Президенттің бес бастамасы

Үкімет отырысы: 5 бастаманы жүзеге асырудың Жол картасы (ШОЛУ)

Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында «2018 жылғы 5 наурызда ҚР Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы айтқан 5 бастаманы іске асыру жөніндегі Жол картасы» мақұлданды. Сонымен, әр бастама бойынша жауапты ведомстволар бекітіліп, олардың алдағы уақытта нақты қандай шараларды жүзеге асыратыны белгілі болды. Мемлекет басшысының 5 бастамасының бүгіні мен ертеңі туралы тілшіміздің шолуынан толығырақ біле аласыздар.
Астана қаласы13 Наурыз , 11:35

«7-20-25»: арнайы еншілес ұйым құрылады

Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру туралы Елбасының бірінші бастамасы аясында ағымдағы жылдың шілде айында ипотекалық кредиттерді сатып алатын арнайы еншілес ұйым құрылатын болды.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бастамасының орындалуына Ұлттық банк, ал Үкімет тарапынан Инвестициялар және даму министрлігі жауапты болады.

«Негізгі шаралар «7-20-25» бағдарламасын бекітуге және оны іске асыру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге қатысты болып отыр. Шілде айына дейін ипотекалық кредиттерді сатып алатын арнайы еншілес ұйым құрылатын болады. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша инфрақұрылымды жылына 20 млрд теңгеге дейін қаржыландыруға, оны ұлғайту және «7-20-25» бағдарламасының нормаларын ескере отырып, оған түзетулерді енгізу қарастырып отыр», - деді Тимур Сүлейменов.

Осы ретте,Үкімет отырысында  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасының жобасын кеңірек таныстыра отырып,  7 проценттік ипотеканың басты талабы қандай болатынын атап көрсетті.

Бас банкирдің айтуынша, 7 проценттік ипотекамен айналысатын арнайы компанияның капиталы Ұлттық банктің есебінен қалыптасады. Компания ол ақшаға екінші деңгейлі банктер берген жаңа ипотекалық несиелерді сатып алады.

«Жаңа бағдарлама әркімге жеңілдік шарттарын береді. Алайда бағдарлама масылдыққа жол бермеуге тиіс. Бағдарлама қарыз алушының төлемге қабілетті болуын талап етеді. Оған ресми кірісі бар Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қазір банктермен жаңа бағдарламаның шарттары пысықталуда. Мысалы, үйдің бағасы 7 миллион теңге болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жалпы алғанда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының көпшілігі үшін қолайлы», - деді Д.Ақышев.

Жалпы, бүгінде республика бойынша тұрғын үйдің бағасы әр алуан. Сондықтан ірі қалалар мен аймақтар бойынша баспана бағасына дифференциация жасалуы мүмкін.

Айта кетер болсақ, бағдарламаның қазіргі өлшемдері әзірше жоба болып табылады. Бұл өлшемдер болашақта мемлекеттік органдар мен банктермен талқыланады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарының пікірі назардан тыс қалмайды.

Салық азаяды, еңбекақы көбейеді

«Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бастамасына тоқталатын болсақ, бұл ретте негізгі атқарушы Ұлттық экономика министрлігі болып табылады.

«Бұл бағыт шеңберінде салық заңнамасының нормаларын өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарланып отыр. Жалақы мөлшері төмен жұмыскерлердің жеке табыс салығының мөлшерін азайту мәселесі пысықталатын болады. Сонымен қатар жеке табыс салығын салу тәртібі мен әкімшілендіру тетігін қарау жоспарланып отыр. Бұдан басқа жеке табыс салығының прогрессивті шәкілін енгізу мүмкіндігі зерделетін болады. Іс-шаралар тамыз айында аяқталады. Алайда жаңа тетікті енгізу жаңа салық кезеңінің басталуына байланысты 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді», - деп қадап айтты ведомство басшысы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында.

Жатахана салуға 5 жылда 225 млрд теңге жұмсалады

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың мәліметіне сүйенсек, Елбасының 5 бастамасының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағытының орындалуына Білім және ғылым министрлігі жауапты болады.

Жатақханаларды мемлекеттік бюджет есебінен салу үшін 5 жылға 225 млрд теңге қажет.

«Біз банктермен, жоғары оқу орындарымен, құрылыс компанияларымен, Ұлттық банкпен, Қаржы және Ұлттық экономика министрлігімен бірнеше жиналыс өткіздік. Бәріне ыңғайлы, түсінікті және ашық механизмге келіп отырмыз. ЖОО немесе құрылыс компаниясы, әлеуметтік кәсіптік компания жер болса сол жерге, жер болмаса әкімішіліктен жер алып не болмаса жер сатып алып, ең алдымен жатақхананың жобалық-сметалық құжаттама жобасын дайындауы қажет. Сол жобада қанша жатын орын салынатындығы көрсетіледі. Одан кейін министрліктің Қаржы орталығымен сол салынатын орындарға келісім жасалады», - деді білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, университет не болмаса құрылыс компаниясы жатақхана салатын болса, онда ол пайдалануға берілген күннен бастап, белгілі кезең ішінде бір орын үшін мемлекеттік ай сайын субсидия төленіп отырады.

«Қазіргі уақытта алдын ала жоба ретінде бір жатын орынға жыл сайын орташа 200 мың теңге көлемінде 8 жыл бойы мемлекеттік субсидия төлеуді ұсынысып отырмыз. Егер осы құрылысты мемлекеттік бюджеттен салсақ, 5 жылдың ішінде 225 млрд теңге жарататын боламыз. Ал ұсынылып отырған механизмге сәйкес мемлекеттен тек қана 29 млрд теңге ғана жұмсалады», - деді Ерлан Сағадиев.

Министрдің айтуынша, ендігі уақытта университет немесе құрылыс компаниясы жоғарыда аталған келісім негізінде банктен кредит алып, құрылыс компаниясын жалдап жатақхана салуға кірісуі қажет.

«Біріншіден, жатақханалар құрылысын «Даму» АҚ-ның «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізу қажет. Сонда қаржыландыру несиелері мемлекеттік проценттік субсидиялар алып отырады. Екіншіден, университеттердің, әсіресе мемлекеттік университеттердің қажетті жер учаскесі бар. Жер учаскесі жоқ университеттерді әкімдіктер өз деңгейінде қамтамасыз ету және бәріне тиісті коммуникациялар жүргізу бойынша тапсырма беруді сұраймыз», - деді министр.

Осы ретте, Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бюджетті нақтылау шеңберінде осы бағыт бойынша техникалық мамандықтарға назар аудара отырып, мемлекеттік білім беру тапсырыстарын ұлғайту жоспарлануда.

«Білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мәселелері пысықталатын болады. Сонымен қатар, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша гранттарды ұлғайту үшін сәуір айына қарай Үкімет қаулыларының жобалары әзірленеді. Бұдан басқа, жатақханаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарына сәйкес салу бойынша тетіктерді айқындау және заңнамалық түзетулерді әзірлеу жоспарлануда. Мамыр айының соңына дейін әкімдер жатақханалар салу үшін жоғарғы оқу орындары мен колледждер аумақтарының маңынан жер учаскелері, инженерлік коммуникациялар айқындалатын болады», - деді Тимур Сүлейменов.

Шаруашылық үшін шағын несие

Мемлекте басшысының «Шағын несие беруді көбейту» төртінші бастамасы бойынша басты жауапкершілік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелген. Аталған бағыт желісі бойынша 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу жоспарланып отыр.

Өзгерістер қалалар мен ауылдық жерлерде шағын несиелендіруді қаржыландыруды арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуге бағытталатын болады.

Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары айналасындағы зәкірлі кооперациялар бойынша жобаларды іске асыруға шағын несие беру тетіктері әзірленеді.

Жалпы, Президенттің төртінші бастамасын іске асыру аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі тәсілдерді ұсынды:

1. Қосымша бөлінетін 20 млрд.теңгенің ауылдар мен шағын қалаларда несие беруге 14 млрд. теңгеге жуығын бағыттау ұсынылып отыр. Бұл сомадан 10 млрд. теңгені ірі өңдеуші ауыл шаруашылығы кәсіпорындары айналасындағы зәкірлі кооперациялар жобаларын іске асыруға бағыттау ұсынылады;

2. Барлық бөлінген қаражат бойынша үшжақты несие келісімшарттарына уақытылы қол қойып, шағын несие беруді бастау қажет;

3. Халықты шағын несие берумен көбірек қамту мақсатында қала мен ауыл үшін жіктелген несие беру лимиттерін қайта қарастыру ұсынылады;

4. Бүгінгі таңда шағын несиені түпкі тұтынушыға дейін жеткізу тетіктері жолға қойылған. Мәселен, қалалар мен шағын қалаларда шағын несиелер екінші деңгейле банктер арқылы беріледі.  Ауылдық елді мекендерде  - ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, сонымен қатар шағын қаржы ұйымдары мен несие серіктестіктері арқылы іске асады.

Газбен қамту: маусым соңғы мерзім

«Бүгінде бесінші бастама аясында «Сарыарқа» магистральді газ құбырының алғашқы кезеңінің құрылысына басым көңіл бөлінген. Жобаның схемалары мен қаржыландыру шарттары айқындалады. ЕҚҚДБ, ЕАДБ және өзге де халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражы тарту жоспарланып отыр. Магистральді газ құбырының желісі бойынша жер телімдері бөлінетін болады», - деді сөз басында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, бүгінде аталған магистралды газ құбырының  бағыттары бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен компаниялар бекітілген.

Сонымен, Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Астана бағыты бойынша магистральді газ құбырын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу мен бекітуді және жер бөлуді қамтамасыз етуге ЭМ (жинақтау), ИДМ, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қаласының әкімдіктері, ҚМГ, ҚТГ жауапты. Мерзімі - 2018 жылдың маусым айы.

Халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту арқылы жобаны қаржыландыру шарттары мен схемасын анықтау міндеті Бәйтерек (жинақтау), ҚМ, ҰЭМ, ЭМ, Самұрық-Қазына, ҚМГ, ҚТГ жүктелді. Мерзімі - 2018 жылдың маусым айы.

Ал, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға жобаны іске асыруға еншілес ұйымды құру немесе айқындау және қаржы тартуға жеткілікті деңгейде жарғылық капиталды қалыптастыру жүктеледі. Мерзімі — 2018 жылдың маусым айы.

Қорыта келгенде, Үкімет отырысында мақұлданған Жол картасы 35 іс-шарадан тұрады. 3 Кодекске, 12 заңға, Үкіметтің 6 қаулысына және Ұлттық Банк басқармасының 3 қаулысына заңнамалық қамтамасыз ету бөлігінде өзгерістер енгізу көзделген. Сондай-ақ, бірқатар министрлердің бұйрықтары мен әкімдіктер қаулыларын қабылдау жоспарлануда.

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика