Сараптама

Қорғаныс қабілеті жөнінен 50 орындамыз: ҚК - әлеуметтік лифт (2-бөлім)

Эксклюзив
Негізі қоғамдағы адамдардың белгілі бір әлеуметтік топтардан, таптардан, жіктерден келесі бір әлеуметтік жағдайға ауысуы әдетте «әлеуметтік мобильділік» деп аталады. Яғни, белгілі бір әлеуметтік статустағы адам әлеуметтік мобильділіктің нәтижесінде жағдайы жақсарып немесе төмендеп өзге әлеуметтік статус алуы мүмкін.
Астана қаласы04 Мамыр , 09:36

Әдетте әлеуметтану ғылымында әлеуметтік мобильділікті бірінші кезекте  вертикалды және горизонталды мобильділік ретінде қарастырады. Адамның әлеуметтік мәртебесі бұрынғысынан  жақсарып, жақсы мәртебеге ие болса, онда вертикалды мобильділіктің жүзеге асқаны болып саналады. Бірақ, мәртебенің өсуі жоғарылау мобильділігі болып есептеледі. Керісінше жағдайда төмендеу мобильділігі туындайды. Демек, Қарулы Күштер осы тұрғыдан  қарастырар болсақ әлеуметтік лифт рөлін атқарып отыр.

Көп жағдайда Қарулы  Күштерді ел тәуелсіздігінің кепілі,  мемлекет мүддесін қорғаушы институт ретінде қарастырады. Сөйте тұра армия әлеуметтік институт ретінде де өз қызметін атқарып келеді. Біздің елде  армия мерзімді әскери борыштарын өтеген азаматтардың болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына кепілдік болуда.  Яғни, әскер қатарында болған азаматтар жоғары білім алмағанның өзінде күзет қызметіне, ішінара полиция және төтенше жағдайлар қызметіне  жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Соңғы екеуінің  арнайы статустағы мемлекеттік қызмет екенін ескерсек, әскери борышын өтеген  азаматтарға әжептәуір жақсы мүмкіндіктер ашылады. Яғни, қалай болғанда да әскери борышын өтеген азаматтардың еңбек нарығында   жұмыс табу мүмкіндігі тек қана орта білімі бар, бірақ әскери билеті жоқ азаматтарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Егер полиция және төтенше жағдайларға қарсы қызмет бөлімдеріне орналасу мүмкіндігін қоса есептер болсақ, әскер қатарында болған азаматтардың әлеуметтік статусы да өзгереді. Әрі бүгінгі армия  урбанизация процесіне де ықпал етіп отырған жайы бар. Өйткені, Қазақстанда АУЫЛ=> АРМИЯ=>ҚАЛА формуласы  жұмыс істеп тұр.

Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштері  жеке құрамының 70 пайыздан астамын келісімшарт негізінде қызмет ететін әскери   қызметшілер құраса, қалғанын мерізімді әскери борышын өтеушілер жасақтап отыр. Жыл сайын  мерізімді әскери қызмет өтеуге ел бойынша шамамен 27-30 мың азамат шақырылады.

Алайда,  Global FirePower ұйымы  биыл Қазақстанда әскери қызмет өтеу жасына жеткен азаматтардың саны 245 мың адам болғанын алға тартады.  Демек, осыншама азаматтың ішінде әскери борыш өтеуге 10-12 пайызы ғана аттанады. Өзгелері жоғары немесе арнаулы орта білім алуға,  жұмыс істеуге аттанады деген сөз. Сонымен қатар, әскер қатарына шақырылатын жасқа жеткен азаматтардың денсаулығы, әскери қызметке жарамдылығы деген мәселе тағы бар.

Дегенмен, ақылы негізде қысқа мерізімдік әскери даярлықтан  өту тәжірибесінің енгізілуі міндетті әскери борыштарын өтеушілерге таңдау еркін  қалдырып отыр. Әрі армияның жеке құрамын жоғары білімі жоқ, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық жағдайы ортадан төмен  азаматтардың қалыптастыруына ықпал етіп отыр.

Біз сөз еткен АУЫЛ=> АРМИЯ=>ҚАЛА  бағытындағы мобильділіктің үлгісі осы  тұста байқалады. Өйткені,бір рет қысқа мерізімді әскери даярлықтан өту 260 мың теңгеден асады. Әрі, орташа табысы 25 айлық есептік көрсеткішке жете қоймайтын  отбасылардан шыққан жастардың бұл соманы өтеп, армияға бармай қалу мүмкіндігі аз.

Сол себепті ауыл жастары  әскери қызметті әлеуметтік статусты  көтерудің жолы ретінде бағалайды. Міне  бұл армияның әлеуметтік лифт ретіндегі рөлін айғақтайтын бірінші дәлел.

Екіншіден,  Қазақстан армиясының  жеке құрамы бүгінде 70 пайыздан астамын  келсімшарт негізінде қызмет жасайтын әскери қызметшілер құрайды.  Мұны Бас штаб бастығының орынбасары болып тұрған кезінде генерал Әмір Халиков жазбаша түрде мәлімдеген болатын.

Ал, 2015 жылы бұл көрсеткіш 67 пайыз еді. Әрі  келісімшарт әскерлерінің 12 пайызын әйелдер құрайтын. Генерал-майор  Әмір Халиков әскер құрамында келісімшарт бойынша қызмет атқаратын сарбаздар қатарының артуын бірқатар факторлармен түсіндірген болатын. Атап айтқанда:

 - Қарулы Күштерді кәсіби тұрғыда  дайындалған жеке құраммен жасақтау есебінен  әскерлердің жауынгерлік әзірлігін жоғары деңгейде ұстап  тұру қажеттілігі;

 - Күрделі  әскери техниканы  жылдам меңгеру, мамандарды іріктеу және оларды уақытылы дайындау;

 - Жұмылдырылған адами  ресурстарды дайындау   және жинақтаудың жаңа  жүйесін әзірлеу, әскерлерді (күштерді) сапалы   жұмылдырылған адами ресурстармен кепілді түрде жасақтау қажеттілігі ескерілсе керек.

Әлбетте, бұл айтылғандар армияға келісімшартпен әскери  қызмет өтеу жүйесін енгізудің нақты мақсаттарын  көрсетіп отыр. Бірақ, іс жүзінде келісімшартпен әскери  қызмет атқарып жүрген сарбаздардың барлығын дерлік кәсіби әскер деуге келмейді. Әскердің кейбір түрлерінде  келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскерилердің де тұрақтамайтыны байқалып қалады. Әрі келісімшартпен әскери  қызмет атқару азаматтардың әлеуметтік статусын төменгі төмен таптан, орта төменгі тапқа қарай жылжылтуы ғана мүмкін. Қазақстанда классикалық  үлгідегі орта таптың қалыптаса қоймағанын ескере отырып табысы 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қалатын азаматтарды орта төменгі тап ретінде қарастыруға мәжбүр болдық.

Ал Қазақстанда келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарушылардың төменгі жалақысы шамамен 75 мың теңгені құрайды. Оның өзінде 2017 жылы Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен әскрилердің жалақысы 25 пайыз өскен соң ғана осы деңгейге жеткен. Салыстырар болсақ Түркияда келісімшартпен  әскери қызмет атқаратын қатардағы жауынгердің жалақысы 2454 түрік лирасынан немесе отандық валютаға шаққанда 196 мың теңгеден басталады. Ресейде  келісімшартпен қызмет атқаратын қатардағы жауынгердің ең төменгі жалақысы 17500 рубль немесе 91 мың теңгеден басталады.

Бірақ, Ресей Қарулы Күштерінде келісімшарт бойныша еңбек ететін  қатардағы жауынгерлердің орташа жалақысы 30 мың рубль деп көрсетілген.  Бұл дегеніңіз 156 мың теңге шамасында. Бір сөзбен айтқанда әскери қызметшілердің басым бөлігі жылына 10 мың доллар табыс таппайтын  азаматтар қатарына кіреді. Әрине, келісімшарт әскерлеріне қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Баспана мәселесін шешу жолдары оңтайландырылды,  өтемақы жүйесі бар. Алайда, әскер түрлері мен құрылымдарға байланысты келісімшарт әскерлерінің қызмет ету   мерізімі әртүрлі. Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерде қызмет жасайтын келісімшарт әскерлерінің орташа еңбек өтілі 10-12 жыл  шамасында. Онда да гарнизондардың қайда орналасқаны маңызды. Ірі гарнизондар мен қалаларда орналасқан әскери бөлімде еңбек ететін келісмішарт әскерлері мен сержанттар  ұзақ уақыт жұмыс істейді. Ал ҰҚК Шекара қызметінде еңбек ететін келісімшарт әскерлерінің қызмет мерізімі тым көп емес.

Біздің зерттеулерімізге сүйенсе, шекарада қызмет жасайтын  әскерлер шамамен 3-5 жыл шамасында. Шекара заставаларында қызмет істейтін келісімшарт әскерлеріне қатысты бірқатар әлеуметтік  мәселелер бар. Олардың отбасы, бала тәрбиесі, мәдени сұраныстары тәрізді өзекті мәселелер түбегейлі шешілген жоқ.

Яғни, мұндай қызмет атқаратын әскери қызметшілер әлеуметтік  мобильділіктің горизонталды түріне мысал бола алады. Бір сөзбен айтқан әу баста әлеуметітк статус бір  рет өзгергенімен, одан соң көп өзгеріс бола қоймайды. Ал, Қазақстан әскерінің әлеуметтік құрамына келер болсақ, сөз басында айтқанымыздай  әскери қызмет өтеушілердің шығу тегі мен отбасы жағдайының да жоғарғы немесе орта тапқа қатысы жоқ екендігін байқаймыз. Қарулы Күштер жеке құрамының басым  бөлігін құрайтын келісімшарт бойынша еңбек ететін әскери қызметшілердің әлеуметтік тегіне үңілер болсақ олардың 75 пайызы жұмысшылар мен қызметкерлер отбасынан шықса, 25 пайызы зиялы қауым  отбасыларының өкілдері ретінде көрсетілген. Яғни, зерттеу деректері армияда жоғары тап өкілдерінің өте сирек қызмет атқаратынын көсретіп отыр.

Оның үстіне  келісімшарт бойынша әскери қызмет өтеушілердің 30 пайызында тек орта білім, 45 пайызында арнаулы орта білім ғана бар.  Демек, еңбек нарығында тым жоғары сұранысқа ие болмайтын немесе тек қана қара жұмыс күші ретінде ғана сұраныс бар азаматтар армия қатарында жүріп, өздерінің әлеуметтік  жағдайларын жақсартуға ұмтылады. Өйткені, әскери қызмет азаматтарға бірінші кезекте тұрақты жұмыс болса, екіншіден баспана мәселесін шешудің қолайлы жолдарының бірі.

Үшіншіден. Келісімшарт арқылы  әскери қызмет жасаушылардың білім алуына, біліктіліктерін арттыруына құқықтық мүмкнідік  жасалған. Соның нәтижесінде әлеуметтік статусты көтеру мүмкіндігі бар. Бірақ, оны пайдаланушылар сирек.  Төртіншіден, мерізімді әскери борышын өтейтіндер де, келісімшарт бойныша әскери қызмет атқарушылар да армияны келешектегі тұрақты жұмыстың кепілі ретінде қарастырады.  Демек, Қарулы күштерде әлеуметтік мобильділіктің вериткалды да, горизонталды да түрі кездесетіндігі байқалды.

Амангелді Құрмет




Яндекс.Метрика