Басқару

Астанада Қазақстандағы Өзбекстан жылы салтанатты түрде ашылды

Астанада Қазақстандағы Өзбекстан жылы ресми түрде ашылды. Астана Опера театрында өткен салтанатты шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанның мемлекет басшылары қатысты.
Астана қаласы15 Наурыз , 20:15

Айтулы шараны ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Қазақстандағы Өзбекстан жылы екі елдің арасындағы бауырластық, әрі достық қарым-қатынастың айқын көрінісі, деп атап өтті.

«Қазақстандағы Өзбекстан жылы екі xалықтың арасындағы бауырластықтың айқын көрінісі болса керек. Бізде ортақ дүниетаным, ортақ көзқарас, ортақ мәдениет, ортақ дін мен ортақ салт-дәстүр бар. Ал,тіл мен дәстүр қашанда xалықтардың өзара жақындасуына негіз болған. Жалпы, бір жарым жыл бұрын сайланған Шавкат Мирзиеевтың президент болуымен екі ел арасында бірқатар маңызды келісімдер жасалды. Соның бірі - 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялау. Ал келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы өтетін болады. Аталған екі үлкен бастаманың арқасында елдер арасындағы байланыстар руxани жағынан байып, күшейе түседі. Мәдениет, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық нығаяды деп сенеміз», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Астана қаласында Әлішер Науаиға ескерткіш орнатылады.

«Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыстарды нығайтып, руxани қарым-қатынасымызды нығайтуымыз қажет. Көп ғасырлық достығымызды күшейтуіміз керек. Сол себепті біз Астана қаласында Әлішер Науаиға ескерткіш орнатылады. Ұлы Абайдың ескерткіші де Ташкент қаласында ашылған болатын», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Өз кезегінде Өзбекстан басшысы ризашылығын білдіріп, осындай үлкен марапатты Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан алып отырғанын мақтан тұтатынын жеткізді.

«Мен бүгін өте бақытты адаммын. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев секілді ұлы адамның қолынан осындай орденді алып отырмын. Бұл орден - екі елдің ордені, бұл орден - үлкен достықтың көрінісі деп білемін. Сонымен қатар, Қазақстанда Өзбекстан Республикасының жылын өткізу туралы шешімі мен бастамасы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз», - деді Шавкат Мирзиеев.

Айтулы шара мерекелік салтанатты кешке ұласты. Онда қос елдің өнер майталмандары өз өнерлерін паш етті. Ал, екі елдің мәдениетімен тарихынан, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін көрме мерекелік кештің көркін қыздыра түсті.

Айта кетейік, бүгін Ақордада Орталық Азия елдері басшыларының консультативті кездесуі өтті. Оған Қырғызстан Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Меджлисі төрайымы Акджа Нурбердыева ханым қатысты.

Келелі кеңесте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдерінің әлеуетін біріктіруге шақырды.

Сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Наурыз мерекесіне орай бірлескен мәлімдеме жасады.

Мөлдір Асқарқызы

Фото: Бауыржан Жуасбаев




Яндекс.Метрика