Экономика

АЭФ: Форумда жалпы әлемдік үрдістер талқыланады

Биыл 17-19 мамырда өтетін ХІ Астана экономикалық форумында спикерлер рекордтық көрсеткішке жетпек. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі, АЭФ ұйымдастыру комитетінің орынбасары Тимур Сүлейменов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтты. Астана экономикалық форумынан не күтуге болады және оның күн тәртібі туралы әзірленген материалды назарларыңызға ұсынамыз.
Астана қаласы03 Мамыр , 15:27

Тимур Сүлейменов айтқандай,биыл форумға келетін спикерлер саны рекордтық көрсеткішке жетпек. Әлемнің бірнеше елінен 500 спикер қатысады. Олар әртүрлі саланың көшбасшылары: саясаткерлер, технологтар, технологиялық жаңалықтар көшбасшысы, денсаулық сақтау және ресурстармен айналысатындар, яғни әлемдік деңгейдегі спикерлер.

Атап айтар болсақ, бәрімізге белгілі Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк, біздің болашағымыздың қалай болатынын жазып жүрген әлемдік футуролог Митио Каку, сондай-ақ жастардың бәрі беілетін Shazam жобасының негізін қалаушы, осы сияқты спикерлер келеді.

«Үш күндік форумда әлемдік элита өкілдерімен жаһандық деңгейдегі мәселелерді көтеріп, шешімін табуға тырысамыз. Трансұлттық корпорациялардың өкілдері, әлемдік технологиялық элита жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды. Алғашқы екі күнде олар жаһандық мәселелермен жұмыс істесе, соңғы күні қазақстандық сарапшылар қауымдастығымен бірге біздің елмен бейімдей отырып талқылайтын болады», - дейді Т.Сүлейменов.

Сондай-ақ,  форумда 11 жаһандық қауіп-қатерлер тақырыбы қамтылады екен.

«Форумның күн тәртібі ресми сайтта жарияланды. Кез келген адам оқып, таныса алады. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдары xалықты кеңінен xабардар етсе, адам көп келеді. Ал адам көп келсе, бәріміз ел ретінде, xалық ретінде өз әлеуетімізді көтере аламыз», - деді Т.Сүлейменов.

Сонымен қатар,  министр Тимур Сүлейменов форумда талқыланатын жаһандық проблемаларды да атап өтті.

«Үш күнге созылатын АЭФ-та екі күн бойы қатысушылар жаһандық мәселелерді талқыласа, үшінші күні негізгі спикерлер қалып, Қазақстан үкіметімен және сарапшылармен бірге алты бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Мұндағы негізгі мақсатымыз форум кезіндегі барлық идеяларды қағазға түсіріп, лайық ұсыныстар болса оны елімізде іске асыру болмақ», - деді Т. Сүлейменов.

Министр атағандай,  биылғы форумда қамтылатын тақырыптар өткен жылдарға қарағанда айтарлықтай ұлғайып отыр.

«Соның ішінде ресурстар, роботтандыру, сингулярлық, әлемде адам рөлі мен қоғамдық қатынастардың өзгеруі, аграрлық ғылым мен денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар талқыланатын болады», - деді министр.

Ал, Дүниежүзілік банктің мәліметінше, болашақта мамандықтардың 57 пайызы  қажет болмай қалады, яғни ол мамандықтармен адам емес роботтар айналысатын болады.

«Бұл дегеніміз еліміздегі секторлардың көп бөлігін дәстүрлі салалар қамтиды, мысалы ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ өндіру және т.б. Біз форум барысында мұның бәрі Қазақстан экономикасына, жоғарыда айтылған салаларға қалай әсер ететінін, адамдардың жұмыс істеуі үшін, бір орында тоқтап қалмай алға жылжу үшін не істеу керек екенін форум сессиясында талқылайтын боламыз», - деді Т.Сүлейменов.

Сондай-ақ, ол Қазақстан тарапы АЭФ-та жаһандық проблемаларды көтеруден қорықпайтынын ерекше атап өтті.

«Біз бұл форумда Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум секілді, Дүниежүзілік банк және басқа да жаһандық қаржы институттары жиындарында көтерілетін жаһандық мәселелерді талқылаудан қорықпаймыз. Қазақстан   немесе    Орталық Азияға қатысты мәселелерді ғана талқыламаймыз, әлемге ортақ тақырыптарды қамтитын боламыз», - деді АЭФ ұйымдастыру комитетінің орынбасары.

Айта кетейік, Астаналық экономикалық форум – Еуразияның жыл сайынғы орталық іскерлік оқиғасы.Конгрестің 10 жылдық жұмысында оған әлемнің 150 елінен шамамен 50 000 делегаттар, олардың ішінде – 20-дан астам Нобель лауреаттары және 30 жоғары деңгейлі шетел саяси қайраткерлері қатысқан.Конгресс шеңберінде 20 млрд. АҚШ доллардан асатын сомаға 300 астам меморандумдар және келісімдер жасалған.

Сондай-ақ,түрлі уақытта форум спикерлері саясаткерлер, ғалымдар және экономисттер, әлемдік деңгейдегі  журналистер мен қоғамдық қайраткерлер, халықаралық ұйымдар, қаржы институттар және бизнес-элиталар өкілдері болған.Елдер экономикасындағы, әлеуметтік саладағы, диджитал технологияларда, өндіріс пен тұтынудағы жылдам және түбегейлі өзгерістер, сонымен қатар көз алдымызда болып жатқан технологиялық ауысым 2018 жылы Астаналық экономикалық форум негізінде Global Challenges Summit жаһанды сын-тегеуріндер саммитін құруға серпін болды.

Экономикалық өсу және ресурстық тұрақтылық, цифрландыру және урбанизация, ұзақ өмір сүру және қаржылық революция, жаһандық қауіпсіздік және мәдени ауысым - осы жалпы әлемдік үрдістер Global Challenges Summit 2018 бағдарламасының негізін құрады.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика