Сараптама

«Астана» - мазмұны терең, мағынасы кең ұғым

Қазақ елінің астанасын Ақмолаға ауыстырып, кейін «Астана» атауын беру – Тәуелсіздіктің жемісі. Алматы ежелгі «Жібек жолы» бойындағы сауда-экономикалық, тарихи-мәдени орталық ретінде өзінің лайықты бағасын әлдеқашан алып қойды. Ал, егемендігін енді жариялаған мемлекетке шекарасын шегендеп, рәміздерін бекітіп, дипломатиясын орнатудан бөлек, жаһанға жар салып көрсететін заманауи бәсекеге қабілетті, қауіпсіз және креативті астана қажет болды.
Астана қаласы10 Шілде , 09:54

Саяси-символикалық идея

Бас қала ретінде бекітуге 17 «үміткердің» ішінде Ақмола қай жағынан да сәйкес келді. Оның ішінде ежелгі Ақмешіт те, Алашорданың астанасы Семейдің де болғаны жасырын емес. Түбегейлі шешім қабылдауға төмендегі факторлар түрткі болды:

1. Ақмоланың географиялық орналасуы республиканың барлық аймағымен тығыз байланыс орнату, саяси-әкімшілік басқару балансын сақтауға жағдай жасады; 

2. Демографиялық және ұлттық саясатты реттеуге жол ашты. Орталық және солтүстік облыстардағы еңбек ресурстарының тапшылығын шешуге мүмкіндік берді;

3. Қала зілзаладан қауіпсіз аймақта орналасқан және жер ресурстарының байлығы, Бурабай курортты ауданының жақындығы туризмді дамытуға себеп болады;  

4. Дүниежүзіне жас мемлекетті таныту, шет елдік инвесторларды тарту мақсатында имидждік жоба ретінде заманауи қарқынды дамушы мемлекеттің бейнесін қалыптастыру маңызды болды;

5. Бұрынғы Кеңкеріс туралы ежелгі түркі ескерткіштерінен, Қараөткел, Ақмола жайында А.Янушкевич, Г.Потанин, Ә.Бөкейхан, Қ.Сәтбаевтың жазбаларынан кездестіруге болады. Сондықтан оның тарихи-мәдени мәні де жоғары еді.

Осылайша, 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының Астанасы деп жариялау туралы» қаулыға қол қойылды. 1998 жылдың 6 мамырында «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласының атауы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойылды. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде Елорда «ұлттық идеяларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық», «ел дамуының алтын діңгегі», «саяси-символикалық идея» ретінде сипатталады. Жиырма жылдық мерзімде Астана қазақстандық брендке айналды.  

«Астана» - Еуразиялық дәстүр

Жаһанда астанасын «Астана» деп жариялаған мемлекет бар ма? «Астана» атауына тұрғындар әртүрлі көзқарас білдіретіні жасырын емес. Алайда, мемлекеттің бас қаласын «Астана» атау шығыс халықтарына тән үрдіс екенін аңғара бермейміз. Шығыс Азиялық дәстүрде астаналық мәртебе қаланың атауында көрініп тұрады. Мәселен, ҚХР астанасы Бейжің қаласы тарихта «Солтүстік Астана» (солтүстік астана, қорған) деген мағынаны білдіреді. Үш мың жылдық тарихында Бейжің – Тайюан, Дамин, Дадин, Бэйпин деп те аталған. Миң патшалығы және Гоминдан үкіметі тұсында астана Нанцзинге (оңтүстік астана), яғни «Оңтүстік астанаға» ауыстырылғаны белгілі. Қысқасы, көрші елде қаланың астаналық функциясы мен беделі атауында аңғарылып тұрған. Ол елдің провинцияларының да атауы географиялық орналасу ерекшеліктеріне байланысты.   

Сол сияқты Жапония астанасы Токио (Дунцзин) «Шығыс астана», осы «Күншығыс еліндегі» префектура орталығы Киото (астана), Въетнам орталығы Ханойдың ежелгі атауы «Донгкин» - Шығыс астана, кейінгі Ке-Шо – астана, Оңтүстік Корея Республикасының бас қаласы Сеулдің бұрынғы аты Кенсон да қарапайым «астана» мағынасын береді.

Ал Қазақстанның Астанасы туралы Президент Н.Назарбаев былай деп еске алады: «1998 жылы әуежайдан келе жатқан жолда «Еліміздің жаңа орталығын «Астана» деп атауды дұрыс көрем» деп, ойымда жүрген сөздің ұштығын шығарып қалған едім: біріншіден, «астана» сөзінің мағынасы айқын, елдің бас қаласы ұғымын білдіреді; екіншіден, саяси және тарихи тұрғыдан алғанда да, әркім әрқалай түсініп, қабылдайтындай атау емес; үшіншіден, «астана» деген сөздің өзі қаланың атқаратын қызметін көрсетіп тұр. Мемлекеттік тілде айтсаң да, басқа тілде айтсаң да, құлаққа жағымды, айдынды атау»(http://personal.akorda.kz/kz). Жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттің халқы мен әлем жұртшылығының қабылдауына «Астана» қолайлы болды. Қала құрылысында тек шығыстық сипатқа басымдық бермей, әлемдік сәулеттің соны үлгісі ескеріліп отырғаны анық. Елорданы салуда Шығыс пен Батыс мәдениеті байланысқан еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды.

Астанада заманауи және халықаралық мәдениет, өнер, ғылым және білім орталықтары құрылды. «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің алаңы, «Назарбаев орталығы» ғимараты, «Астана» халықаралық қаржы орталығы – жаңашылдықтың, «Әзірет сұлтан» мешіті, Бейбітшілік және келісім сарайы, ҚР Ұлттық Музейі, Тәуелсіздік сарайы, «Шабыт» орталығы, «Астана Опера» мен «Астана балет» руханият пен мәдениеттің, «Қазақ елі» монументі мен «Бәйтерек» асқақ рухтың қазығындай болып тұр. Тәуелсіз Қазақстан елордасының атауында жаңашылдық пен дәстүршілдік шебер үйлесім тапты. «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» демекші, Астана атауындағы осы еуразиялық стиль ары қарайғы саяси-экономикалық қызметіне себепкер болғандай.

Еуразияның жүрегі

Бүгінгі Астана – халықаралық дәрежедегі форум, конгресс пен конференциялар өтетін Еуразиялық кеңістіктің маңызды орталығы. Астана төрінде әлемдік экономика мен саясаттың алпауыттары жиналып, маңызды шешімдер қабылдауда. Оның қатарында – ОБСЕ саммиті, Дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі, Медиа форум, Астана экономикалық форумы, «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі т.б шаралар бар. Астананың 20-жылдық мерейтойы қарсаңындағы екі шараны ерекше атап өтуге болады. Біріншісі - «Global Silk Road» Жібек жолы елдері қаласының мэрлері форумы. Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» инициативасының қатысушысы, транзит-мемлекет қана болмай, «Жібек жолы» бойындағы ынтымақтастықтың орталығына айналуы тиіс. Форумда Астана әкімі Ә. Исекешев «Елорда Еуразия жүрегі, «Жібек жолы» бойындағы жаһандық қалаға айналуы қажет» деді(https://dknews.kz)  «Smart city» жобасын дамытуға арналған 14 ынтымақтастық меморандумы соның бастамасы болмақ.

Екіншісі – «Астана» халықаралық қаржы орталығының салтанатты ашылуы. Бұл – тәуелсіз ел тарихындағы елеулі оқиға. «Астана» ХҚО – Еуразия өңіріне ортақ қаржылық хаб болады. Қаржы орталығының жұмысы ағылшын құқығына негізделген, сонымен қоса ислам қаржы жүйесін дамытуға өз үлесін қосады. Стратегиялық серіктесі америкалық NASDAQ болса, биржа акционерлері «Жібек жолы қоры» және Шанхай қор биржасы болып отыр. Аталған орталық ЕЭО қаржылық ағымына жол ашатын, Еуропа мен Азия нарығына салынған қаржылық көпір деуге болады. Оның Астанада орналасуы қаланың дамуы мен халықаралық имиджі үшін маңызды болмақ.

Қорыта айтқанда, Астананың Алатаудан Арқаға көшуі ішкі контур үшін де, сыртқы бағытта да тарихи шешім болды. Қазір қалада 1 млн. астам тұрғын бар, ол – ел халқының 5 пайызы. 1997 жылмен салыстырғанда қала халқы 3 есе өскен. ЖІӨ 190 есе, өндіріс 30 есе, шағын және орта бизнестен кіріс 4,3 трлн. теңгеге жеткен. Инвестиция көлемі 20 жыл ішінде 47 млрд доллардан асқан. Қаржы-экономикалық тұрғыда өзін ақтап келеді деуге негіз бар. Ұлттық саяси-символикалық идея мен Еуразиялық дәстүр біте қайнасқан  бас қала ел дамуы мен тұрақтылығының іргетасы деп есепейміз.

ОЛЖАС БЕЙСЕНБАЕВ

 




Яндекс.Метрика