Президенттің бес бастамасы

Премьер-Министр Атырау облысында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуымен танысты

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Атырау облысына келді. Мұнайлы өлкеге жасаған Премьердің сапары туралы Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Атырау13 Сәуір , 15:04

Жұмыс сапары барысында бірқатар өнеркәсіптік нысандарды аралау жоспарланған. Бұл —«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан полиэтилен жабындар шығаратын зауыт пен газ турбиналы электр стансасы; «Ақтөбе — Атырау — Астрахан» автожолының бір бөлігі болуы тиісті Жайық өзеніндегі көпір; «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ-дағы зияткерлік кен орны.

Бақытжан Сағынтаев «Сарайшық АК» ЖШС мал шаруашылығы кешеніне барады, онда АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысымен және ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысады.

Атырау облысының студент жастарымен кездесуде Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мәселелері, атап айтқанда, білім алудың қолжетімділігін арттыру және студенттердің жатақханадағы жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланады.

Облыстың денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерімен кездесу өткізу жоспарланған. Мұнда саланы қайта реттеу, МЖӘ тетігі арқылы жекеменшік медициналық қызметтер секторын дамыту жөніндегі шаралар қаралатын болады.

Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту, 2018 жылға арналған өңір экономикасының дамуына арналған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу, шағын несие беруді көбейту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері облыстың жұмыс активімен және бизнес өкілдерімен кездесуде талқыланады.

Сондай-ақ,   ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Д. Нұрпейісова атындағы Атырау музыкалық колледжінің бас ғимаратына барып, салынып жатқан студенттер жатақханасын тексеру арқылы Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру барысымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары Н. Сайлауованың айтуынша, өңірде алға қойылған міндеттер белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бақытжан Сағынтаевқа құрылыс нысаны — 100 орынға арналған жатақхана таныстырылды, ол биыл шілде айында пайдалануға беріледі.

Жалпы, Атырау облысында 25 колледж және 3 ЖОО бар. Білім алушылар саны — 29,6 мың адам, жатақханаларға жалпы қажеттілік көлемі —2300 орын.

Айта кету керек, колледждерге 960 орынға арналған 8 жатақхана салу бойынша жобалар жобалау сатысында тұр. Қазіргі таңда 200 орынға арналған екі жатақхана құрылысы басталды және тағы 250 орынға арналған екі жатақхана конкурстық рәсімдерді қорытындылау сатысында тұр. Құрылысты аяқтау мерзімі 2019 жылға жоспарланған.

Облыс ЖОО-ларына қажетті жатақхана орны — 850 орынды құрайды. 560 орын бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау биылғы жылдың екінші жартысына, ал 200 орын бойынша — 2019 жылға жоспарланып отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі аясында бүгінгі қажеттіліктерді қанағаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының үшінші бағытында студенттердің білім алу және жатақханада тұру жағдайларына ерекше назар аударылған. 2022 жылдың соңына дейін кем дегенде 75 мың орынға арналған студенттердің жаңа жатақханаларының құрылысын қамтамасыз ету қажет.

Бес әлеуметтік бастаманы іске асырудың Жол картасы аясында жатақханалар құрылысы 2018 жылдың қыркүйек айында басталады. 2022 жылға дейін елімізде жалпы 160-200 жатақхана салу жоспарланып отыр.

2019 жылдан бастап республикалық бюджетте құрылыс салушылардың инвестициялық және пайдалану шығындарын өтеуге қаражат қарастырылатын болады. Мемлекет тарапынан бір төсек орнына 82 АЕК түрінде (шамамен 197 мың теңге) қаражат бөлінеді.

Сондай-ақ, Үкімет заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды: келесі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін заң жобасы әзірленді: Бюджет кодексі, Кәсіпкерлік кодексі, «Білім туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Мемлекеттік сатып алулар туралы», «Оңалту және банкроттық туралы» заңдар және т.б.

Сонымен қатар,   ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Атырау қаласындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағына барып, онда полиэтилен өндіретін зауытпен және газ турбиналы электр стансасының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақ аумағында 15 қатысушы тіркелген. 1 сәуірдегі жағдай бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 339 млрд теңгені, оның ішінде жеке инвестициялар — 269,8 млрд теңгені құрады. 1 300 астам жұмыс орны ашылған.

Бақытжан Сағынтаев Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған Polymer Production зауытын тексеру барысында зауыттың жылына шамамен 15 мың тонна полипропилен жабынын шығаруға мүмкіндік беретін технологиясымен танысты. Өндірісте 371 адам жұмыс істейді. Өткен жылы 2,2 млрд теңгеге өнім сатылды.

«Полимер Продакшн» ЖШС басқарма төрағасы Азамат Жүсіповтың айтуынша, бүгінгі таңда зауыт полиэтилен жабынын, биаксиалды–бағытталған полипропилен жабынын, әртүрлі қаптама түрлерін, сондай-ақ сыйымдылығы 25 және 50 кг болатын полипропиленді қаптар шығарады. Жеңіл және азық-түлік өнеркәсібінде қолданылатын зауыт өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне және Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға экспортталады. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына күшті мультипликативті әсер беріп, импортты алмастыруға ықпал етеді.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан газ турбиналы электр стансасын аралау барысында «Біріккен химиялық компания» ЖШС басқарма төрағасы Жеңіс Өсербай жоба АЭА аумағындағы ірі инвестициялық жобаларды 110 Квт электр қуатымен және жоғары қысымды бумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Жобаны іске асыру мерзімі — 2014–2018 жылдар, оның құны — 111 млрд теңге. Зауыт қуаттылығы — 310 МВт, жұмыс орындарының саны — 120.

Айта кетейік,  Атырау облысындағы  «ҰИМХТ» АЭА аумағы үш учаскеден тұрады: Қарабатан (базалық мұнай-газ химия өнімдерін: полипропилен, полиэтилен және т.б. шығаратын негізгі өндірістер), Теңіз (газ бөлгіш қондырғы) және Атырау қ. (түпкілікті өнім: пластмасса және резеңке техникалық бұйымдар және т.б. шығаратын шағын және орта бизнестің өнеркәсіптік паркі).

«ҰИМХТ» АЭА жобасы халықаралық стандарттарға (ИСО) сәйкес инновациялық, бәсекеге қабілетті отандық мұнай-химия өнімдерін жасауға бағытталған. Жобаның бірегейлігі — өндіріс орнында мұнай-химия өндірістеріне мамандар даярланады.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Махамбет ауданындағы Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ж. Сүйіншәлиевтің айтуынша, Жайық өзені арқылы өтетін көпір өтпесі республикалық маңыздағы «Атырау — Орал» автокөлік жолын облыстық маңыздағы «Атырау — Индер» автокөлік жолымен байланыстыратын Махамбет ауылында салынып жатыр. Көпір «Ақтөбе — Атырау — Астрахан» автожолының бір бөлігіне айналады: ол Ақтөбеден Астраханға дейінгі жолды қысқартып, транзиттік көлік ағынын Атырауға кіргізбей өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.

Облыстың Махамбет ауданындағы жаңа көпір қосымша көлік дәлізін құрып, облыс орталығын кептелістерден айтарлықтай арылтады. Жолдың жүретін бөлігі екі жолақтан тұратын болады, көпір бойында көліктің және өңір тұрғындарының тұрақты әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін жаяу жолдар қарастырылған. Сонымен бірге, жобаланған көпір өтпесі ауданда шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасының тапсырмасы бойынша Атырау облысына келді. Сапардың мақсаты — Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасы аясында берген тапсырмаларының орындалу барысымен танысу.

 Оған қоса,  ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ешкі өсіру және ешкі сүтін өңдеуге мамандандырылған алғашқы қазақстандық жоба — «Сарайшық» ауыл шаруашылығы кәсіпорнына барды.

Махамбет ауданының Сарайшық ауылындағы мал шаруашылығы кешенін тексеру барысында Бақытжан Сағынтаевқа өңірде Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндалды. 2017 жылы облыстың ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 62,7 млрд тг құрады, 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ті құрады.

«Сарайшық» асыл тұқымды мал шаруашылығының үлкен отар қойы, үлкен табын түйесі мен жылқылары және ет өңдеу цехы бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кәсіпорнының негізгі бағыты — заанен асыл тұқымды ешкілерін өсіру (еск., — әлемдегі ең сүтті ешкі тұқымы) және ешкі сүтін өндіру. Мұнда қолданылатын италиялық және сербиялық жабдықтар жылына 180 т ешкі сүті мен 140 т сүт өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

Ферма директоры В. Розметовтың айтуынша, кеңейту аясында 450 асыл тұқымды ешкі әкелінді, бүгінгі таңда 300 бас мал төлі жиналды. Бірінші кезеңде 81 т пастерленген сүт, 21,6 т йогурт, ассортименттегі 15,3 т ірімшік және 4 т ешкі етін шығару жоспарланған.

Сондай-ақ, фермада ана сүтінің пайдасынан кем түспейтін балалар тамағын шығару жоспарда бар. Жақын арада ешкі сүтінен балмұздақ пен май шығарылатын болады.

Қазақстанда осы үлгідегі жоба алғаш рет жүзеге асырылуда. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен құрылған шаруашылық бүгінде жеңілдікті несиенің басым бөлігін өтеген.

Айта кету керек, еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының дамуына Президенттің бес әлеуметтік бастамасының төртінші бағытын жүзеге асыру нәтижелері үлкен ықпалын тигізеді. 2018 жылы жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдікті несие беруді ұлғайту мақсатында қосымша 20 млрд тг бөлінді, осылайша шағын несие берудің жалпы сомасы 62 млрд тг құрайды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика