Ұлтаралық бірлік

Қоғамның этноәлеуметтік құрылымын қалай жақсарту керек?

Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысында қазіргі кезеңдегі Қазақстан халқының бірегейлігі мен бірлігі: даму үрдістері, Қазақстандық қоғамның этноәлеуметтік құрылымы талқыланды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан19 Маусым , 17:50

ҚХА төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев  қоғамдық бірлік пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау мен ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай алудың арқасында даму  мүмкін болып отырғанын жеткізді.

«Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айқындалған сабақтастық, әділдік, өрлеу принциптерімен ұштасады. Сабақтастық деген ол қоғамның бірлігін сақтау, ел азаматтарының тұрмыс сапасын арттыру.Осы орайда қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси-рухани өзгерістер мен жаңаруларды жүргізуге Ассамблея белсене атсалысуда», - деді Ж.Түймебаев.

Ж. Түймебаев  бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы – саяси тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің, ел тыныштығы мен бірлігінің белгісі екенін жеткізді.

«Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мақсаты – саяси жағдайларға болжам жасай отыра, қоғамды алауыздықтан сақтау.Яғни, халық санасына саңылау сала отырып, демократиялық құндылықтардың дәнін егу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, этносаралық қатынасты нығайту.Тек ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», - деді Ж.Түймебаев.

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы МБА этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова әлеуметтік өмір дегеніміз адамдардың  бір-бірімен нақты қарым-қатынас орнату екенін жеткізді.

«Виртуалды әлемді алатын болсақ, онда кей-кезде кіммен хабарласып отырғаныңызды да білмейсіз. Себебі, онда тек жазба, не сурет арқылы қабылдауға болады, ол адамның өмірде бар ма, жоқ па екені беймәлім. Қазір технологиялық мүмкіндіктер адамның шынайы, шынайы емес екендігін  анықтап бере алады. Алайда, виртуалды әлем шегі жоқ әлем», - деді А.Сәдуақасова.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілер халықтың бірлігіне екіұдай әсер етіп отырғанын жеткізді.

«Әлеуметтік желі халық бірлігіне теріс әсер етіп жатыр деп бір тараптан ғана айтуға болмайды. Себебі, қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы адамдар бір-бірін тауып жатады. Күнделікті бір-бірімен хабарласу тұрғысында да ол өте тиімді болып отыр. Екінші жағынан, бейтарап ақпарат шығып қалып, оның рас өтірігін тексеруге әрбір адамның қауқары жете бермейді. Сондықтан, сол ақпаратқа сеніп қалып, әрі қарай бір түсініксіз әрекеттерге баруы мүмкін», - деді А. Сәдуақасова.

Сондай-ақ, ол жалған ақпаратты ажырату үшін адамдардың критикалық ойлау қабілетін дамыту қажеттігін айтты.

«Біз барлық желіні қолымызда ұстаймыз деп айта алмаймыз. Біз өз тарапымыздан адамның ішкі дүниесінде қандай құндылықтар бар, сол құндылықтарға сүйене отырып, тұрақтандыру жұмыстарын жүргіземіз. Әр адамның соңына түсіп, не жазатынын бақылай алмаймыз», - деді ол.

Айта кетейік,  отырысқа Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері, ҚХА мен Ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелері, өңірлердің ғылыми-сараптамалық топтарының басшылары, ЖОО ректорлары, Ассамблея кафедраларының меңгерушілері, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика