Шолу

Астана экономикалық форумы: Түзілген меморандумдардың тиімділігі мен маңыздылығы

Бүгін Астана экономикалық форумы аясында бірқатар келісімшартқа қол қойылды. Атап өтсек, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және «Шелл» компаниясы арасында меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Энергетика министрлігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында келісім орнатылды. Аталмыш келісімшарттың маңыздылығы және тиімділігімен Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан таныса аласыздар.
Астана қаласы17 Мамыр , 15:27

Аталмыш меморандумдар шеңберінде Қазақстан қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде күн фотоэлектр жүйелерін орнату көзделген.

Атап өтсек,  Астана, Алматы, Ақтау, Атырау және Орал қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде күн фотоэлектр жүйелері орнатылады.

Меморандумға ҚР Энергетика министрі Қ. Бозымбаев, Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев, «НЗМ» ДБҰ Басқарма төрағасы К. Шәмшидинова және Қазақстандағы «Шелл» концернінің вице-президенті және төрағасы Оливье Лазар мырза қол қойды.  

Айта кетсек, «Мектептерге күн энергиясы» жобасына 2016 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде «Шелл» компаниясы бастамашылық жасады. Аталған пилоттық жоба Қазақстан үшін бірегей жоба болып табылады. Жоба жалпыұлттық масштабта бөлінген энергияны өндірудің шағын жобалары саласын дамытуға бағытталған. Оның мақсаты – Республиканың «жасыл экономикаға» көшуі бойынша іс-қимылдарын одан әрі қолдау. Жоба сонымен қатар кіші және орта бизнестің әлеуетін дамытуға жәрдемдесуге, сондай-ақ нақты ғылымдарды (STEM: ғылым, технологиялар, инжиниринг және математика)  зерделеу бағдарламаларына жас ұрпақтың қызығушылығын ынталандыруға бағытталған.

Меморандумға қол қою рәсімінен соң тараптардың өкілдері Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуда аталған бастаманың ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Мектептерге күн энергиясы» бастамасы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ҚР Энергетика министрлігі мен «Шелл» компаниясы арасындағы табысты ынтымақтастық нәтижесінде туындады. Осы Жобаны іске асыру еліміздің аймақтарында қуаты аз жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын қондырғыларды одан әрі пайдалану үшін өзіндік платформаға айналатындығына сенеміз және осылайша елде парниктік газдардың шығарындыларын азайту мен жаңартылатын энергия көздері саласында нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша Үкіметтің жұмысына өз үлесін қосады деп үміттенеміз», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Өз кезегінде «Шелл» концернінің вице-президенті Оливье Лазар аталмыш меморандум Қазақстанға «Жасыл экономикаға» көшуіне ықпал етеді.

«Біз компаниямыздың Қазақстандағы 25 жылдық жұмыс барысында «Шелл» және Қазақстан Республикасы арасында қалыптасқан әріптестік өзара қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Біздің компания Қазақстан Республикасымен өзінің стратегиялық альянсын одан әрі тереңдетуге ниетті. Қол қойылған меморандумның нәтижесінде Республиканың «Жасыл экономикаға» өту ниетін қолдау мүмкіндігіне ие болғандығымызға қуаныштымыз және аталған мақсаттарға жетуде осы жоба лайықты үлес қосатындығына сенімдімін», - деп атап өтті Қазақстандағы «Шелл» концернінің вице-президенті және төрағасы Оливье Лазар.

Сондай-ақ, қала әкімі Әсет Исекешев пилоттық жоба жаңартылған энергия көздерін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты.

«Осы Меморандум шеңберінде біз күн фотоэлектр жүйелерін мектеп шатырларына қондыру бойынша ынтымақтастық жасайтын боламыз. Аталған жоба жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдаланудың жақсы үлгісі болады және болашақта еліміздің өзге аймақтарында да кеңінен тарауы мүмкін»,- деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.

Назарбаев зияткерлік мектептері тарапы да аталмыш келісім табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты.

«Мектептерге күн энергиясы» жобасы STEM-білім беру тәсілдері белсенді енгізіліп жатқан Зияткерлік мектептер үшін үлкен маңызға ие. Зияткерлік мектептер тұрақты дамудың барлық басымдықтарын, соның ішінде жаңартылатын энергия көздерін таратуды қолдайды. Оқу орындарында күн фотоэлектр жүйелерін енгізу – стратегиялық дұрыс болып табылады, себебі табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды және экологиялық жауапкершілікті мектептер қалыптастырады», - деп айтты «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ Басқармасының төрағасы Күляш Шәмшидинова.

Айта кетейік, «Шелл» – энергетикалық және мұнай-химиялық компанияларды біріктіретін халықаралық концерн. Оның штаб-пәтері Гаагада (Нидерланд) орналасқан. Қазіргі уақытта «Шелл» Қазақстан экономикасындағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып табылады.

Ал, Еуропа қайта құру және даму банкі Байқоңыр күн жобасын халықаралық қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

Қуаты 50 МВт күн электр станциясының құрылысын Азия Даму Банкі және Таза Технологиялар Қоры бірлесіп қаржыландырады.Жаңартылатын энергия көздері саласындағы халықаралық қаржыландырудың бірінші бірлескен жобасында Байқоңыр ғарыш айлағының арқасында белгілі болған орталық Қазақстан өңірінде орналасқан Байқоңырда қуаты 50 МВт күн электр станциясының құрылысын қаржыландыру үшін ЕҚҚДБ Таза технологиялар қоры (ТТҚ) және Азия даму банкімен (АДБ) бірлесіп кредит алады.

Қаржы пакеті ЕҚҚДБ-дан теңгемен берілетін 30 000 000 АҚШ долларына дейінгі және Таза технологиялар қорынан АҚШ доллары мен еврода берілетін 10 400 000 АҚШ долларына (8 786 000 АҚШ доллары және 1 312 195 АҚШ доллары) дейінгі мөлшердегі екі қамтамасыз етілген кредиттен тұрады.

Қазіргі уақытта ЕҚҚДБ Қазақстандағы ЖЭК жобаларына жобалық қаржыландыру беретін жалғыз қаржы институты болып табылады.

Инвестициялар жалпы қуаты 50 МВт дейінгі тұрақты күн электр станциясын және оңтүстік Қазақстандағы Қызылорда облысында жаңа кіші станцияны әзірлеу, салу және пайдалануға беруге жұмсалады. Жаңа жоба CO2-ның жыл сайынғы шығарындыларын 75 000 тоннаға төмендетуге алып келеді.

Бұл ЕҚҚДБ жаңартылатын энергия көздері бағдарламасының шеңберінде бекітілген бесінші жоба. Қазіргі уақытта ЕҚҚДБ Қазақстан экономикасына 8,7 млрд. АҚШ долларынан аса қаржы салды. United Green жеке меншік британ инвестициялық холдингінің 100-пайыздық еншілес компаниясы – «Байқоңыр Солар» ЖШС қарыз алушы болып табылады.

Ынтымақтастық және жобаны қолдау туралы келісімге ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және ЕҚҚДБ бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк қол қойды.

ҚР Үкіметі қабылдаған жаңартылатын энергия көздері саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қазіргі уақытта айтарлықтай көлемде шетелдік және отандық инвестициялар тартылуда, аталған Келісімге қол қою соның дәлелі болып табылады.

Келісім жобаны іске асыруға және еліміздің мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен көзделген жаңартылатын энергия көздері саласындағы нысаналы индикаторларға қол жеткізуге үлес қосады, өңірде қосымша жұмыс орындарын құруға және шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

Әр салаға қатысты бірнеше келісімдер орнатылып жатыр. Айта кетейік, АЭФ үш күнге созылады. Сондай-ақ,  Форум аясында  шетелдік сарапшылар жаһандық маңызды мәселелер жайында өз көзқарастарын айтқан болатын.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика