Үкімет

Үкімет отырысы: биыл 20 млн тонна астық жиналады

Күзгі жиын-терім кезінде шаруалар үшін жанар май бағасын көтермеу, оны бақылауда ұстау басты назарда. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі жиын-терімге тас түйін дайын екендерін мәлімдеді. Жеңіз Қасымбек ІІ жарты жылдықта тек Индустрияландыру картасы бойынша 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатынын айтты. Толығырақ Strategy2050.kz шолуында...
Астана қаласы22 Тамыз , 16:17

 Үкіметтің бүгінгі жиынын Астанадағы нөсерден кейін көл болған көшелердің мәселесімен басталды. Негізі бұл мәселе күн тәртібінде жоқ еді. Бірақ, өткен демалыс күндердегі нөсерден Астана көшелері көлшікке айналып, көліктер көлшіктердің ортасында қалып, жұрт әбігерге түсіп қалған еді. Оның үстіне, Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев Елорданың кәріз жолдары әлі күнге жасалмағанын, жауын жауған сайын тұрғындардың толарсақтан су кешіп жүретінін сынға алып еді. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев осы мәселені де ескерсе керек, Елорда әкімін біраз сұрақтың астына алды. Алайда, Ә.Исекешевтің де жауабы дайын. Оның айтуынша, Астанада барлық жүйені теңгерімде ұстап, нөсерлік ағын қызметтерімен айналысатын, жауын-шашын кәріз жүйесін бұру жөніндегі кәсіпорынды құру жоспарда бар екен. Кәсіпорынды «Астана–Тазалық» негізінде құру көзделген. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп аталған мәселені пысықтауды тапсырды. Әкімдікке жақын арада осындай жағдайлардың алдын алу, коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуге қатысты қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Ал күн тәртібіндегі тақырып, жиын-терім болатын. Еліміздегі егін жинау жұмыстары жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндады. Республикада дәнді дақылдарды жинау науқаны басталып кектен. Қазіргі уақытта, Жамбыл (95,2%) және Түркістан (95,6%) облыстарында егін жинау науқаны аяқталып келеді. Оңтүстік өңірдегі орташа түсім гектарына 21 центнерден айналған. Астық жинау жұмыстары Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жүріп жатыр. Аталған облыстарда дәнді дақылдар жиналатын алқап 3 млн гектар, оның 1,1 млн гектары. Гектарына 18,1 центнер орташа түсімділікпен 2 млн тонна астық қамбаға кірді.

«Астықтың жалпы жиналымы 20 млн тонна болады деп болжануда, бұл биылғы қуаңшылық жағдайында жаман көрсеткіш емес. Негізгі астық өсіретін өңірлер егін жинауға тамыз айының соңында — қыркүйек айының басында кіріседі. Әкімдіктердің деректері бойынша техникалар егін жинауға 100% дайын», — деп мәлімдеді Ө. Шөкеев.

Республикада жалпы астық сақтау сыйымдылығы 26,7 млн тонна. 

Биыл шаруаларға жиын-терім кезінде 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлініпті. Шілде айының жанар майы түгелдей егістік басына жеткізілген, енді тамыз айындағы қалған 110 мың тонна жанар май жеткізілуі тиіс.

 «20 тамыздағы жағдай бойынша 44 мың тонна жіберілді, бұл жоспарланған көлемнің 40 пайызын құрайды. Зауыттарда дизель отынына қатысты ешқандай да проблемалар жоқ. 20 тамызда Павлодар МӨЗ жөндеуден кейін пайдалануға берілді, зауыт тәулігіне 4–5 мың тонна отын шығаратын болады», — деді Қанат Бозымбаев.

Үкімет басшысы биылғы ауа райының ерекшелігін ескере отырып, астық жинауды жылдамдатуды тапсырды. Осыған байланысты аймақ басшыларына астық жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін қажетті шараларын ұйымдастыруды, астық қабылдау мен өңдеу элеваторлары мен көкөніс қоймаларын техникалық жабдықтау мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе индустрияландыру аясында өндіріс орындарын жандандыру және халықты жұмыспен қамту. Бұл мәселелерге қатысты министр Ж.Қасымбек баяндама жасады.

Биылғы алты айдың қорытындыларын өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өңдеу секторындағы өндіріс 5,2%-ға артып отыр. Оң динамикаға ықпал ететін негізгі драйверлер:  машина жасау,  химия өнеркәсібі, азық-түлік өнімдері өндірісі, мұнай өңдеу, металлургия, құрылыс материалдарының өндірісі.

Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, биылғы есепті кезеңде барлық мақсатты индикаторлар бойынша оң қарқын байқалады. Мемлекеттік бағдарлама аясында  кәсіпорындарға жүйелі қолдау шараларын көрсетудің нәтижесінде жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және кеңейту шаралары жалғасуда. Биылғы алты айда Индустрияландыру картасы аясында 187 млрд теңгеге жуық сомаға 18 жоба іске қосылды, 1,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Екінші жарты жылдықта жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Онда 12,2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Д.Жиенқұлов




Яндекс.Метрика