Цифрлы Қазақстан 2022

Өңірлерде «Ақылды қала» қалай жүзеге асырылуда

Қазақстан өңірлерінде смарт-жобалардың жаппай іске асырылуы 2017 жылдың күзінде басталды. Оның аясында әрбір салаға арналған қызмет салаларын, қаржыландыру түрлерін, технологияларды және болжамды жоба пулдарын қамтитын «Смарт сити» тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Бүгінгі таңда тұжырымдамаға сәйкес Қазақстанның барлық өңірлері «Смарт сити» өңірлік тұжырымдамасын одан әрі тарату және дамыту үшін негізге ала отырып жұмыс істейді.Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы20 Шілде , 09:34

Әрбір өңір үшін міндетті болып табылатын ТКШ, қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және көлік салаларындағы ең төменгі талаптарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді.

Әкімдіктер өңірлерді цифрландырудың жол карталарын және «ақылды» қалалардың бес міндетті бағыттары бойынша салалық жол карталарын әзірлеп, олар бүгінде бекіту сатысында тұр.

Қазіргі таңда медициналық ақпараттық жүйелер, электронды күнделіктер, балалардың мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кезекке қою және бөлу жүйелері барлық өңірлерде енгізілді. Сонымен қатар, өңірлердің статистикасына сәйкес байланыс арналарымен қамту және әлеуметтік мекемелерді компьютерлендіру барлық жерде 80% асады.

Сонымен бірге, «ақылды» қалалар жұмысының алдын ала қорытындылары шығарылды. Мәселен, Павлодар облысының білім беру саласында мектеп оқушыларының оқу үлгерімінің жақсарғаны анықталды. Оның себебі — ата-аналарға онлайн-журналдар мен күнделіктердің қолжетімді болуы. Жалпы алғанда, 2017–2018 оқу жылында осы саладағы үлгерім көрсеткіші 77%-дан 80%-ға дейін өсті.

Шығыс Қазақстан облысында информатика, химия, физика, математика кабинеттерін жаңа жабдықтармен жабдықтау, сондай-ақ роботты техника сабақтары үшін кешенді жабдықтарды сатып алу тұрғысынан мектептерді компьютерлендіруге салынатын инвестициялардың ұлғаю үрдісі анықталды. Осылайша, инвестициялар 2,5 млрд теңгені құрады, бұл тек бюджет қаражаттарын үнемдеп қана қоймай, сондай-ақ бизнес өкілдерін өңірді цифрландыруды дамытуға және заманауи мамандықтардың сұранысқа ие қызметкерлерін дайындауға тартты.

АКМ деректеріне сәйкес, бағдарламалық қамсыздандырудың отандық әзірлеушілері мен АКТ қызметтерін ұсынушылар енгізіліп жатқан шешімдердің ішкі әрі халықаралық бәсекеге қабілеттілігін дамыта отырып, өңірлерді цифрландыруға белсенді түрде атсалысуда. Мәселен, тек медицина саласында шамамен 22 медициналық ақпараттық жүйе бар, ал білім беру саласында 16-ға жуық мердігер бәсекелеседі және ай сайын көптеген қызметтер мен мүмкіндіктермен бәсекелі шешімдер ұсынады.

Айта кету керек, тұжырымдаманы жасаған кезде «ақылды» қалалар арасында халықаралық көшбасшылардың смарт ситиді енгізулерінің халықаралық тәжірибесі зерттелді, оның ішінде Барселона, Дубай, Нью-Йорк, Сингапур қалалары бар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, смарт ситидің эталондық стандартын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Смарт ситидің «эталондық» стандарты — АТ-жобалар, өзара іс-қимыл архитектурасы арқылы өңірлердің орталық мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасының қағидаларын, сондай-ақ, ҚР Үкіметінің деректерді жинау және өңдеу тәсілдерін сипаттайтын құжат.

Ақтөбе өңірінде  бес бағыт бойынша «Smart city Ақтөбе» тұжырымдамасы іске асырылуда.

Біріншісі — білім беру жүйесі. Ақтөбе қаласында 77 мектеп бар. Олардың барлығы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Биыл 110 компьютер сатып алынды. Нәтижесінде қаланың мектептері компьютерлік техникамен 100% қамтамасыз етілді. Қаланың барлық мектептерінде «Күнделік» жүйесі енгізілді. Пилоттық режимде балабақшаларға электронды түрде кезекке тұру жүйесі енгізілді.

Екінші бағыт — цифрлық энергетика және ТКШ. Қалада «Қазпошта» АҚ бірлесіп бірыңғай төлем құжатын енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда БТҚ 42-ден аса ұйым қосылған. Сонымен қатар цифрлық технологияларды пайдаланумен Энергия тиімділігі орталығы ашылды. Қазірде пилоттық режимде орталыққа 540 пәтер қосылған. Мақсаты — жарық, жылу мен суды пайдалануды үнемдеу. Болжам бойынша, жылуды үнемдеу 46%, ыстық суды үнемдеу — 33% құрауы тиіс.

Үшінші бағыт — «Интеллектуалды көлік жүйесі». Қалалық жолаушылар көлігі мониторингі үшін орталық диспетчерлік қызмет құрылды. Барлық қоғамдық көліктер GPS-трекерлермен жарақталды, «AktobeBus» мобильді қосымшасы іске қосылды. Жыл соңына дейін «Aktobe Pay» электронды билеттендіру жүйесін енгізуді аяқтау жоспарланып отыр.

Төртінші бағыт — «Қауіпсіз қала».

«Біз барлық шұғыл көмек қызметтерін 112 бірлескен қызметтерінің ахуал орталығына біріктірдік. Бүгінгі таңда ІІД ЖБО 218 бейнебақылау жүйесі камерасы бар. Тағы 150 камера орнатуды көздеп отырмыз», — деді Б. Сапарбаев.

Бесінші бағыт — «Цифрлық әкімдік». Бірінші кезекте Ақтөбе қаласы әкімдігінің порталы жұмысына өзгерістер енгізілді. Жалпы, барлық мемлекеттік қызметтер автоматтандырылған жүйеге қосылған. Әкімдік серверлерінде «Геопортал» әзірленіп, таратылған. Қала тұрғындары үшін халық кеңсесі жұмыс істейді, онда 621 қызмет түрі көрсетіледі. Тек жарты жылдың ішінде халыққа 180 мың қызмет түрі көрсетілген.

Шымкент қаласында «Smart city» жобасы бес бағыт бойынша іске асырылып жатыр, олар: білім беру, денсаулық сақтау, ТКШ, көлік және қауіпсіздік.

Қалада 459 балабақша үшін балаларды қабылдаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақшаларға кезегі 2,5 есеге азайған. Балабақшаға алу бойынша шағымдар саны 80% төмендеген. «Адами» фактор мен 18 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылған.

Сонымен қатар, бірінші сыныпқа қабылдау автоматтандырылған.

«Енді ата-аналар мектептің рейтингімен, педагогикалық құрамымен, оқыту тілімен және басқа да ақпаратпен электронды форматта таныса алады. Бұл жүйе Шымкенттің барлық мектептерінде енгізілген. Сонымен қоса, барлық 128 мектепте электронды журнал және күнделік жүйелері енгізілген. Мобильді қосымшаны енгізу мектеп, ата-аналар мен оқушылар арасындағы байланысты нығайтып, сонымен қатар оқушылардың оқу үлгерімі мен сабаққа келуін бақылауға алуға мүмкіндік берді», - деді Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов.

Бұдан өзге, Шымкентте педагогикалық құрамды іріктеудің «T-hunter» автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Егер бұрын үміткерлер бос жұмыс орындары туралы әрбір мектепке барып білген болса, қазір бұл ақпаратты онлайн-режимде алуға болады. Сонымен қатар ашық байқауға қатысу үшін электронды форматта өтінім беру мүмкіндігі пайда болды.

«Нәтижесінде шағымдар 90% азайды, педагогикалық құрам сапасы артты. Ең бастысы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылды», — деді Шымкент қаласының әкімі.

Осы жүйенің арқасында 780 үміткер жұмысқа қабылданды. Жақында мектептің техникалық персоналын да осы қағидат бойынша жұмысқа қабылдау көзделіп отыр.

Денсаулық сақтау саласында жалпылама қағаз түрінде есеп беруден бас тарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, созылмалы аурулар түрлері бойынша автоматтандырылған жүйе енгізілген. Халыққа алдағы профтексерулер мен скринингтер туралы электронды түрде хабарланады. Ең қажетті үш медициналық қызмет — үйге дәрігер шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу және медициналық мекемеге тіркелу енді «Дамумед» мобильді қосымшасы арқылы ұсынылады.

ТКШ цифрландыру аясында Шымкенттегі тұрғын үйлер 100% сумен қамтудың есептеу құрылғыларымен жабдықталған. Суды өндіру, залалсыздандыру және тасымалдау толық автоматтандырылған.

Шымкент қаласының әкімі 2018 жылы 30 автобус пилоттық режимде электронды бақылау және билеттендіру жүйесіне көшкенін хабарлады. Ғ. Әбдірахымовтың айтуынша, жаңа автобустарды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық жаңа автобустарда электронды билеттендіру жүйесін орнату жоспарланып отыр.

Қоғамдық қауіпсіздік аясында басқарылатын бейнебақылау камераларының саны 479 дана болды. Қазіргі кезде жасанды зерде және нейрон жүйесі технологияларын пайдаланумен бірыңғай бейнебақылау жүйесін енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 30 «қауіпті» учаскеде «Сергек» жүйесі енгізілетін болады.

АКМ мәліметіне сәйкес,  «Smart city» жобасын іске асыру аясында өңірлерде цифрландыру кеңселері құрылған. Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын жобаларды үйлестіру процесін ҚР АКМ және «Зерде» АҚ негізінде құрылған цифрландырудың орталық штабы басқарады. Сондай-ақ, өңірлерде ақылды қалаларды жүзеге асыру аясында жол карталары, жобалар және басқа да міндеттер орындалатын портал құралы енгізілген.

Бұдан өзге, материалдарды орталықтандырылған түрде жариялау мүмкіндігімен жиынтықты технологиялар пайдаланылады. Бұл әдіс онлайн-кітапхана қағидасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді және цифрландырудың орталықтандырылған штабынан нақты талап етілген ақпаратты сұрату қажеттілігін жойды.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика