Басқару

Елбасы жаһандық үрдістерді ескере отырып, дамудың жаңа бағдарламаларын әзірлеу қажеттігін айтты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы31 Мамыр , 08:32

Күн тәртібіне сәйкес жиында еліміздегі құрылымдық және институционалдық реформалардың жүзеге асырылу барысы және Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы талқыланды.

Отырысты ашқан Мемлекет басшысы 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысының салдарына қарамастан, экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін іске асырылған шараларға назар аударды.

«Әлемдік қаржы дағдарысы басталған сәттен бері 10 жыл өтті. Жағдай өзгерді. Дағдарыстан шығу үшін біз арнайы бағдарламалар әзірледік, жол картасын қабылдадық, жұмыстан босап қалған адамдарға қол ұшын создық. Көптеген шаралар жүзеге асырылды. Біз шетелден инвестиция тарттық және  өз қаржымызды да пайдаландық. Сол арқылы ұлттық экономикамызды құлдыратпай дағдарыстан шығуға мүмкіндік алдық», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық үрдістер мен қалыптасқан геосаяси ахуалды ескере отырып, дамудың жаңа бағдарламаларын әзірлеу қажеттігін айтты. 

«Президент Әкімшілігі мен Үкімет одан әрі дамуымыздың жолдарын іздестіруі керек. Біз болашақта тиісті шаралар қабылдау үшін болжам жасауымыз қажет. Біздің алдағы іс-әркеттеріміз жөнінде айқын ұстанымымыз болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.  

Қазақстан Президенті қазіргі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асырудың тиімділігіне тоқталып, олардың уақтылы және сапалы орындалуының маңыздылығын атап өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп секторын одан әрі дамыту және қайта өңдеу саласына инвестиция тарту  үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды.

Елбасы мемлекеттік органдардың қызметі ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс екенін айтты.

«Біздің бүкіл жұмысымыз халықтың табысын арттыруды көздейді. Егер олай болмаса, онда Үкіметтің шамасы келмей отыр деген сөз», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев халықты жұмыспен қамту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, шағын және орта бизнесті қолдау, жастарға кәсіби білім беріп, жұмысқа орналастыру мәселелеріне тоқталды.   

Жиын барысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Бас прокурор Қ.Қожамжаров және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов баяндама жасады.

Басқосу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Үкіметке және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді және олардың орындалуын қадағалауды Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына тапсырды.

 




Яндекс.Метрика