Үкімет

Үкімет: Әлеуметтік - экономикалық өсімнің көрсеткіштері жақсарды

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында экономиканың өсуі жалғасып, жекелеген өңдеу секторлары екі таңбалы өсуге шықты, инвестициялар мен құрылыс айтарлықтай өсті. Инфляция деңгейі жоспарланған дәлізде. Жыл басынан бері ол 1,3%, ал жылдық мәнде – 4,8% құрады. Бұл туралы 2019 жылғы қаңтар-наурыздағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары баяндалған ҚР Үкіметі отырысында мәлім болды. Толығырақ, келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан16 Сәуір , 11:58

Қаңтар-наурызда жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8% дейін нығайды. Қаңтар-ақпанда ол 3,5% құраған. Өсудің үдеуі өңдеу өнеркәсібінің өсу жағына шығуымен, сондай-ақ құрылыс және инвестициялардағы өсудің үдеуімен қамтамасыз етілді.

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов инвестициялардың серпіні шамамен екі еселенгенін айтты.

«Екі айдың қарқыны 4,2%  болды, ал енді тоқсан қорытындысы бойынша 7,0% (дейін өсіп отыр. . Өсу негізінен инвестициялық тауарларды сатып алумен байланысты.Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халықаралық резервтер 86,0 млрд. АҚШ долларын құрады», - деді Р.Дәленов.

ӨНЕРКӘСІП

Сондай-ақ, ағымдағы жылғы қаңтар-наурызда өнеркәсіп өндірісі 3,2% өсті. Қаңтар-ақпанда өсу 2,7% болған. Бұл өңдеу өнеркәсібінің +1,6% өсу траекториясына оралуына байланысты).

«Сонымен қатар, кен өндіру өнеркәсібінде серпін бәсеңдеді. Екі айдағы 6,3% қарағанда өсу 4,8% құрады.Өңдеу өнеркәсібінің көптеген салаларында екі таңбалы өсу байқалды. Бұл жеңіл өнеркәсіп, сусындар және пластмасса бұйымдарын өндіру, құрылыс материалдарын шығару, сондай-ақ машина жасау, оның ішінде автокөлік жасау», - деді Р.Дәленов.

ҚҰРЫЛЫС

Сонымен қатар,  құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9% артты.

«Бұл көп жағдайда өнеркәсіп объектілерінің, автомобиль жолдары, газ құбырлары, тұрғын үйлер, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыс көлемінің ұлғаюына байланысты», - деді Р.Дәленов.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын сақтап тұр. Өндіріс көлемі 3,6% ұлғайды. Өсім мал шаруашылығының 3,8% өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, өсімдік шаруашылығы өткен жылдың деңгейінде сақталды.

КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР САЛАСЫ

Министр айтып өткендей,  көрсетілетін қызметтер саласында өсудің орнықтылығы сақталуда.

«Есепті кезеңде ол 3,7% өсті.Осы сектордың барлық салаларында дерлік жақсы қарқын байқалды.Сауданың  өсімі 7,2% деңгейінде тіркелді. Бұл автокөлік құралдарын, автобөлшектерді, мұнай өнімдері мен жанар-жағар май сатудың ұлғаюына байланысты.Көлік саласында өсу 4,4% құрады. Бұл салада әуе көлігінің жүк айналымы 2 есеге жуық өсті», - деді Р.Дәленов.

СЫРТҚЫ САУДА

Сыртқы сауда айналымы жағымды трендті көрсетуді жалғастыруда. Ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда ол 7,5%ұлғайды, бұл негізінен экспорттың 11,1% ұлғаюының есебінен болды. Импорт бар болғаны 0,3% өсті.

ӨҢІРЛЕР

Министр айтып өткендей,  өнеркәсіп бойынша жоғары өсу Шығыс Қазақстан облысында, Нұр-Сұлтан қаласында, Атырау және Қостанай облыстарында байқалады.

« Қызылорда, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары теріс мән көрсетті.Ауыл шаруашылығы бойынша барлық өңірлерде оң үрдіс сақталуда.Құрылыс бойынша артта қалған өңірлер саны 8-ден 4 -ке дейін қысқарды. Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола облысы, Шымкент қаласы және Маңғыстау облысы артта қалып отыр.Өткен жылғы құрылыс жұмыстары мен ірі объектілерді реконструкциялау көлемін есептемегенде, Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс ағымдағы жылғы қаңтар-наурызда 1,9% өсті», - деді Р.Дәленов.

Негізгі капиталға инвестициялар бойынша серпіннің едәуір бәсеңдеуі Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында байқалады.

«Шымкент қаласындағы инвестициялардың елеулі қысқаруы негізінен мұнай өндеу зауытын жаңартудың аяқталуына байланысты.Инвестицияларды тарту бойынша озық серпінді Қызылорда облысы 2,3 есеге өсумен көрсетуде», - деді Р.Дәленов.

Бұдан басқа, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында азық-түлік тауарларына бағаның жоғары өсуі байқалады.

«Сонымен қатар, 5 өңір бірден бірнеше көрсеткіш бойынша жақсы серпін көрсетті. Бұл Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстары.Мысалы, Атырау облысында өнеркәсіп бойынша оның ішінде өңдеу және кен өндіру, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, инвестициялар және құрылыс  бойынша елеулі өсу байқалады.Жалпы, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары бойынша бірқатар көрсеткіштерде жақсару байқалып отыр», - деді Р.Дәленов.

Министр атағандай,  екінші тоқсанда қол жеткізген қарқындарды сақтап, оны жалғастыру маңызды. Ол үшін мүмкіндіктер бар.

«Біріншіден, нақтыланған бюджетті қаржыландыру ашылуда. Бұл тұтынушылық және инвестициялық сұранысты күшейтеді.Екіншіден, құрылыс, инвестициялық жұмыстар, сондай-ақ Агро өнеркәсіп кешені саласындағы жұмыстар кезеңі ашылуда.Үшіншіден, екінші тоқсанда дәстүрлі түрде шағын және орта бизнес жанданады.Сондықтан осы кезеңде экономикаға жаңа ақшаны жылдам беруді ұйымдастыру, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруды жеделдету маңызды», - деді Р.Дәленов.

 Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан  Смайыловтың  2019 жылғы 1 тоқсандағы мемлекеттік бюджетінің атқарылуы туралы айтып берді.

Ол  ағымдағы қаржы жылының бірінші тоқсанында бюджеттің барлық деңгейлерінде кірістер жоспардан асыра орындалып, оң өсу қарқынан көрсеткенін атап өтті.

«Шығыстардың атқарылуы 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жақсарды.Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 2,9 трлн.теңге түсімдер жиналды. 3 трлн.теңгеге шығыстар  атқарылды. Мемлекттік бюджеттің тапшылығы 94 млрд.теңгені құрады. Бұл жоспардан 162 млрд.теңгеге аз.Қолма-қол ақшаның бақылау шотында 285 млрд.теңге қаражат қалыптасты.Енді, бюджет параметрлерінің орындалуы туралы толық баяндайын», - деді Ә. Смайылов.

БЮДЖЕТТІҢ КІРІСТЕРІ

«Мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 105,6%-ке, республикалық – 102,1%-ке, жергілікті бюджеттер – 116,6%-ке асыра орындалды.Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік бюджеттің кірістерінің  өсу қарқыны - 115%, РБ – 120,6% және ЖБ - 102% құрады», - деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ, республикалық бюджетке 1 567 млрд.теңге кірістер түсті. Бұл жоспардан 33 млрд.теңгеге, ал былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда  268 млрд.теңгеге артық.

«Жоспардың асыра орындалуы салықтар есебінен – 20 млрд.теңге, салықтан тыс төлемдер бойынша – 10 млрд.теңге қалыптасты.Есепті кезеңде бюджетке 1 532 млрд.теңге салықтар жиналды. Бұл жоспарға қарағанда 101,3%-ке артық.2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда салықтар 264 млрд.теңгеге көп түсті немесе өсу қарқыны 120,8% құрады. Бұл жағдайға негізінен қосылған құн салығы, корпоративтік табыс және халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтар ықпал жасады», - деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар, салықтар жоспарының артығымен орындалуына макроэкономикалық жағдайдың жақсаруы және теңгеге шаққанда доллар бағамының өзгеруі өз әсерін тигізді.

«Жергілікті бюджетердің өз кірістері 81 млрд.теңгеге  артығымен орындалып, 571 млрд.теңгені құрады. Асыра орындалу сомасының 88%-і салықтарға келеді. Барлық өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды», - деді Ә.Смайылов.

САЛЫҚТЫҚ РАҚЫМШЫЛЫҚ

Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылық жасау шаралары басталды.

«Алдын ала деректер бойынша, рақымшылық жасауға жататын салық төлеушілердің саны 90 мыңнан асады.Олар 210,7 млрд.теңге мөлшерінде негізгі борыштарын төлеулері қажет.Осы жағдайда 122,9 млрд.теңге сомасына өсімпұлдар және 7,3 млрд.теңге сомасына айыппұлдар есептен шығарылады.Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне 34 мыңнан астам салық төлеуші жалпы сомасы 7,6 млрд.теңгеге негізгі борыштарын өтеді.Олар бойынша 1,7 млрд.теңге сомасына өсімпұл, 0,2 млрд. теңге айыппұл есептен шығаруға жатады», - деді Ә.Смайылов.

БЮДЖЕТ ШЫҒЫСТАРЫ

Сондай-ақ, республикалық бюджет шығыстары 2 705 млрд.теңгені құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 119,4%, яғни 440 млрд.теңгені құрады.

«Атқарылған қаражаттың 47% әлеуметтік салаға бағытталды.Сонымен бірге бюджет қаражаты 28 млрд.теңгеге атқарылмады. Оның 7 млрд.теңгесі үнемдеу болады. Ал, игерілмеу сомасы 21 млрд.теңгені құрады. Бұл, 2018 жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткіштен (89 млрд.теңге) 4 есе аз», - деді Ә. Смайылов.

Министр игерілмеудің ең ірі сомалары келесі мемлекеттік органдарда қалыптасқанын атап өтті.

«Әділет министрлігі – 3,4 млрд.теңге, Ішкі істер  – 2,2 млрд.теңге, Мәдениет және спорт – 2,2 млрд.теңге, Жоғарғы сот – 1,8 млрд.тенге, Индустрия және инфрақұрылымдық даму – 1,6 млрд.теңге, Ұлттық экономика – 1,5 млрд.теңге. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 945 млрд.теңгеге игерілді. 12 млрд.теңге орындалмады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 60%-ке жақсарды», - деді Ә. Смайылов.

Сондай-ақ, республикалық бюджеттен өңірлерге 1 112 млрд.теңге нысаналы трансферттердің қарастырылған.

«1 тоқсанда оларға 171 млрд.теңге бөлінді. Оның 96,8%-і игерілді немесе 165 млрд.теңге.4,7 млрд.теңге игерілмеді. Негізгі себептері: конкурстардың уақытында өткізілмеуі, келісім-шарттарға қол қойылмау, соның салдарынан оларды қазынашылық органдарында тіркемеу, жұмыс кестесінен кейін қалу», - деді ол.

Ә. Смайылов  2018 жылы мемлекеттік сатып алудың процедураларын жетілдірілгенін жеткізді. Оның барлық процесстері электронды форматқа көшірілді.

«Бірақ, шығыстардың игерілмеу себептері мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде әліде болса осы конкурстардың уақытылы өткізбеуіне, олардың өтпей қалуына байланысты болып отыр.Бұл жағдай мемлекеттік органдарда мемлекеттік сатып алу жұмысының дұрыс ұйымдастырылмағанын көрсетеді», - деді министр.

МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ

Сондай-ақ, бюджет қаражатының дұрыс және тиімді жұмсалуына бірден-бір ықпал жасайтын инструмент – ол мемлекеттік аудит.

«Есептік кезеңде 770 аудиторлық шаралар атқарылды.Аудиторлық шараламен 183 млрд.теңге қаражат қамтылды.30 млрд.теңгеге қаржылық бұзушылықтар  анықталды. Осы соманың 25 млрд.теңгесі тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен тексеру кезінде түзетілді.Мемлекеттік сатып алудың рәсімдеріне камералдық бақылау жасау күнделікті онлайн-режимде жүргізілді», - деді ол.

Ол атап өткендей,  үш айдың ішінде жалпы сомасы 2 трлн. 696 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алудың 525 мың 468 рәсімдері бақылауға алынды.

«Мемлекеттік органдарға 9 043 анықталған бұзушылықтар туралы хабарламалар жіберілді. Нәтижесінде 123 млрд.теңгеге мемлекеттік сатып алудың заңнамаға қайшы келетін қортынды шешімдері күшін жойды.Өткен тоқсандағы бюджеттің атқарылуының негізгі көрсеткіштері осындай. Алдағы кезеңдегі басты міндет – ол нақтыланған бюджеттің шығыстарын қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету», - деді Ә. Смайылов.

Министр ол  үшін республикалық бюджеттің кірістерінің нақтыланған жоспарын толық орындау қажеттігін айтты.

«Ал, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу процедураларын жыл соңына қалдырмай, бірінші жартыжылдықта аяқтаулары қажет», - деді ол.

Базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім соңғы қарыз алушылар үшін кредиттік ресурстар құнының төмендеуіне оң әсер етеді 2019 жылғы наурызда айлық инфляция 0,5%-ды құрады. Жылдық инфляция 4,8% деңгейінде сақталды. Бұл 2019 жылға арналған 4-6% нысаналы дәліздің ортасына сәйкес келеді. Бұл жайында ҚР Үкіметінің отырысында сөйлеген сөзінде Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев айтып берді.

Ол 15 сәуірде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 9,0%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын еске түсірді.

Бұл деңгей инфляция бойынша 2019-2020 жылдарға арналған нысаналы бағдарға қол жеткізуге ықпал етеді. Базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім ішкі және сыртқы факторларға негізделді. Атап айтқанда: инфляция қарқындарының баяулауы, халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуі, негізгі сауда әріптес елдердегі төмен инфляция, сондай-ақ мұнайға әлемдік бағаның өсуі.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 11 сәуірде Маңғыстау облысына сапары барысында кредиттің қолжетімділігін арттыру бойынша берген тапсырмасы аясында базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім банктер тартатын қаражат және соңғы қарыз алушылар үшін кредиттік ресурстар құнының төмендеуіне оң әсер етеді», - деп хабарлады Е. Досаев.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы валюта нарығындағы ахуалдың тұрақты екенін де айтты. Айырбастау бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда. Теңге бағамы жыл басынан бері 1,2%-ға нығайып, 15 сәуірдегі жағдай бойынша бір АҚШ доллары үшін 379,56 теңгені құрады.

«Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері клиенттердің шоттарындағы қалдықтардың қысқаруына орай жыл басынан бері 13,4%-ға төмендеп, 2019 жылғы 15 сәуірде 26,8 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың активтері 2,3%-ға 59,0 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Жалпы халықаралық резервтер 85,8 млрд АҚШ долларын құрады», - деп хабарлады Е. Досаев.

Е, Досаев өзінің сөйлеген сөзінде төлем балансы мен сыртқы борыштың жай-күйі туралы айтып берді. Ол өткен жылдың соңғы қорытындысы шығарылғанын атап өтті.

«2018 жылы экспорттық тауарларға бағаның өсуі және сыртқы нарықтағы сұраныстың артуы аясында төлем балансының ағымдағы шоты айтарлықтай жақсарды. Оның мөлшері 51,7 млн АҚШ доллары немесе ішкі жалпы өнімнің 0,03% аздаған дефицитпен қалыптасты. Шетелдік тікелей инвестициялардың таза ағыны 31%-ға 4,9 млрд АҚШ долларына дейін өсті», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.

Ол сыртқы борыш 2018 жылы 8,4 млрд АҚШ долларына қысқара отырып, 2019 жылғы 1 қаңтарда 158,8 млрд АҚШ долларын құрағанын атап өтті.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы Қазақстанның банк жүйесі дамуының көрсеткіштері ағымдағы жылғы 1-тоқсанда жүргізілген қалыпқа келтіру процестерінің, атап айтқанда «Цесна банк» АҚ-ты қалыпқа келтіру процестерінің ықпалында болғанын да атап өтті.

«2019 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша депозиттер 2018 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 17,6 трлн теңгеге дейін 5,2%-ға азайды. Бұған шетел валютасындағы салымдардың 14,6%-ға төмендеуі себеп болды. Ұлттық валютадағы депозиттер 3,6%-ға өсті. Бұл депозиттерді долларландыруды соңғы 5 жылда ең төмен мәнге 43,6%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз етті», - деді Е. Досаев.

Ал, Үкімет басшысы Асқар Мамин  биыл қаңтар-наурыз айларында жалпы ішкі өнім 3,8 пайызға өскенін айтты.

«Әсіресе, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі мен көлік саласының өсімі барынша байқалады. Негізгі көрсеткіштер бойынша бірінші тоқсанда Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар мен Қызылорда облыстары жақсы нәтижеге жетті. Сонымен қатар, Ақмола облысында және елордада құрылыс пен инвестициялар бойынша көрсеткіштер төмендеп кеткен. Осы бағыттағы жұмыстардың нашар деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтемін», - деді А.Мамин.

 Премьер-Министрдің айтуынша, кейбір өңірлерде ірі инвестициялық жобалардың аяқталуына байланысты көрсеткіштер төмендеп отыр.

«Осыған байланысты Үкімет басшысы осы саладағы жұмысты, әсіресе, құрылыс пен негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. «Аталған мәселелер бойынша шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдау қажет. Сондай-ақ, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын уақытылы әрі толық игеруі керек», - деді  А.Мамин. 


Аягөз Құрмаш 

Оқи аласыздар: 

ШОБ іске асыратын жобаларды кредиттеуге кемінде 100 млрд теңге жұмсалады – Е.Досаев

Ауыл шаруашылығы: Жаңа министр ескі проблемалар туралы айтты

 




Яндекс.Метрика