Халықаралық интеграция

Астана клубы: Еуразиядағы жаһандық қауіптер рейтингісі анықталды

«Астана Клубы» сарапшылары Еуразиядағы жаһандық қауіптер рейтингісін жариялады. Олардың ең негізгілері – жаппай қаруланудың жаңа кейпі, киберқауіптердің дамуы және «шиеленіс ошақтарының» қайта жандануы.Биыл «Астана клубы» отырысына әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикер қатысып жатыр. Оның ішінде Автрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Ұлыбританая, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция мен Жапония елдерінің өкілдері бар.
Астана қаласы12 Қараша , 13:46

«Астана Клубы» төртінші отырысының арнайы сессиясы аясында «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптер рейтингі» халықаралық зерттеуі көпшілікке ұсынылды.

Зерттеу жұмысына әлемнің ең үздік 30-дан аса сарапшылары мен саясаткерлері қатысқан. Олардың пікіріне мемлекет басшылары, халықаралық институттар мен ірі БАҚ өкілдерінің құлақ асатынын атап өткен жөн. Сондай-ақ зерттеу барысында 60 мемлекеттен 1000-нан астам кәсіби респонденттер арасында сауалнама жүргізілді.

Авторлардың ішінде әлемнің үздік сарапшылары мен Нобель сыйлығының лауреаттары да бар.

Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат Институтының сарапшысы Жәнібек Арынов Астана клубы барысында  2019 жылғы  Еуразиядағы  жаһандық 10 сынақ  жарияланғанын атап өтті.

«Сарапшылардың болжамына сәйкес өңір үшін төніп тұрған басты жаһандық қауіптер мыналар: Қытай мен АҚШ текетіресінің шиеленісуі, кең ауқымды сауда соғыстары, Таяу Шығыстағы үлкен соғыс, Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нашарлауы,  Еуразиядағы «шиеленіс ошақтарының» қайта жандануы; жікшілдік, этнос пен конфессияаралық шиеленістердің ушығуы; экологияға және су ресурстарына төнген қауіптердің ушығуы; киберқауіптердің дамып, күшеюі; жаппай қаруланудың жаңа кейпі,  ірі ядролық және техногенді апаттар қаупі», - деп таныстырды ол.

Өз кезегінде  Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат Институтының директоры Ержан Салтыбаев сауда соғыстары, санкциялық және басқыншылық саясат орнаған бұл заманда текетірестерді шешуге бағытталған БҰҰ, ДСҰ сынды маңызды халықаралық институттардың өздеріне қауіп төніп тұрғанын жеткізді.

Оның айтуынша, әлемдік сарапшылардың пікірі барынша тыңдалды.

«33 елдің  50 сарапшысы аталған тақырыптағы мәселелерді талқылады.  Қазіргі үрдістер жаһандық қауіпсіздік жүйесі дағдарысқа ұшырағанына дәлел. Ал бұның салдары ауыр болмақ.Сондықтан Еуразия қазір күрделі, әрі маңызды шешім қабылдауға мәжбүр. Не бірігуі тиіс, не жаһандық шиеленіс алаңына айналу қаупі туады. Таңдау қайсысына түсетіні жақын болашақта белгілі болады.Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан үшін осы аймақтағы елдердің барлық текетірестерді бейбіт жолмен шешіп, ымыраға келуі аса маңызды. Сондықтан Еуразияның жетекші елдері арасында диалог орнату – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты міндеттерінің бірі. Бұл орайда, біз әзірлеген қауіптер рейтингі осы диалогтың негізі бола алатындай өзекті мәселелерді айқындауға бағытталған», - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат Институтының директоры Ержан Салтыбаев.

Орталық  Атлантикалық кеңестің аға сарапшысы  Ариэль Коэн  қазір әлем тарихи кезеңде  бірінші Дүниежүзілік  соғысынан кейін  100 жыл өткен кезеңңінде тұрғанын атап өтті.  Оның айтуынша, бүгінде көптеген сарапшылар әлемдік жүйе балансты сақтамау кезеңінде тұрғанын айтады.

«Сынақтар мен тұрақсыздық артып келеді. Ол Орталық Азия сынды тұрақты өңірге де өз әсерін тигізіп жатыр. Әрине, бүгінгі таныстырылып жатқан өнім өте сапалы. Әлем бойынша да мен көптеген өнімдерді көрдім. Алайда, осынша жоғары деңгейде әзірленген өнімді дайындау, ұйымдастырушылардың үлкен жетістігі деп айтуға болады. Сондай-ақ, маңызды факторлардың бірі АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың өршуі. Сарапшылар сауда жне нарық соғыстары туралы айтады. Бірақ, қазір бұл жағдайды тек осы салаларда ғана емес, ҚХР-ның өсу әлеуеті мен экономикалық өсімінде екі ел арасындағы бәсекелестікті  байқап отырмыз» - деді А.Коэн.

Ал Еуразия зерттеу институтының директоры Янг Чен Астана клубының 4 отырысына қатысқан ардагер ретінде жыл сайын астана клубқа қатысушылар саны артып келе жатқанын айтты.

«Аталған сапалы рейтингтердің әзірленуі Қазақстан бірегей ел екенін көрсетеді. Астана клубы барлық сарапшыларды жинайтын бірегей алаң болып табылады. Шығыс пен Батысты біріктіріп отырған, маңызды мәселелерді талқылайтын орта», - деді ол.

«Астана клубында» осы сарапшылар «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құрамыз?» деген басты тақырып бойынша әңгіме қозғайды.

Тақырып әлем мен Еуразия кеңістігінде болып жатқан жіктерге бөліну, саудалық және санкциялық қақтығыстар мен қауіпсіздікке төнген жаңа сын-қатерлер сынды жаһандық үдерістерге орай таңдалып отыр.

Сондай-ақ сарапшылар көпжақты саясат пен ірі емес елдердің ықпалы күшейе бастаған кезеңде Еуразия қандай стратегиялық қадамға бару қажеттігіне ерекше мән береді.

Үлкен Еуразияның болашағы қандай болатынына байланысты түрлі сценарийлер қарастырылады. «Белдеу және жол» бастамасы мен Еуразиялық экономикалық одақты дамыту жолдары және Орталық Азиядағы қазіргі өзгерістер де қарастырылады.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Бауыржан Жуасбаев 




Яндекс.Метрика