Шолу

Үкімет мінбері: Етті мал шаруашылығын дамыту аясында экспорт күшейтіледі

Қазақстандық етті шетелге экспорттау күшейтіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шарушылығын дамыту бағдарламасының таныстырылуында белгілі болды. Қазақстандағы етті мал шаруашылығын дамыту қалай жүзеге асырылмақ? Осы және өзге мәселелерге қатысты сұрақтарға жауапты Strategy2050.kz АА дайындаған шолуынан табуға болады.
Астана қаласы24 Сәуір , 11:36

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі     Арман Евниев  ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың  14 наурызда  жүктеген   тапсырмасына сәйкес,   етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жан жақты талқылау мақсатында аймақтық семинар кеңестер өткізілгенін жеткізді. Оған аймақтардан шаруа қожалықтарының басшыларын, аудан әкімдерінің орынбасарларын жұмылдырылған.  Негізгі семинар- кеңестер     батыс өңірде Ақтобе облысында, орталықта Павлодар облысында, Акмола облысында және оңтүстік өңірлерді жинап Алматы облысында өткізілген.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі    ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық даму бағыттарына талдау жүргізді. Нәтижесінде ауыл шаруашығы өнімдерін экспортқа бағыттау және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыттар анықталды.Бірінші кезекте біз етті ірі қара мал шаруашылығының және  қой шаруашылығының әлеуетінің жоғары екенін көріп отырмыз «, - деді А.Евниев.

Бірінші вице-министр    елдің  негізгі артықшылықтары: кең байтақ  жайылым алқаптары, суармалы жерлер және мал шаруашылығымен айналысу қанмен дарыған кәсіп түрі  екенін жеткізді.

«Осы саланы дамытуға бүгінгі таңда барлық ресурстар   жеткілікті.   Жайылым жер көлемі - 180 млн. гектар. Біз әлем  бойынша жайылым жер көлемі бойынша  5-ші орындамыз. Мал  басы санын екі есеге арттыруға жайылым көлемі жеткілікті.    110 млн. га жайылым алқабы жер асты және жер үсті  су көздерімен қамтылған.  2 млн га жер алқабын суландыруға су көздері бар», - дейді вице-министр.

Сондай-ақ,  ол   ауылдық жерлерде жалпы ел тұрғындарының 50 пайызы  өмір сүреді және тіршілік ететінін айтты.    Бұл дегеніміз, ауыл  тұрғындарының басым көпшілігі осы бағдарлама аясында   жұмыспен қамтылады.

«Бағдарлама аясында фермерлік шаруашылықтардың санын  20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуін, ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын 100 мыңнан 500  мыңға дейін ұлғайтуға,   ІҚМ санын 7 млн.нан 15 млн басқа дейін көбейтуге,   сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн. тоннаға дейін арттыруға  мүмкіндік береді», - дейді ол.

Арман Евниев айтып өткендей,  бұл бағдарлама  бойынша   экспортттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд АҚШ  долларына дейін ұлғайтуға,   1 жұмысшыға еңбек өнімділігін 1000 АҚШ долларынан 8000   АҚШ долларына дейін өсіруге негіз болады.

«Фермерлік шаруашылықтар осы бағдарламада негізгі  өндіріс моделі болып табылады. Олар өнімді өткізу, тәжирибе  алмасу және ветеринариялық қызмет көрсету мәселелері  бойынша бірге жұмыс атқарады. Жер және несие беру ең жақсы  фермерлерді іріктеу негізінде жүзеге асырылатын болады.Асыл тұқымды малдың генетикасын қолдана отырып мал  тұқымын жақсарту осы бағдарламанынң негізгі шарты болып  табылады.Азық өндіру, оның ішінде суармалы жерлер маңайына мал  бордақылау алаңдарын шоғырландыру көзделеді», - дейді бірінші вице-министр.

Сондай-ақ,  АШҚҚҚ несиелендіру арқылы мобильді тұрғын вагон, мал қора, жылжымалы станок сатып алуға несиеге беріледі;  тұқымдық түрлендіру үшін асыл тұқымды бұқалар  бордақылау алаңдарымен тегін негізде қамтамасыз етіледі;  аналық мал басын сатып алу Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша берілетін несие есебінен жүзеге асырылады.Азық дайындау үшін техника лизингке немесе КазАгро  арқылы қарызға ұсынылады.

«Бір ерекшелігі бұл бағдарламада тікелей мал  шаруашылығына берілетін субсидиялар алынып тасталынған.Бағдарлама тек құдықтардың құнын субсидиялауды көздейді.Ет өндірісі тізбесі фермерлерді асыл тұқымды  бұқалармен қамтамасыз ететін репродуктор-шаруашылықтардан, ІҚМ өсірумен және бордақылау үшін   бұқашықтар сатып алумен айналысатын фермерлік  шаруашылықтар, малды қарқынды бордақылаумен  айналысатын бордақылау алаңдарынан, дайын өнім шығарумен  айналысатын ет комбинаттарынан және өнімдерді   дистрибуциялау орталықтарынан тұрады», - деді А.Евниев.

Бірінші  вице-министр айтқандай,  бағдарламаның негізгі міндеті фермерлік   шаруашылықтарды дамыту болып табылады. Салыстырмалы   түрде, Ресей Федерациясында өндірісте ірі агрохолдингтерге көп  көңіл бөледі.Қой етін өндіру технологиясы ірі қара мал шаруашылығыдай  ұқсас құрылымды қарастырады.

«Орта фермерлік шаруашылықтар   экономикасы ұсынылған. Фермер бизнес құруға 15 жылға   арналған қайтарымды несие мерзімімен 50 млн. тг   инвестициялайды. Ол 50 бас сиырмен жылына бордақылау үшін  20 бұқашық және жаңадан құрылған фермерлік  шаруашылықтарға 15 құнажын сатады. Жыл сайын барлығы 4,7   млн. тг. таза пайда табады.Бұл ретте, аталған мысал пессимистік көрсеткіштерге  сүйене отырып есептелінген. Аналық мал басын ұлғайту және  төл алу көрсеткіштерін жақсарту есебінен кірісті ұлғайту  мүмкіндіктері бар»,- деді А.Евниев.

Сондай-ақ,   вице-министр   1 млн. га жерді суландыру үшін суару   инфрақұрылымдарын ірі өзендерді жағалай салу және еріген   суларды жинау қажет. Қаражаттарды тиімді пайдалану   мақсатында басым мүмкіндіктері бар аудандар басында  суландыру белдеулерін салу қарастырылады.

«Аталған  шараларды жүзеге асыру үшін халықаралық ұйымдар   қаражаттарын тарту көзделіп отыр, оның ішінде Азиялық даму банкі осы бағдарламаға қатысуға дайын», - дейді ол.

Бірінші вице-министр атап өткендей,    алға қойып отырған мақсаттар келесі көрсеткіштердің  жедел шешілуіне жол ашады:

1. Ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру, еңбек  өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған  тапсырмаларды шешу;

2. Ауыл шаруашылығын цифрландыру элементтерін:  электронды жер кадастры, электронды бухгалтерлік есеп жүйесі,  есеп қоры, өнімнің бақылану жүйесін енгізу;

3. Қоғамда фермердің жағымды имиджін қалыптастыру (жанұялық бизнес, пайданың қалыптылығы, салық салымының   оңтайлы болуы).

«Етті мал шаруашылығын дамыту концепциясы Бүкіл   әлемдік даму банкі, Азия даму банкі және Бостон консалтинг  групп сияқты халықаралық ұымдардың сарапшыларымен  бірлесе отырып әзірленді.  Сонымен қатар, олар өз қаржыландыру көздерін қолдана  отырып осы бағдарламаны жүзеге асыруға ынталы.Қазіргі уақытта бағдарламаға Inalca Eurasia (Европа), Cedar   Group (Австралия), Глобал биф компаниялары қатысуға дайын  екендігін білдірді. Олардың кейбірі бүгін осы залда отыр», - дейді  А.Евниев.

Министрлік тарапынан етті мал шаруашылығын  дамытудың нақты тапсырмаларымен және орындалу мерзімі   айқындалған жол қартасы әзірленді.  Ол жер және су ресурстарын дамыту, қаржыландыру және   мемлекеттік қолдау, экспортты дамыту, ветеринариялық  қауіпсіздікті сақтау, адам ресурстарын және ғылымды дамыту,  салықтық режимді қайта қарау, ауыл шаруашылығы техникас ы   өндірісін дамыту және цифрлы ауыл шаруашылығын дамыту  шараларын қамтиды.

Алдын ала жол картасының жобасы Қаржы министрлігі,  Ұлттық экономика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрліктерімен және Ұлттық кәсіпкерлер  палатасымен келісілді.

Өз кезегінде  «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов холдинг өз ережесі арқылы бағдарлама көздейтін бағыттар бойынша ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне, фермерлік шаруашылықтарға несие беретінін айтты.  

«Фермерлерді субсидиялауды ескере отырып, нәтижесінде, мөлшерлемесі 4 проценттен бастап мерзімі 15 жылға дейінгі несиелер аналық мал басын сатып алуға, жем-шөп өндірісіне ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарды сатып алуға, мал күтіміне арналған шаруашылық құрылыс нысандарын салуға несиелер берілетін болады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық жерлерінің өнімділігін арттыру мақсатында холдинг жем-шөп өндірісіне қажетті суару жүйелерін орнатуға несие береді. Ағымдағы жылы аталған мақсатта фермерлерді қаржыландыруға шамамен 50 млрд теңге бөлу жоспарлануда», - деді Н. Мәлелов.

Ал, Премьер-Министр Б.Сағынтаев аталмыш  жоба өңірлерде ғана емес, жалпы республика бойынша  талқыланғанын жеткізді.

« Бұл бағдарламаны барлығы Ұлттық стратегия деп айтып жатыр екен.  Бұл бағдарламаны Ұлттық стратегия деп айтуға келмейді.   Ауыл шаруашылығын  дамытудың аясындағы  мал шаруашлығын дамытудың бағдарламасы деп қала берсін.  Бұл бағдарлама аясындағы  жұмысқа барлығы белсенді қатысуы керек», - деді Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ, Премьер еліміз экспорт жағынан әлі ақсаңдап келетінін жеткізді.

«2016 жылы  6,8 тонна ет  шығардық,  2017 жылы 5 мың тонна экспортқа шықты. Қазір Елбасының араласуымен Қытаймен ірі қара мал бойынша жұмыс жылдың соңына дейін аяқталады. Нарықтардың ашылуы ірі қара малының экспортын арттырмақ», - деп түйіндеді Б.Сағынтаев.

Қорытындысында, Премьер-Министр аталмыш мәселе бойынша нақты тапсырмаларды жүктеді.

Аягөз Құрмаш 

Коллаж: Надежда Линникова




Яндекс.Метрика