша Парламент барлық қажетті заңнамалалық негізді қабылдады. Осы орайда партияның парламенттік  фракциясы ауқымды жұмыс атқарды.  Мен партияға ҚХА-мен бірігіп, аталмыш бастамаларды дүниеге асыру бойынша қоғамдық   бақылау  жүргізуді  тапсырдым», - деді Елбасы.

Елбасы айтып өткендей, бір күн бұрын Қауіпсіздік кеңесінің  отырысы өтті.

«Біз  барлық бастамалар мен оның аясындағы мемлекеттік бағдарламаларды түбегейлі талқыладық», - деді Елбасы.

Өз кезегінде, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев  Елбасының  партияны жаңғырту  тапсырмаларын орындау үшін нақты іс-шаралар атқарылғанын айтты.

«Олардың негізгі мақсаты экономикалық , әлеуметтік, саяси, рухани  салалар бойынша  Президент саясатының  негізгі дәріптеушісі ретінде партия әлеуетін одан әрі арттыру. Елбасының   салиқалы саясатының арқасында Қазақстан  Тәуелсіздік жылдары  үлкен табыстарға қол жеткізді. Қазір Мемлекет басшысы үшінші жаңғыру мақсатын қойып отыр. Осыған байланысты партиямыздың алдында Қазақстан жаңғыруына  жүйелі түрде қатысатын стратегиялық күш болып қалыптасу міндеті тұр. Еліміздегі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ретінде  тың идеялар мен ұсыныстарды жүзеге асыру біздің  басты мақсаттарымыздың бірі. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, ел ауқатын арттыруға бағытталған  5 әлеуметтік бастамасы да алдымыздағы бағыттарды анықтап берді. Бүгінде аталған тапсырмаларды жүзеге  асыру  аясында  нақты тапсырмалар атқарылды», - деді  Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Партияның бірінші орынбасары  тапсырмалар аясында партияның   идеологиялық  күн тәртібі белсенділеніп жатқанын айтты.

«Партия құрылғаннан бері  Елбасының  экономикалық, әлеуметтік, саяси саладағы бастамаларының  сүйемелдеушісі болды. Біз жаңғырту  бойынша «Цифрлық Қазақстан», «Рухани жаңғыру» және шағын және бизнесті қолдау  сынды маңызды бағдарламаларды  түсіндіру бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз. Маңызды бастамаларды талқылау үшін  «Нұр Отан Trend» сынды пікірталас алаңдарын құрдық. Жұмыстың әдісі де жаңғыртылып жатыр. Пратияның  жұмысын тиімділету  мақсатында  жұмысқа  қазіргі заманғы  саяси технологиялар енгізілді», - деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев  қазақстандықтардың цифрлық дағдыларын қалыптастыруға баса мән беріліп отырғанын баяндады.

«Осы жобалар айналасында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру бойынша партияның жұмыстары жүріп жатыр. Біздің бірінші жоба үш жылдың ішінде төрағаның тапсырмасы бойынша 1 мың тегін ІТ-сыныптарды ашуға арналған. Жоба бағдарлама жасау мен робот техникасын оқушылар тарапынан тереңдетіп факультативтік зерттеуге арналған. Жыл сайын осы сыныптарда 150 мыңға дейін балалар оқи алады», - деді Мәулен Әшімбаев.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары айтқандай, аталған сыныптарда білім беру еуропалық стандарттарға сәйкес арнайы бағдарламалар базасында негізінде жүргізіледі.

«Биыл еліміз бойынша 280 сыныпты ашу жоспарланып отыр. Бүгінде 59 ІТ-сынып Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында ашылды. Бұл шаралар «Туған жер» бағдарламасы аясында демеушілік көмек есебінен іске асырылды», - деді М. Әшімбаев.

Сондай-ақ, М.Әшімбаев білікті ІТ кадрларды дайындайтын жобаның қолға алынғанын жеткізді.

«Екінші жоба ІТ-мамандарды даярлауға негізделген. Бұл тұрғыда ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандардың пулын құруға бағытталды. Оның аясында қазақстандық ІТ-компаниялар мен өңірлік ЖОО-лар базасында 20 ІТ-орталықты ашу көзделіп отыр. Осы орайда жылына 35 мыңға тарта адамды, оның ішінде жұмыссыз әрі өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарды оқыту ескерілген», - деді Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Елордада жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы  Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев баяндады.  Ол 2023 жылға дейін 150 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты.

« «Бес әлеуметтік бастаманының» жатақханалар бойынша   тармағын  жүзеге асыру  аясында  1 қыркүйектен бастап   колледждерге жатақханалар ашу  бойынша МЖӘ негізінде пилоттық жоба іске қосылады.  ЖОО-лар мен  жеке меншік колледждерге қатысты жатақханалар бойынша  Білім және ғылым министрлігінің  «Жаңа жатақхананың құрылысы»  бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 11 мемлекеттік колледж бойынша  өзге ғимараттардың  әрекеттегі алаңдарын қолданатын боламыз. Біріншіден, бұл мәселені жылдам шешуге мүмкіндік береді, себебі, бізде колледждержде  жатақхана тапшылығы  екі мыңды құрап отыр. 1-қыркүйектен бастап  олар жатақханада тұратын болады, екіншіден,  бұл жаңа жұмыс орындарын ашу  бойынша шағын және  орта бизнесті қолдау», - деді  қала басшысы.

Әсет Исекешев Астанада «Цифрлық Қазақстан» жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті.

«1-қыркүйекке дейін смарт-білім, смарт-медицина, Е-ПИК, Биг дата бойынша жұмыс аяқталады. Жұмысты жалғастырып жатырмыз, 2019 жылы  бірыңғай геоақпараттық  жүйе мен зияткерлік  көлік жүйесі бойынша жұмысты тәмамдаймыз», - деді ол.

Ал Елбасы әкімдіктің бұл жұмысын оң бағалады.

«Елорда біз қойған жоспарларды қалай жүзеге асыру керектігі бойынша үлгі көрсетіп отыр. Егер де барлығы орындалса, бұл өзгелерге жақсы үлгі болады. Барша қазақстандықтар сені тыңдады, олар үлгі алады деген ойдамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Қызылорда  облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры  Ғалымбек  Жақсылықов Елбасыға кәсіпкерлікті кешенді дамытуға мүмкіндік берген үшін алғыс айтты.

«Шағын және орта бизнес үшін жасалған зор мүмкіндік. Ал, біз үшін үлкен жауапкершілік. Бізде техникалық шарттарды дайындау, рұқсат беру және  жер мәселелері   құжаттары бойынша ашықтық қажет. Мысалы жер учаскесіне қатысты  құжатты рәсімдеу  екі ай деп көрсетілген, алайда іс жүзінде ол  жарты жылға дейін барады. Жер беруге қатысты мемлекеттік мекемелер өте көп, органдар арасында ақпараттық байланыс жоқ.    Бұл бойынша атқарылған  Қызылорда облысының  жұмысы туралы айтып өткім келеді», - деді Ғ.Жақсылықов.

Осы ретте, Қызылорда қаласының барлық  маңызы бар әлеуметтік нысандары толық ақпараттық жүйемен қамтылғанын айтты.

«Бұрын кәсіпкерлер техникалық шарттар алу үшін қаланың 4 жерінде орналасқан 4 мекемеге таратын. Содан кейін оған 4 ай уақыт кететін. Қазіргі таңда мұның барлығын онлайн-қызмет арқылы бір жерден үш күннің ішінде алады. Демек, біз кәсіпкердің қаражатын, уақытын үнемдеп отырмыз. Соның арқасында кәсіпкер 4 айда  алатын рұқсатты үш күнде алып жатыр", - деді Ғ. Жақсылықов.

Осы ретте Мемлекет басшысы мұндай қызметтің еліміздің басқа өңірлерінде бар-жоғын сұрады.

«Соны басқа өңірлердің барлығында неге енгізбеді? Әлде бар ма?  Мінекей, Қызылорда облысында енгізді. Айтып отыр, нақты нәтижесі бар. Барлық облыста қосу керек. Іскер адамдардың сұрайтын ең негізгі мәселесі осы. Жер дегенде барлығы жабысып қалады.  Шешпейді. Анау да, мынау да бергісі келмейді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ,Ғалымжан Жақсылықов коммерциялық мақсатқа берілетін бос  жер учаскелері туралы ақпарат, сату немесе жалға беру аукциондары, оған қатысу шарттары барлық кәсіпкерлер үшін  қолжетімді әрі ашық болатынын айтты.

«Ашық болуы керек. Қай жерде жер бар? Қалай сатылып жатыр, кімге сатылып жатыр? Неге оған сатылды, басқаға неге берілген жоқ? Бәсекелестік жағдай болды ма, болмады ма? Сонда жемқорлық та  болмайды. Бизнесмен мен шенеунік  арасында қатынас болмайды. Қашаннан бері айтып келеміз. Мұны жалпы шешуге болады ғой. Осы мәселе Қызылордада шешілген бе?", - деп сұрады одан Елбасы.

Осы орайда Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры жылдың соңына дейін бұл бағыттағы барлық жұмыс онлайн форматқа көшірілетіндігін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке «Аталған мәселе барлық жерде шешіліп жатыр ма?» деп сұрақ қойды.

Президент Мырзахметовтің жауабын тыңдап болған соң аталған мәселенің әлі де өзекті күйінде тұрғанын атап өтті.

«Сен бәрін мақтай берме. Білеміз ғой. Мәселе тек іс адамдарының жер алып, жұмыс істеуінде емес, әрқайсысының шенеуніктің артынан жүруінде. Ал ол келгенін жақсы көріп отырады. Ол бекер келмейді. Барлық пәле сол жерде. Біреу бірдеңеге рұқсат беретін болса, сол рұқсат үшін бірдеңе жасап бер деп отырады. Жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі мәселесі - шенеунік пен іс адамдарының арасындағы тікелей қарым-қатынасты ажырату. Барлық әкімге айтарым осы. Қанша айтып та келеміз. Осы мәселені қолға алу керек», - деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Жиында жастарды елдің дамуына, өркендеуіне белсенді үлес қосуға тарту бойынша «Жас Отанның» жұмысы да аталып өтті.

Жастардың ең көп шоғырланған орны Оңтүстік Қазақстан болған соң аймақ басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«ОҚО-да ең көп шоғырланған жастар, олардың саны 748 мың, оның ішінде ауылдық жерлерде  327 мың, қалада  420 мың жас бар. Біз «Жас Отан» мен жастар басқармасымен  тығыз жұмыс істеп жатырмыз.  Биылғы жылы  «Серпін» бағдарламасы бойынша барып жатқан жастардың  50 пайызы ОҚО-дан.  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша  900 маман ауылдарға барды, «Жасыл ел» бағдарламасы  бойынша  1500  жас  жұмыспен қамтылды», - деді Ж.Түймебаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі  білімді цифрландыру бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.

« «Нұр Отанның» бастамасы бойынша  26  IT сыныпты жоспарлап отырмыз, оның  6-уын аштық. Алдағы жылдары тағы да жыл сайын  40, 50 сынып ашылмақ. IT  мамандарын дайындау  бойынша  екі орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Оның біреуі ОҚО мемлекеттік университеті  аясында, екіншісі жастар ресурстық орталығының негізінде ашу көзделген. Цифрландыоу бойынша облыста денсаулық, өндірістік, ауыл шаруашылығы, білім саласында ауқымды жұмыс атқарылды», - деді облыс әкімі.

Ал, Алматы  бойынша Бауыржан Байбек  жастарды қолдау үшін Жол картасы қабылданғанын айтты.

«Жол картасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Электрондық биржалар ашылды. Жастар Алматыда тұрақты жұмысы бар, көпбалалы пәтерге ие болды. Жалпы, жастар орталықтарын аштық, Әрбір ауданда жастар орталығын ашып, бірігіп жұмыс істейтін  жағдай  жасалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  бойынша да  жастарымыз бірігіп, жұмыс атқарып жатыр», - деді Б.Байбек.

Айта кетейік,  бірінші мәселені талқылаудың қорытындысы бойынша  Қаулы шығарылып, қабылданды.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Бауыржан Жуасбаев 




Яндекс.Метрика