Ұлттың денсаулығы

Астанада «Алтын шипагер» сыйлығы табысталды

Астаналық медицина қызметкерлері пәтер мен 1 млн теңгеге ие болды. Бас шаһарда Елорданың 20 жылдығына орай «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында ақ халатты абзал жандар ұлықталды. Елімізде алғаш рет медициналық «ALTYN SHIPAGER» сыйлығы тағайындалды. Сыйлыққа медицинаның әр саласында қызмет етіп келе жатқан өз саласының үздіктері ие болды. Толығырақ, Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы14 Маусым , 18:11

«Астанада дәрігерлер жанкештілікпен жұмыс істейді. Жылына қалаға 50 мыңнан 100 мыңға дейін адам келеді. Бұл қалалық медицина орындарына  салмақ түсіреді. Тіпті олар 150% жүктемемен жұмыс істей алады. Оларға 1,5 есе артық қысым түседі. Емханаларға күніне 8,5 мың тұрғын келеді, 400 науқан ауруханаға жатқызылады, 120 күрделі операция жасалады. Ал тәулігіне жедел жәрдем қызметі 1500 шақыртуды қабылдайды. Ол сандардың артында сіздердің ерен еңбектеріңіз тұр», - деді Астана әкімі Әсет Исекешев.

Ақ халатты абзал жандарға өзінің шексіз алғысын білдіре отырып,  Әсет Исекешев пәтер кілтін табыстады.

«Елордамызда денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Елбасымыз айтқандай, халықтың денсаулығын сақтау – стратегиялық ең маңызды міндеттердің бірі. Себебі, адам жанын сақтап қалудан асқан мәртебе жоқ. Адамдардың амандығынан асқан байлық та жоқ. Біз өмірге келгеннен бастап, сіздердің мейірімдеріңіз бен шапағаттарыңызға бөленіп келеміз. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін», - деді Ә.Исекешев.

Пәтерге ие болғандар: Астана қаласы Онкологиялық орталығы Хирургия бөлімшесінің онколог-хирург дәрігері Әбдікәрімов Әнуар Маратұлы,№ 2 қалалық аурухананың ангиохирург дәрігері Абдуллинов Азамат Сансызбайұлы,№1 қалалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Сүлейменов Аян Базарбайұлы,№2 қалалық балалар ауруханасының хирургиялық инфекция бөлімінің меңгерушісі Мәкенов Жұматай Неғматұлы,№2 қалалық балалар ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері Байназаров Олжас Қорғанбекұлы,Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ісқалиева Жанна Асқарқызы.

Шараға қатысқан Астана қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының  бас дәрігері Сәуле Нұрашева Астананың  20 жылдығы аясында медицина қызметкерлеріне арналған аталмыш шараның ұйымдастырылғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Біздің ұйымдар 20 жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарды. Мәселен, балалар жұқпалы аурулар ауруханасы Темір жол ауруханасы  аясында кішкентай бөлімнен дамыған болатын. Кейін травмотология  мекемесінің негізінде жұмыс істедік. 2015 жылы жаңа ғимаратқа көштік, бұл «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған үлкен аурухана. 250 орынға арналған, заманауи диагностикалық қондырғысы бар нысан. Жоғары дәрежеде өз мерекемізді атап өткенімізге қуаныштымыз», - деді С.Нұрашева.

Ал №11 қалалық  емхананың бас дәрігері  Медицина қызметкері күні елдің барлық ақ халатты мамандары үшін басты мереке болып табылатынын айтты.

«Ақ халатты абзал жандар ел тұрғындарының денсаулығын сақтау жолында   бар күшін  сарп етеді. Бұл еңбекті жылына бір рет болсын салтанатты түрде атап өту керек. Ол Астананың  20 жылдығымен тұспа-тұс келіп  отыр. Мен осы салада  1992 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Ал, елордадағы қызметім  1993 жылдан басталды. Оның даму жолын бірге өткердік. Елде денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып жатыр. Заманауи инновациялық технологиялар енгізіліп, цифрландыру белең алуда. Халыққа қызмет көрсетудің сапасы  күн санап артып жатыр», - деді №11 қалалық  емхананың бас дәрігері  Ж.Сағындықов.

Қоғамдық денсаулық сақтау  басқармасының жетекшісі  Надыров Камалжан  айтып өткендей, 20 жыл ішінде елорданың медицина саласында айтарлықтай  жетістіктер бар. Сондай-ақ, қоғамның медициналық рухын көтеру үшін, олардың еңбегін тағы бір мәрте атап өту үшін аталмыш шара ұйымдастырылып отыр.  

«Жаңа сыйлық «Алтын шипагер» медицина саласында алғаш тағайындалып отыр. Ол үздік дәрігерлерге, мамандарға, менеджерлерге, цифрландыру саласында ерекше көзге түскен  тұлғаларға  табысталады. Сыйлық дәстүрге айналып, жыл сайын тағайындалатынына сенімдіміз. Барлығы  10 номинация әр жеңімпазға  1 млн сыйақы табысталады. 2   арнайы аталым бар», - деді К.Надыров.

Айта кетейік, «Алтын шипагер» статуэткасының негізі Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» сыйлығынан алынған. Лавр жапырағы денсаулық пен ұзақ ғұмырды білдіреді.

Негізгі  10 номинация: «Жыл дәрігері», «Үздік эпидемиолог», «Диагностика мен емдеудің жаңа әдісін енгізгені үшін», «Мамандығына адалдық», «Цифрландыру көшбасшысы», «Денсаулық сақтау ісінің тиімді менеджері», «Жеке медициналық қызметте көрсету үздігі», «БАҚ-тағы үздік жарияланым», «Бірегей ота жасағаны  үшін», «Үздік жедел-жәрдем бригадасы».

Ал 2  арнайы номинация: «Медицина саласына қосқан үлесі үшін», «Телеарнаның арнайы сыйлығы – Абзал жан».

Шақырылған қонақтар арасында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі О. Честнов, Sciene журналы бойынша әлемнің 10 үздік генетигі қатарына кіретін білікті ғалым Ш. Миталипов, бокстан Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, мәжіліс депутаты Серік Сапиев, Канн фестивалінің «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы Самал Еслямова қатысты.

Айта кетейік, елорданың медицина саласында  20 жылда ауқымды істер атқарылды. 20 жылда 8 млн-ға жуық ота жасалды, оның ішінде  бірегей оталар саны  83. Бүгінде медицина қызметкерлер саны  20 мыңға жуық болып отыр. 8 мың дәрігер мен 12 мыңнан астам орта медициналық қызметкер бар. Астананың  жедел-жәрдем қызметі күніне  1500 шақырыс қабылдап, жылына 500 мың шақырысқа шығады.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика