Пікірталас клубы

АЭФ пен Қазақстанның өзара сабақтастығы

«Стратегия» пікірталас клубы алаңында «Ел экономикасының қазіргі жағдайы және статистикасы» тақырыбы талқыланды. «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының сарапшысы Нәйля Әлмұхамедова елімізде өтіп жатқан Астана экономикалық форумының тиімділігі мен оның ел экономикасына тигізетін ықпалы жөнінде өз пікірін білдірді. Толығырақ Strategy2050.kz АА дайындаған материалдан таныса аласыздар.
Астана қаласы18 Мамыр , 15:59

Сарапшы айтып өткендей, 3,8 пайызға елдің ЖІӨ-і артқан болатын.

«Өткен Үкімет отырысында алғашқы  4 айдың нәтижесі белгіленді. Ол бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғанын көрдік. Осы жылы Үкімет экономика өсімі 3,8 пайызға  өседі деп болжады, сол болжам орындалды. Ал Халықаралық ұйымдардың  болжамы, Азия даму банкі   Қазақстан дамуын   3,8 пайыздан   3,2 пайызға  төмендеткен болатын», - деді ол.

Сондай-ақ,   осы уақыт аралығында  несие алу көлемі азайғаны Үкіметте айтылды.

«Бұл  парадокс деп айтуға болады. Бұл экономикалық белсенділіктің артқанын айқындайтын көрсеткіш. Ұлттық банктің негізгі баалық мөлшерлемесін қарайтын болсақ, оның көрсеткіші төмендеп жатыр, оған қатысты несие де төмендейді.Үлкен бизнесте несиелеу мөлшері төмендеп отыр. Шағын бизнеске статистиканы алып қарайтын болсақ, олар көбінесе микроқаржы ұйымдарынан несие алады, немесе мемлекеттің субсидияланған несиелерін алады. Олардың көлемі артып отыр»,- деді Н.Әлмұхамедова.  

Сарапшы атап өткендей, жалпы бизнестегі несиелердің төмендеуі үлкен бизнесті бірге қосып есептеуде болып отыр.

« Ал, шағын бизнесте несие көп болуы мүмкін. 2016-да шағын бизнестің үлесі  25 пайыз болса, қазір  17-18 пайызды құрап отыр. Бұл орта бизнеске әлі де қаражат керек деген белгі. Оны  5 бастама бойынша да алуға болады.4 айда инфляция деңгейі  2,5 пайыз болды. Осы жылы 5-7 пайыз болады деген  болжам қойылды» - деді Н.Әлмұхамедова.

Оның айтуынша,  5 жылда инфляция қалай өсті солай номиналды табыстар да өсті. Бірақ, әл-ауқатымыз қандай деңгейде болды, сол деңгейде қалды.

«Бұл біз үшін керемет тенденция деп айта алмаймын. Бірақ, төмен түскен жоқпыз», - деді ол.  

Біздің соңғы жылдары жасалған транспорттық дәліздерімізді Орталық Азия елдерінің жолына айналдыру мүмкін бе? Деген сұраққа сарапшы : «Қазақстанды алатын болсақ, көлік пен логистика саласына бірқатар қаражат құйылды. Оны біз енді қайта өндіріп, тиімді пайдалануымыз керек. Ал, Орта Азияның басқа елдерін алатын болсақ, олардың логистикалық  дәрежесі бізден төмендеу. Бізде сол үшін көбінесе екіжақты экономикалық байланыс орнатылып отыр» деп жауап берді.  

Оның айтуынша,  Қазақстан арқылы жүк тасымалдау өте ыңғайлы. Себебі, ол орталықта тұр. Оның аймағы да үлкен, теңіз жолымен Әзірбайжанға жеткен соң шекарадан өтеді. Бұл жүк тасымалдауда қаржы жағынан тиімді болып отыр. Мемлекет осы стратегияны да алға тартып жүр.

Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумы барысында планетаны дамытудың  5 мегатрендін жариялады. Бүгінгі күні  3 күнге созылатын АЭФ елдегі экономика саласындағы басты ақпараттық тақырып болып отыр.

Сарапшы   АЭФ пен Қазақстан экономикасының сабақтастығын айтып өтті.

« Бұл форум сынды шараларда   жаһандық  мәселелер талқыланады, одан аларымыз бар. Екінші жағынан аталмыш форумдар арасында бірқатар келісімдер қойылады. Ол  келісімдер   экспортқа шығуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Айта кетейік, Астана экономикалық форум – Еуразияның жыл сайынғы орталық іскерлік оқиғасы. Биылғы форумға 111 елдің делегаты мен  120 шетелдік БАҚ өкілі  қатысуда. Жалпы қатысушылардың  саны  6 мыңға жуық.  Үш күндік форумда жаһандық маңызы бар 11 трек талқыланатын болады. 75-тен астам  шара өтеді, оның ішінде  5-уі арнайы.   Тақырыптар  панельдік сессияларда жеке талқыланады. Трансұлттық компаниялармен 8 келісімшарт түзіледі деп жоспарланған. Сондай-ақ, форумның ресми серіктестерінің қатарында  ҚР Үкіметі, «Бәйтерек» Холдингі, Strategy2050.kz АА, Baq.kz АА бар.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика