Сараптама

Қорғаныс қабілеті жөнінен 50 орындамыз

ЖаҺанда әр елдің әскери қуатын өлшейтін түрлі ұйымдар мен мекемелер бар. Солар көбіне қандай да бір елдің қорғаныс қабілетіне байланысты баға беріп жатады. Сондай ұйымдардың бірі Global FirePower ұйымы жыл сайын рейтинг жариялап тұратыны бар. Сол рейтингте Қазақстан биыл 50 орынға тұрақтапты.
Астана қаласы03 Мамыр , 09:01

Әдетте  елдің қорғаныс қабілетін 55 фактор негізінде сараптайтын  рейтингке  қатысатын елдердің  саны  жыл сайын өзгеріп отырады.Бірде артады, бірде кемиді.

Биылғы  рейтингке 136   мемлекет  қатыстырылыпты.  Яғни, осыншама  елдің  қорғанысқа қатысты ақпараты ашық деген сөз.  Әлбетте,  рейтингтің көш басында  жаһандық  супердержавалардың тұратыны жасырын емес. АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан мен  Франция тұр. Бұл бесеуінің  өзгергенін  көз көрмепті.

Ал,алғашқы ондықтан кейінгі тізімге кіретін елдердің қорғаныс қабілетінде  өсу де, өшу де кездестіп тұрады.Былтыр Қазақстан Global FirePower рейтингінде 53 орын алған болатын. Ал, Өзбекстан 48  орында болған. Биыл біздің ел 3 сатыға  көтерілсе, Өзбекстан бірден 9 сатыға  көтеріліп, 39 орынға шықты. Сөйтіп, ТМД  елдерінің арасында  әскери  қуаты жағынан  Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұрақтап тұр.

Әрине,Орталық Азиядағы  белді мемлекеттердің бірі саналатын Өзбекстанның қорғаныс мәселесінде бірқатар артықшылықтары бар  екені даусыз.Бірінші кезекте  халқының саны жағынан Өзбекстан Қазақстаннан  алда тұр.  Оларда 30 млн, бізде 18 млн-нан астам халық тұрады.  Сәйкесінше,  әскери міндеттерін өтеуге тиіс азаматтар мен резеврте тұрғандар саны жөнінен де алда. Олардың әскери  қызмет   өтеу жасына  жеткен азаматтарының саны 602 мың болса, бізде 245 мың.

Алайда, Өзбекстан Қарулы күштерінің жеке  құрамы  Қазақстан әскерінен аз. Global FırePower   ұйымы  Өзбекстанда  56 500  әскер, 20 мың резерв бар деп көрсеткен.  Қазақстанда  74500 әскер, 32 мың  резерв  бар деп бағалапты. Мұндағы резерв ретінде  көрсетіліп отырған мөлшер Қорғаныс  министрлігіне қарамайтын әскери  құрылымдарға қатысты болуы мүмкін. Яғни, Республикалық ұлан,  ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік  күзет қызметінің сарбаздарын  халықаралық  ұйым  резерв  ретінде көрсеткен сыңайлы.

Дегенмен,жалпы  мөлшерден  жаңылыса қоймағаны байқалады.  Яғни, Қазақстан   әскерінің саны  106 мың шамасында болса, Өзбекстан әскерінің саны 76 мың. Яғни, Global Fire Power, Stockholm International Peace Research Institute, The International Institute for Strategic Studies тәрізді бірқатар  зерттеу орталықтарының Қазақстан әскерінің  саны 110 мың шамасында  болатындығын тұспалдауы шындыққа  жақын келеді.

Одан  бөлек, тағы бір артықшылық ретінде  мобильділікті де атауға болады.  Өзбекстанның жер көлемінің бізден шағын болуы әскери мобильдлікті де арттыратын көрінеді. Яғни, шетелдік сарапшылар осы мәселені ескерген болса керек.

Бұл деректерден бөлек  көрші отырған екі елдің қару-жарақтарын да салыстыруға болады.  Танк саны жағынан Өзбекстан  алда. Оларда 420 танк, бізде 300 танк бар деседі. Ұшақ саны жағынан Қазақстан алда. Бізде 214 әскери ұшақ болса, оларда 179 ұшақ бар. Бронды көліктер саны жағынан да  қазақ әскері озып тұр. Қазақстанда 1613   сауытты көлік болса, Өзбекстанда 715 сауытты  әскери көлік бар. Тікұшақтан да алдамыз.

Бізде 75, оларда 73 дана әскери тікұшақ бар. Өздігінен жүретін артиллериялық  қондырғы,  зымыран кешендерінің саны  жөнінен де Қазақстан алда тұр. Бірақ,  жалпы рейтингте Қазақстан 50 орында болса,  Өзбекстан 39 орында. Яғни,  бірқатар факторларға қатысты Өзбекстанның  қорғаныс  қабілетін  сарапшылар жоғары бағалап отыр.  Өйткені,  жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім, сатып ау қабілеті,  әскери резерв, әскери міндетін өтеуге  тиіс азаматтар саны,   жер көлемі,  сыртқы қарыз,   алтын валюта қоры және  басқа да  толып жатқан факторлар елдің қорғаныс қабілетіне тікелей әсер ететін болса керек.

Біздің пайымдауымызша, халықаралық рейтингте Қазақстанның қорғаныс қабілетіне қатысты орнының соңғы 4-5 жылда тым көп өзгермеуі елдің сыртқы қарызына тікелей байланысты болуы мүмкін. Мәселен, Қазақстанның сыртқы қарызы 159 млрд 200  млн доллар  болса,  Өзбекстанның  қарызы 16 млрд 860 млн  доллар. Айырмашылық 9,4 есе. Ал, Қазақстанның қорғаныс  бюджеті  2 млрд 435 млн доллар.  Бұл көрсеткіш  бойынша біз көршімізден  34 есе алдамыз. Өзбекстанның қорғаныс  бюджеті 70  млн доллар екен. Тіпті, рейтингте 39 орында тұрған  Өзбекстанға қарағанда Әзербайжанның қорғаныс  бюджеті  мол.

 Ресми Баку қорғаныс саласына жылына 1 млрд 600  млн доллар бөледі. Демек,  шетелдік сарапшылар елдің қорғаныс қабілетін бағалау кезінде  тікелей армияға қатысты  факторларды емес, экономикадағы  өзге  ерекшеліктерді  алдыңғы қатарға шығаратын болса керек.

Дегенмен, бұл іс жүзіндегі емес,  қағаздағы немесе болжам түрінде  жасалған рейтинг деректері. Армияның   немесе тұтас елдің қорғаныс қабілеті шынайы  ұрыс жағдайларында ғана   белгілі болады. Оның бетін аулақ қылсын.  Дегенмен, тарихта  нақты мысал  аз емес. 1941 жылға дейін КСРО  әскерилері  армия тек  өзгенің жерінде ғана  ұрыс  жүргізетініне сеніп келген. Іс  жүзінде жағдай  мүлдем басқаша болды.  Тұтас елдің қорғаныс қабілеті сынға түскені бар.  Бұл енді тарих.

Енді  өзімізге қайта оралайық.Сөз басында  Қазақстанның қорғаныс  қабілетін өзгелердің қалай бағалайтынын айттық.  Есеп-қисап  бойынша бәрі жақсы. Алайда,  елдің қорғаныс қабілетіне, Қарулы күштерге  қатысты  айтар өзге де әңгіме  жоқ емес. Біздің  пайымдауымызша  бүгінде Қазақстан  Қарулы   күштерінің қоғамдағы  рөлінің қандай, әскер беделінің қаншалықты екендігі,  азаматтар армияға не себепті баратындығы жөнінде  ашық әрі нақты ақпаратымыз бар дей алмаймыз.

Ресми  деректер  азаматтардың   әскери міндетті  өтеуден  бұрыңғыдай көп жалтармауын  конституциялық  міндетті орындаумен, патриоттықпен   байланыстырады.  Ол да мүмкін.  Бірақ,  Қазақстан қарулы күштерінде   мерізімді әскери қызмет атқару қазіргі құқықтық  міндеттерді орындауға емес,  әлеуметтік жағдайға  тіреліп тұрғанға  ұқсайды. 

Армия  қазірдің өзінде  әлеуметтік мобильділікті арттыруға септігін тигізіп отырған  құрылымға  айналып келеді.  Одан бөлек  армияның  техникалық тұрғыда  жарақтандырылуы,  бұқара мен армияның   өзара байланысы тәрізді  мәселелер тағы бар.  Бүгінде  қазақ әскерінің  техникалық тұрғыда  жарақтандырылуын  бірнеше бағытта  қарастыруға   болады. Бірі  Ресей  қорғаныс  өнеркәсібі  өнімдерін тұтыну болса, екіншісі  НАТО  және  өзге  елдердің  технологияларына ұмтылу.  Армиядағы ауыр  қару-жарақтар  көбіне Ресейдікі. Электронды  құрылғылар мен  радиолокатор,  кибер қауіпсіздік бағытындағы техникалар батыс  елдерінің өнімдері. Атап айтқанда  Оңтүстік  Африка Республикасымен бірлесіп  сауытты көлік өндірсек,  Түркиямен  бірігіп электронды  қорғаныс  жабдықтары мен оптикалар өндірісін  жолға қойдық. 

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрылуы да  елдің қорғаныс қабілетін  нығайтуға бағытталған  шаралардың қатарына кіреді. Әскери  оқу орындары да бұл бағытта  нақты қызмет  жасап келеді. Сонымен қатар, 2017 жылдың  29  қыркүйегінде  бекітілген әскери доктрина да  қорғаныс  қабілетімізді нығайтуға септігін  тигізуі тиіс құжат.  Ең бастысы   онда  заманауи  қауіп-қатердің алдын алуға қатысты  қабылданған нормалар бар.  Бұрын  «гибридті соғыс»  немесе «гибридті күрес» ұғымдары бізде  қолданылмайтын. Жаңа доктринада бұл ұғым айқындалған.

Доктринада «гибридті» күрес әдістері -қарсы күресетін мемлекет аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін әскери күшті (оның ішінде қарсы тұрған тараптың аумағындағы арнайы операциялар, жекеменшік әскери, күзет компанияларының күштерін), әскери емес құралдарды кешенді қолдану, сондай-ақ басқа мемлекеттердің, террористік, экстремистік ұйымдар мен сепаратистік қозғалыстардың әлеуетін пайдалану арқылы әскери-саяси және әскери-стратегиялық мақсаттарға қол  жеткізу тәсілдері» ,-деп көрсетілген.  

Міне,  дәл осы норма  елдің қорғаныс  қабілетін айқындауға,  төнуі мүмкін қауіп-қатерді болжауға септігін  тигізеді.  Ал, Қарулы күштердің  жеке құрамының даярлығына, армияның қоғамдағы  рөліне келсек, ол бірінші кезекте  әлеуметтік лифт  рөлін атқарып қана тұр әзірге.

(жалғасы бар)

Амангелді Құрмет




Яндекс.Метрика