АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

ОҚО-ның Төле би ауданында құс фабрикасы ашылады

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырлуын пысықтау мақсатында Төле би ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ж.Түймебаев бастаған бірқатар облыстық мәслихаттың депутаттары ауданда атқарылған игі істердің куәсі болды, деп хабарлады ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оңтүстік Қазақстан 14 Желтоксан, 18:13

Жұмысшы топ ең алдымен Киелітас ауылдық округіндегі құрылысы жүріп жатқан өнеркәсіптің бірі – «Ленгер құс» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің жағдайын көрді. Жиырма мүшенің басын қосатын ауылшаруашылығы кооперативіне біріккен құс фермасының құрылысы аяқталуға жақын.

Кооператив мүшелерінің айтуынша, өткізген еттің әр келісіне 80 теңгеден, ал жемге 20 теңгеден субсидия алатын болады. Жоба толықтай іске қосылғанда жылына 200 тоннаға жуық құс етін өндіреміз деп отырған шаруалар тауарларын «Шымкент құс» кәсіпорнына өткізетін болады. Жылына 6 айналымда жұмыс істейтін құс фермасы құстарды 35-40 күн бағамыз дейді.

Сонымен қатар, олар кооперативке бірігуінің арқасында сатып алынған құрал-жабдықтарға кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып отырғанын айтты.

Сапар барысында аймақ басшысы Леңгер қаласында орналасқан «Янгуан» ЖШС-нің жиһаз жасайтын цехын аралап көрді. Өткен жылы жұмысын бастаған кәсіпорынға тартылған инвестиция көлемі 100 млн теңгені құрайды. Бір айда 500 данадан астам жиһаз өндіретін кәсіпорын өткен жылы алты мыңнан астам орындық, ал осы жылдың он айында алты мың бес жүзге жуық орындық жасап шығарған. Кәсіпорында жалпы саны 50 адам жұмыс жасайды. Орындықтарды жасауға қажетті ағаш Петропавл, Павлодар қалаларынан тасымалданады екен.

Бұдан бөлек, өңір басшысы Аққұм ауылдық округіндегі «Тұмар» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде болып, жұмысымен танысты. Өндірістік кооператив АИО «Оңтүстік» 53 млн теңге, ал «Қаз Агро» қаржылай орталығы арқылы 53 млн. теңге көлемінде несие алған. Жылына 75 мың тоннаға жуық ет өндіріп экспортқа шығаруды жоспарлап отырған мал сою цехында күніне 100 бас ірі қара союға мүмкіндік бар. Мұнда 25 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бүгінде етті шетел нарығына шығару үшін бірқатар елдермен келісімдер жүргізілуде екен.





Яндекс.Метрика