Шолу

Үкімет мінбері: 2 айдағы экономикалық жетістіктер (ШОЛУ)

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Жиында 2018 жылдың қаңтар – ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі шаралар талқыланды.
Астана қаласы13 Наурыз , 11:48

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов алдын ала бағалау бойынша, 2018 жылдың қаңтар–ақпан айларында ЖІӨ өсімі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,0% құрағанын айтты.

«Экономиканың 6 негізгі саласын (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс) дамыту динамикасын қамтитын қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,2% құрады. Жыл басынан бері инфляция (2018 жылдың ақпан айы - 2017 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда) 1,3% құрады. Азық-түлік тауарларына баға 1,4%, азық-түлік емес тауарларға- 0,8% және ақылы қызметтерге - 1,6% өсті», - деді Т.Сүлейменов.

2017 жылғы ақпанда 7,8% болған жылдық есеп бойынша инфляция 6,5% құраған. Азық-түлік тауарларына баға - 5,3%, азық-түліктік емес тауарларға - 8,4%, ақылы қызметтерге - 6,2% өсті.

Ал осы жылғы ақпанда  айлық инфляция 0,7% құрады.

«Инфляцияның баяулауы аясында 2016 жылдың басынан бері ҚР ҰБ базалық мөлшерлемені 2016 жылдың ақпанында 17%-дан (2016 жылғы мамырда 15%-ға дейін, шілдеде — 13%, қазан айында — 12,5%, қарашада — 12%, 2017 жылғы ақпанда — 11%, маусымда — 10,5%) 2017 жылғы тамызда 10,25%-ға дейін біртіндеп төмендетті, бұл көрсеткіш 2017 жылдың желтоқсанына дейін сақталды. 2018 жылғы наурызда базалық мөлшерлеме 9,5% дейін қысқарды», - деді Тимур Сүлейменов.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша,  негізгі капиталға салынатын инвестициялардың көлемі 54,4%-ға (2018 жылғы қаңтарда — 65,4%, 2017 жылғы қаңтар–желтоқсанда — 5,5%) өсті.

«2018 жылдың қаңтарында салалар тұрғысынан алғанда инвестициялардың айтарлықтай өсімі құрылыста (4,8 есеге, 6,9 млрд теңгеге дейін), өнеркәсіпте (2,1 есеге, 494,4 млрд теңге дейін), көлік саласында (45,4%-ға, 40,6 млрд теңгеге дейін) және саудада (41,3%-ға, 10,7 млрд теңгеге дейін) байқалады.Халықтың жан басына шаққандағы нақтылы ақшалай табыстары 2017 жылы 962,7 мың теңгені құрады және 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда номиналды көрсеткіште 4,8%-ға өскен, нақты көрсеткіште —2,5%-ға төмендеген», - деді ол.

Министрдің айтуынша,  орташа айлық нақтылы жалақы биыл қаңтардағы (бағалау) жағдай бойынша 150,3 мың теңгені құрап, номиналды түрде - 7,2%-ға, нақты көрсеткіште - 0,4%-ға артқан. Ал жұмыссыздық деңгейі (бағалау) 4,9% құрады.

Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрі  Тимур Сүлейменов   экономика салаларындағы ахуал туралы айтып өтті. Мәселен, 2018 жылдың қаңтар-ақпанында сауда (7,0%), байланыс (5,7%), өнеркəсіп (5,6%), көлік саласы (4,4%) жəне ауыл шаруашылығында (3,3%) өсімнің оң динамикасы байқалды.

«Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында 5,6%-ға өсті. Өнеркәсіптің өсіміне табиғи газ, мұнай, темір кенін өндіру, фармацевтикалық өнімдер мен металлургия өнеркәсібі өндірістері айтарлықтай әсер етті.Тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді өндіру табиғи газ өндірудің 7,3% -ға, мұнайдың - 7,2% -ға, темір кенінің - 3,9% -ға өсуі есебінен 5,5% өсті», - деді министр.

Сондай-ақ,  өңірлік тұрғыда 13 аймақта өнеркәсіп өндірісінің өсім көлемі байқалады, 3 аймақта төмен деңгейде.

«Өнеркәсіптің ең жоғары өсу қарқыны Атырау облысында (14,1%), Қостанай облысында (12,8%) және Жамбыл облысында (11,2%) тіркелген.Мал шаруашылығының өндірісін 3,4%-ға арттыру есебінен ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі 3,3% -ды құрады.Ауыл шаруашылығы өндірісінің өсімі 14 өңірде байқалады.Ең жоғары өсім Қостанай облысында (6,2%), Ақмола облысында (5,9%), Қарағанды облысында (5,4%) және Батыс Қазақстан облысында (5,3%) байқалды», - деп хабарлады Тимур Сүлейменов.

Ал,  құрылыстың өсуі 13 өңірде байқалады.Құрылыстың ең жоғары өсу қарқыны Қызылорда облысында (65,3%), Солтүстік Қазақстан облысында (64,4%) және Шығыс Қазақстан облысында 49,9% деңгейінде байқалды.

«Ең үлкен өсім Қарағанды облысында 50,9% және Атырау облысында 49,2% байқалды. Көлік қызметтерінің көлемі 4,4% -ға, жүк тасымалдау көлемі 3,3% -ға, жолаушылар тасымалы 0,9%-ға өсті. Байланыс қызметтерінің көлемі 5,7%-ға артты. Бөлшек және көтерме сауданың көлемі 7,0% -ға өсті», - деді Т.Сүлейменов.

Қаржы саласы бойынша  баяндама оқыған Бақыт Сұлтанов  2018 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша салымдар 17 122,6 млрд. теңгеге жеткенін айтты.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 511 млрд теңгеге игерілді. 29 млрд теңгеге орындалмады. Осы жолы солтүстік өңірлер чемпион болып шығып отыр. Қостанай облысы 99,9 процентке, Солтүстік Қазақстан 99,5 процентке, Павлодар облысы 99,2 процентке игеріп отыр. Бірақ мен ойлаймын, басқа облыстар, әсіресе, оңтүстік және батыстағы әріптестеріміз көктемнің сәулесімен жылынып, жаңа айтылған әріптестерін қуып жетуге тырысады деп ойлаймын», - деді Б.Сұлтанов.

 Дегенмен, барлық өңірлердің шоттарында қалдық ақшаның көлемі 291 млрд теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда екі есеге өсті. Жылдың басында аталған көрсеткіш 124 млрд теңге болған. Бұл жергілікті жерлерде бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын көрсетеді.

«Бұның барлығы жергілікті қаржы-қаражатты тиімсіз басқаруды, жоғарыда айтып кеткендей кірістерді жоспарлау сапасының төмендегін көрсетеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне баса назар аударуы қажет», - деп атап көрсетті Қаржы министрі.

Сондай-ақ, азық-түлік бағасының өсу себебін  АШМ-ның бірінші   орынбасары  Арман Евниев маусымдық екенін атады. Себебі, баға  көкөністерді сақтау  кезінде  аздап көтеріледі. 

Ал  Астана әкімі Әсет Исекешев  бас  қаланың әлеуметтік-экономикалық  дамуы тұрақты екенін жеткізді. Астана әкімінің ізімен Алматы  қаласы  мен  облыс  әкімдері  өз аймақтарының әлеуметтік-экономикалық  жағдайы бойынша есеп берді. Осы орайда Бақытжан Сағынтаев  АШМ-ға өсімді арттыру бойынша бақылауды  тоқтатпауды тапсырды.

Сондай-ақ, Премьер-Министр бюджетке қатысты бірқатар министрге тапсырма берді. Жыл басынан бастап қаржының  дұрыс игерілуін тапсырды. Премьер алда Наурыз мейрамы келе  жатқандықтан, салалық жауапты министрліктер мен аймақ басшыларына азық-түлік бағасының  өсіп кетпеуін қадағалауды тапсырды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика