Астана - 20 жыл

Әлем фотографтары Астанаға жиналды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, Елордада екінші мәрте «PHOTOfest.KZ» халықаралық фотофестивалін ұйымдастырып отыр. Оған шетелдік және отандық 17 кәсіби фотограф қатысады.
Астана қаласы05 Шілде , 18:34

Сонымен, аймақтың ажарлы астанасына айналған - Алаштың астанасын тасқа басып, тарихта қалдыру үшін әлемнің әр түкпірінен ең беделді фотографтар жиналды. Арысы кәріп құрлықтан - Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, шығыстан- Қытай, Жапония жақын көршілеріміз - Ресей мен Армениядан келген кәсіби фотографтардың барлығы – әлемге танымал фотосуреттердің авторлары. Олардың арасында Армения Президентінің жеке фотографы Давид Акопян бар.

Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше суретін түсіріп, бүкіл әлемге аяқ асты танылған фотошебер. Суретті түсірудің ерекше әдістерімен өз брендтерін қалыптастырып үлгерген  мәскеулік Валера және Наталья Черкашиндер де даралауға тұрарлық. Сондай-ақ, Италиядан Филиппо Вентури,  Франциядан Филипп Шансель, Қырғызстандық Эркин Боожуров, Жапониялық Ясуxиро Огава, Венгриялық Аттило Бали, Уфадан Елена Болдырева, Израильден Ерез Маром, Қазақстандық Шүкір Шаxай, Бакуден Ситара Ибрагимова, және өзге де фотографтар атсалысады.

Объективтерін сайлап, аппараттарын майлап келген фотографтар бұл жолы Елордамыз – Астана әр қырынан безбендеп көрмек. Биылғы шараның ерекшелігі – 20 фотограф, нақты 20 бағыт бойынша жұмыс істейді. Яғни, 5-8 шілде аралығында шаһардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани келбетін кескіндеп, дүниежүзіне паш ететін болады. 

Шілденің 10-ы күні «PHOTOfest.KZ» халықаралық фотофестивалі қорытындыланады. Түсірілген фотоколлекция «Бәйтерек» монументінің алдында шілденің 10-ы мен 30-ы аралығында «Астана әлем фотографтарының обьективінде» фотокөрмесінде Астана тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады.  




Яндекс.Метрика