Шолу

Үкімет отырысы: Шудағы оқиға, АӨК-ні дамытуды толықтыру

Үкіметтің бүгінгі отырысы Шу станциясы аймағында болған Астана-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының жол апатынан басталды. Премьер-Министр Бағытжан Сағынтаев аталмыш жағдайды өз бақылауына алатынын айтты. Үкіметтің кезекті отырысында талқыланған түйіткілді мәселелерді келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы19 Маусым , 11:58

Айта кетейік, «Астана-Алматы» бағытындағы №9 жолаушылар пойызы вагондарының рельстен шығып кетуінен болған жол апатында 25 адам жарақаттанып, бір бала қаза тапты. Премьер-Министр баланың отбасына көңіл айтты.

«Қаза тапқан баланың отбасына, жақындарына көңіл айтамын. Оқиғадан соң  бірден  шұғыл түрде Инвестициялар және даму министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» комапниясы  комиссия құрды. Компания басшысы Шуға қарай жол тартты. Шу станциясының бойында комиссия  жұмысын басқарып жатыр.  Алпысбаев мырза қазір  селекторлық байланысқа  Шудан шығып отыр», - деді Б.Сағынтаев.

 «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев «Астана-Алматы»  пойызында  20 вагон болғанын айтты.  Ол айтқандай,  жолдан шыққан сегіз вагонның екеуі аударылып, апаттан 23 адам зардап шекті, біреуі қаза тапқан.

«Бір жолаушының Шу қаласында аяғы сынып, ауруханаға жеткізілді, Алматы-1 теміржол бекетінде жолаушыларға медициналық көмек көрсетілді. Компания мерт болған жеткіншектің отбасына барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр», - деді Қ.Алпысбаев.

Оның айтуынша, ҚР заңнамасы негізінде қаза тапқан баланың отбасына компания 1000 АЕК көлемінде 2 млн 405 мың теңге компенсациясын төлейді.

«Сондай-ақ,  зақым келген жолаушыларға зақым алу және денсаулығына тиген зиянын деңгейіне қарай 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ерікті түрде өтемақы төлеу туралы шешім қабылданған. ҚТЖ-да зардаптарды жою бойынша штаб құрылды», - деді Қ. Алпысбаев.

Сонымен қатар, Қ.Алпысбаев  бұған дейін пойыздардың жолдан шығып кету оқиғасы болмағанын жеткізді. Бұл әдеттегі техникалық көрсеткіш емес.

«Бұл жерде жолаушылар пойызы түзу жолда аударылып кеткен. Осы учаскеде соңғы рет диагностика 6 маусым күні жүргізіліп, ешқандай ақаулар анықталмады. Аталған учаскеде сағатына 100 шақырыммен жүруге болады, ал жолдан шығып кеткен пойыз сағатына 92 шақырыммен жүрген. Қазіргі таңда теміржол инфрақұрылымының техникалық жағдайы қарастырылып жатыр. Мұндай жағдай тағы қайталанбауы үшін сәйкес шаралар қабылданатын болады. Комиссия айдың соңына дейін жұмысын аяқтайды», - деп түйіндеді ол.

Аталмыш оқиғаға қатысы бар  министрліктерден Премьер-Министр жағдай қалай болып жатқанын сұрады. Денсаулық сақтау министрі  Елжан Біртановтың айтқандай, апат кезінде 25 адам жарақат алып, оның біреуіне ота жасалған.

«Қаза тапқан 12 жастағы бала Қарағанды облысының тумасы. Жедел жәрдем барғанға дейін өмірден өтті. Сараптаманың алдын ала қорытындысы көрсеткендей, жабық бас сүйек жарақаты, миға қан құйылу және ісік, ми ісуі диагнозы қойылды. Медициналық көмекке  Жамбыл облысы- 17, Алматы қаласы- 8 азамат жүгінген. 24 науқасқа медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. 1 азаматқа оң тобының жабық түрінде сынық  диагнозымен операция жасалды. Қазір ол Шудың ауруханасында жатыр», - деді Е. Біртанов.

Өз кезегінде ҚР  ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымов аталған қайғылы оқиғаның салдарын анықтау мақсатында қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын жеткізді.

«Арнайы жіберілген тергеу тобы жұмыс жүргізіп  жатыр. Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды және тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Тергеу Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның назарында», - Қ. Қасымов.

Бақытжан Сағынтаев бұл мәселе өзінің бақылауында болатынын жеткізіп, нақты тапсырмалар берді.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп қазақ тапқан баланың отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін және бақылауға алсын. Ішкі істер министрлігі Инвестициялар және даму министрлігімен, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп вагондардың жолдан шығып кету себептерін мұқият тексерсін. Бұл оқиғның тексеру барысын жеке өз бақылауыма аламын»,- деді Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, Үкімет отырысында талқыланған мәселелердің бірі - ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізудің негізгі тәсілдері.

АШМ бірінші вице-министрі Арман Евниев айтып өқткендей, біздің елімізде ішкі нарықтағы сұраныс негізгі біз өндіретін тауарлармен (ет, дәнді және майлы дақылдар, күріш, картоп сияқты) артығымен қамтамасыз етілген. Сондықтан біз еңбек өнімділігін өсіру үшін ең алдымен экспорттық потенциалымызды анықтаумыз керек.

«Айталық қазір жалпы ауыл шаруашылық өнімдерінің жылдық экспорты 1,4 млрд. АҚШ доллары болса, тек қана ет өнімдерін экспорттауды 2,6 млрд. долларға жеткізуге болады.Қазақстанда ет саласын дамытудың шешуші факторлары бар, олар: жайылымдық алқаптар, суармалы егістіктер, жұмыс күші және дәстүрлі ата кәсібіміз.Ал сұраныс жағынан алсақ, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің (Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам сияқты) өте тартымды экспорттық нарықтары бар, сиыр еті мен қозы етіне деген олардың сұранысы тұрақты түрде артып келеді. Және де біздің екі көршіміз – Ресей мен Қытай аталған өнімдерді аса ірі көлемде импорттаушылар болып табылады», - деді А.Евниев.

Сонымен қатар, ішкі нарықтағы бос тұрған орындар мен қосымша сұраныс позициялары айқындалды.

«Олар – сүт өнімдері, құс еті, жеміс және көкөністер, қант. Мұнда қосымша өнім өндіру әлеуетіміз 1 млрд. доллардан асуы.Аталған өнімдердің өндірісі мен экспортын ұлғайту мақсатында дәл осы салаларды дамыту қажет. Осыған байланысты біз қолданыстағы бағдарламаны ет, сүт, құс шаруашылықтарын дамытуға және суармалы жерлерді кеңейту арқылы көкөніс өнімдерін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді арнайы салалық құжаттармен толықтырдық», - деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар, қант саласын дамыту бағдарламасы әзірленетін болады. Бұл бағдарламалар жылдар бойынша есептелген, алайда оларды іске асыру шегі одан да әрі 2027 жылға дейінгі мерзімді қамтиды.

Сонымен қатар,  ол агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігі 8 нақты іс-шаралар есебінен шешілетінін жеткізді.

«Олар – пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды қалпына келтіру, кепілдендіру институттарын дамыту. Мәселен, жаңа қаржы құралы – аграрлық қолхатты енгізу ұсынылады. Ауыл шаруашылыгындағы сақтандыру жүйесін түбегейлі өзгертіп, міндетті сақтандырудан еркін сақтандыруға көшу жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте бұрынғыдай сақтандыру төлемдеріне емес, сақтандыру сыйақысына субсидия берілетін болады. Бұл шынайы және тиімді агросақтандыруды енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кредиттік серіктестіктер жүйесін қайта қарап жаңадан жасақтау қажет деп ойлаймыз», - деді ол.

Вице-министр атап өткендей,  оларды іске асыру үшін заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер топтамасы қалыптастырылып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралуда.

« Мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларыңызға сәйкес тиімсіз субсидияларды қысқарту жоспарланып отыр. Олар барынша оңтайландырылып қана қоймай, сонымен бірге автоматтандырылатын болады.Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешу үшін басты талаптардың бірі аграрлық ғылымды дамыту болып табылады», - деді А.Евниев.

Сондықтан Мемлекеттік бағдарламаны түзету шеңберінде аграрлық ғылымды реформалау және оны басым түрде бизнес қажеттіліктеріне, әлемдегі жаңа технологияларды трансферттеуге бағдарлау жоспарланып отыр.

«Мемлекеттік бағдарламаға енгізілетін өзгерістер жобасы барлық мүдделі министрліктермен, өңірлермен, «Атамекен» ҰКП-мен келісілді және үкімет сағаты барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары тарапынан қолдау тапты», - деді ол.
 

Ол айтып өткендей, республикалық бюджет комиссиясының 2018 жылғы 13 маусымдағы шешімімен Мемлекеттік бағдарламаны 2019 – 2021 жылдары іске асыру үшін бекітілген бюджетке қосымша 848,6 млрд. теңге мөлшеріндегі қажеттілік мақұлданды.

«Жалпы Мемлекет бағдарламаны іске асыру Елбасының агроөнеркәсіптік кешен алдына қойған міндеттеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін болады.
Аталған өзгерістер өңірлерде, әлеуметтік желілерде жан-жақты талқыланып, агробизнес тарапынан қолдау тапты. Мақсатымыз бен жоспарларымыз оларға түсінікті. Алайда, бізге осының барлығы қалай іске асырылады деген сұрақтар қойылуда.Әрине, бұл міндетке дәстүрлі тәсілдермен ғана қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да біз салалық бағдарламаларды іске асыруда жобалық тәсілдемені енгізіп отырмыз», - деді ол.

Вице-министр  ұсынылып отырған өзгерістерді қолдауды сұрады.

Өз кезегінде Премьер-Министр Б.Сағынтаев аталмыш бағдарлама Үкіметтің бірнеше отырысында талқыланғанын айтып, жаңа бағдарлама болған соң, кем-кетіктері де болатынын жеткізді. Министрлер кабинеті ұсынған ұсыныстардың ескерілетініне сенім білдірді.

«Ендігі кезекте бағдарлама жүзеге асуы үшін оны мемлекеттік деңгейге көтеріп отырмыз. Елбасының мақұлдауы қажет. АШМ басшысы Ө.Шөкеев барлық қажетті істерді атқару керек. Келісім алғаннан кейін, Үкімет отырысында дауысқа қойып, іске кірісеміз», - деді Б.Сағынтаев.

Аягөз Құрмаш 
 

 




Яндекс.Метрика