Шолу

Үкімет отырысы: Халықты цифрландырудың жол картасы жасалды

Енді өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды тіркеу шараларын жеңілдетіп, бейресми жұмыспен қамтылған xалықтың қызметін заңдастыру үшін жаңа арнайы салық режімі - бірыңғай жиынтық төлемі болады. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды. Бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жөніндегі Жол картасы мен Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелерін талқылады. Толығырақ Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы17 Сәуір , 12:43

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды тіркеу шараларын жеңілдетіп, бейресми жұмыспен қамтылған xалықтың қызметін заңдастыру үшін жаңа арнайы салық режимі - бірыңғай жиынтық төлемі болатынын айтты.

 «Ол төрт төлемді біріктіреді. Оған жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру жарналар кіретін болады. Бірыңғай жиынтық төлемі автоматты түрде қызметті тіркеуді, медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы жүйесіне қатысуды білдіреді. Бірыңғай жиынтық төлемі ең бірінші жеке тұлғаларға қызмет көрсететін басқа жеке тұлғаларға, қосалқы шаруашылыққа, үй жұмыскерлеріне, сауда нысандарында арнайы орындары жоқ жеке тұлғаларға арналып отыр. Сондай-ақ, бұл төлем жалдамалы жұмыс күшін қолданбайтындарға таралады», - деді М.Әбілқасымова.

М.Әбілқасымова айтып  өткендей,  жыл басынан бері мемлекеттік органдардың дерекқорындағы 2,7 млн азаматтың мәртебесі анықталмаған.

Бүгінгі таңда 607 мың адамның мәртебесі нақтыланды. Оның ішінде 197 қызметкер еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастады. 12 мың кәсіпкер қызметтерін тіркесе, 16 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысты.

Ол барлық өңірде азаматтардың мәртебесін анықтау шаралары жүргізіліп жатқанын, 2018 жылдың 1-тоқсанында ресмилендіру жөніндегі өңірлік штаттар құрылып, Жол карталары бекітілгенін атап өтті.

«Аталған жұмыс бойынша Ақмола, Жамбыл облысы мен СҚО алда келеді. Олардың әрқайсысында мәртебесі анықталғандар саны 27%-тен асады. Сондай-ақ, ОҚО-да 101 мың, Алматы облысында 86 мың азаматтың мәртебесі анықталды. Ел бойынша мәртебесі жоқ азаматтардың 51%-і келесі төрт өңірде байқалады: ОҚО 20%, Алматы облысы 16%, Алматы қаласы 8%, ШҚО 7%. Қалған азаматтардың арасында еңбек шартынсыз жұмыс істейтіндердің үлесі жоғары», - деді Әбілқасымова.

Ол жергілікті әкімдіктер еңбек шартын жасау атты акция шеңберінде жүйелі жұмыс істеуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше азаматтардың мәртебесін автоматты түрде нақтылау үшін бүгінгі күні мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің көпшілігі интеграцияланғанымен, тек Қаржы министрлігінің кәсіпкерлер базасы мен Білім және ғылым министрлігінің студенттер базасы біріктірілмеген.

Өз кезегінде    ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың салығы қалай және қандай көлемде төленетінін түсіндірді.

«Бірыңғай жиынтық төлемінің мөлшері қала тұрғындары үшін айына бір айлық есептік көрсеткішті, ал ауыл тұрғындары үшін 0,3 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Төлем құрамына барлық әлеуметтік төлемдер кіреді. Соның ішінде жеке табыс салығы - 10 %, міндетті зейнетақы жарнасы - 40 %, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына - 10 %, медициналық сақтандыру жарнасы - 40 %. Шекті табыс мөлшері жылына 100 еселенген жалақының ең төменгі мөлшері, яғни айына - 235 теңге», - деді Т.Сүлейменов

Министрдің айтуынша, бірыңғай жиынтық төлемін аударатындарды есеп беруге міндеттемейді. Тексерістер болмайды, әкімшілік жаза да қолданылмайды.

«Бірыңғай жиынтық төлемі банктер мен терминалдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының есепшотына аударылады. Мемлекеттік корпорация одан ары тиісті қорларға өзі бөледі. Бірыңғай жиынтық төлемі жеке тұлғаның тіркеу орны бойынша төленеді. Салық кезеңі - бір ай», - деп атап көрсетті Т.Сүлейменов.  

Ал,  халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету  бойынша сөз сөйлеген  ҚР Ақпарат және коммункациялар министрі Дәурен Абаев халықтың цифрлық сауаттылығына байланысты белгіленген екі бағытты атады.

 «Біріншісі - орталық мемлекеттік органдар халық пен кәсіби кадрларға осы сала бойынша жан-жақты білім береді. Ал екінші бағыт бойынша ел тұрғындарын жергілікті атқарушы органдар оқытатын болады», - деді Дәурен Абаев.

Бірінші бағыттың аясында Еңбек және халықты қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктері жауапты мемлекеттік органдар ретінде қатысады. Аталған мемлекеттік органдар цифрлық сауаттылыққа байланысты қосымша білім беруге атсалысады.

 «Ұлттық экономика министрлігі «Бизнесті жүргізу бойынша» атты кәсіпкерлерді ауқымды оқыту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Демек, осы оқыту бағдарламасына цифрлық саланы қосу жоспарланған.  Осыған ұқсас тәсілді педагог кадрлар мен тағы басқа мамандардың біліктілігін арттыру кезінде пайдалану көзделген. Оқытамыз деп жоспарлап отырған кәсіби мамандардың саны - 385 мың адам. Сонымен қатар, 8 миллион азаматты мемлекеттік электрондық қызмет алуға және онлайн-сауда жүйесін игеру бойынша базалық білім беру көзделген. Бұл «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «Қазпошта» АҚ базасында жүзеге асырылады», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің баяндамасына сәйкес, қазіргі таңда ел тұрғындарының цифрлық сауаттылығының базалық деңгейі 77 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Өз кезегінде, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов Digital by default аясында 2018 жылы 187 қызмет түрі тек қана электронды нысанда көрсетілуге ауыстырылатынын айтты.

«Қазіргі уақытта электронды үкімет порталы арқылы 235, ал электронды лицензиялау порталынан 399 автоматтандырылған қызмет түрлерін алу мүмкіндігі бар. 2017 жылы электронды үкімет порталы арқылы азаматтарға 34-ке жуық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, біз жасалған талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезіндегі бірнеше проблемалық мәселелерді анықтадық. Біріншісі – қызметтерді қағаз нысанында көрсетудің сақталуы. Әлі де жыл сайын 50 млн астам қызмет қағаз түрінде көрсетіледі. Екіншісі – қажетті анықтамалардың көптігі. Мемлекеттік органдарға және жеке ұйымдарға жыл сайын 21,5 млн астам электронды анықтамалар ұсынылады. Келесі мәселе – бір қызметті алу үшін басқа қызметті алу қажеттілігі», - деді төраға.

Абылайхан   Оспанов өз баяндамасында аталған проблемаларды шешу жолдарын да атап өтті. Оның айтуынша, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен жұмыс жасап жатқан ведомствоаралық комиссияның көп септігі тиіп жатқанын айтты.

«Қыркүйек айынан бастап комиссияның отырысында 400-ден астам қызмет түрі қарастырылды. 346 қызмет түрі бірінші жартыжылдықтың аяғына дейін қарастырылатын болады. Осы комиссияда қолданылатын негізгі қағидаларға тоқталатын болсам, біріншісі – Digital by default, яғни қызметтерді тек қана электронды нысанда көрсету. 2018 жылы 187 қызмет түрі тек қана электронды нысанда көрсетілуге ауыстырылады», - деді ол.

Мысал ретінде электронды форматқа ауыстырылатын қызметті келтіруге болады. Ол ішкі істер министрлігімен бірлесіп жасалған жоба – электронды тіркеу. Қазір бұл қызметтің көрсету уақыты 2 сағатты құрайды және агрегаттарды салыстыру үшін міндетті түрде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару қажет.

Ал, шілде айынан бастап, ешқайда бармай-ақ, электронды үкімет порталында смарт-келісімшарт жасап, барлық тиісті төлемдерді төлеп, дайын құжаттарды барып алуға немесе «Қазпошта» арқылы үйіне алдыруға болады.

«Нәтижесінде, жыл сайынғы айналымнан 6,4 млн қағаз құжаттарын алып тастаймыз. Мемлекет пен азаматтар үшін жыл сайын 550 млн теңге үнемдейміз, - деді Оспанов.

Өз кезегінде  Премьер-Министр  Бақытжан Сағынтаев  аталған екі сала  бойынша  нақты тапсырмалар берді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика