Сараптама

KADEX-2018: техниканы жаңартуға септігі тисе игі

Сонымен Астанада бесінші мәрте қару-жарақ пен әскери техниканың, жабдықтардың халықаралық көрмесі аяқталды. Имидждік тұрғыда да, қару-жарақ нарығы үшін де маңызды саналған KADEX-2018 көрмесінде отандық кәсіпорындар мен шетелдік компаниялар жалпы сомасы 300 млрд теңге көлеміндегі келісімшарттар жасасыпты. KADEX көрмелері алғаш басталған 2010 жылы бұл көрсеткіш 1,5 миллиард теңге еді. Дегенмен, көрмеде қазақстандық кәсіпорындар ғана емес, шетелдіктер де өзара келісім шарт жасасуы мүмкін екендігін жоққа шығармаған абзал.
Астана қаласы30 Мамыр , 10:39

Жалпы,  әскери  техника мен  қару-жарақ   көрмесін  ұйымдастыру арқылы  Қазақстан 2010 жылдың өзінде  әскери жабдықтардың халықаралық нарығына енуді көздеген сияқты.   Өйткені,  біздің ел де азды-көпті  әскери жабдықтар жасайды. Патрондар, оптикалық құрылғылар, торпеда,  шағын катерлер, бронды көліктер, байланыс құралдарын жасаймыз. Олар  өз армиямызға қажет дегенімізбен, артылғанын сатып отырғанның айыбы жоқ. 

Демек, қару-жарақ нарығында көш бастайтын  елдердің  өкілдерін Астанаға жинау арқылы Орталық Азияда да әскери техника мен  қару-жараққа  сұраныс  бар екендігін аңғарту мақсаты  көзделетін тәрізді.  Қалай болғанда да   KADEX  көрмелері   екі жылда  бір өтетін  дәстүрге айналды. Бүгінде  бұл шараның   еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруда да, Орталық Азия  өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісінде де,  қару-жарақ саудасында да, содан соң елдің  имиджі мен  патриоттық тәрбие мәселесінде де өз орны бар.  Дегенмен, бірінші кезекте әскери көрмелер қару-жарақ нарығынан өз орнын іздеудің бір тәсілі болып қала береді.

 Негізінде, Орталық Азиядағы қару-жарақ нарығының көлемін  сарапшылар 5 млрд долларға бағалайды.  Яғни, аймақ елдері өздерінің  қауіпсіздіктері мен қорғаныс қабілеттерін  жақсарту үшін жылына осыншама  сомаға  қару-жарақ сатып алады дегенді  білдірсе керек бұл мөлшер. Бірақ,  осыншама  сомадағы қару-жарақ  саудасының келісімшарты  бір  көрме арқылы  жасалмайтыны тағы бар. Көрмеден тыс уақытта да  мемлекеттердің арасында әскери  техника сатып алу немесе сатуға байланысты сауда-саттық жасала береді. Дегенмен, KADEX көрмелерінде  оған қатысушылар түрлі деңгейде келісім шарт жасасады.

Мәселен, 2014 жылы өткен көрме кезінде   қатысушылар 2,6  млрд доллар көлеміндегі келісімшарттар жасасқан. Алайда, әскери техника мен қару-жарақ саудасына қатысты  келісімшарттар  бірден көрме кезінде даярланып,  сол кезде  жасалады деуге болмайды.  Сарапшылар қандай да бір әскери  техниканы сатып алу немесе сату үшін  бірнеше   халықаралық шараға қатысуы мүмкін,  қорғаныс саласының мамандары  түрлі  нұсқаларды салыстырып,  зерттеп-зерделеуі,  бағалауы  ықтимал. Мәселен,  Түркия  Ресейден С-400  зениттік зымыран кешендерін сатып алу  турасында келісім шарт жасасқанға дейін,  өз талаптарын НАТО-дағы әріптестеріне де, Қытайға да қойды.  Қытайдан HQ-9  зениттік зымырандарының экспорттық нұсқасы FТ-2000  кешенін сатып алу жөніндегі  келісімдерді 2007 жылы бастаған.

Сегіз жылдан кейін Түркия мен  Қытай  ақыры бір келісімге келе алмады. Сол сияқты түріктердің  Patriot   және SAMP-T  зениттік  зымыран кешендерін сатып алу  үшін жүргізген келіссөздері де  ұзаққа созылған.  Украина әскеріне танкке қарсы ататын  «Джевелин» кешендерін беру туралы  шешім  шығару  үшін де АҚШ  билігі 4 жыл «ойланды». Бір сөзбен айтқанда, қару-жарақ нарығындағы келісімдер  қандай да бір көрмемен біте қоймайды. Әрі стратегиялық маңызы бар қару-жарақ саудасы ұзаққа созылатын дүние.

Сондықтан, KADEX көрмелерінде жалпы  құны ондаған миллиард доллар болатын  келісімдер күту қисынсыз. Тек орта және  жеңіл қару-жарақ пен  техника саудасына қатысты  келісімдер көбірек жасалуы мүмкін. Ал, Қазақстан KADEX көрмелерінің  ешқайсысында  стратегиялық маңызы бар әскери  жабдықтар саудасына қатысты  келісімдер жасаған жоқ.  Тек Eurocopter  үлгісіндегі   тікұшақтарды бірлесе құрастыру,  олардың әскери мақсатқа арналған нұсқаларын сатып алу турасында келісімдер жасалған. Ал СУ-30СМ  немесе «Терминатор» танкті қолдаушы әскери машиналарды сатып алу турасында жасалған келісімдердің  көрмеге қатысы болған жоқ.

«Тыныс» кәсіпорыны  көрмеге өз өнімдерін әкелді. Біз 100 пайыз отандық өнім ұсынамыз. Сондай-ақ кәсіпорын жеке сақтандыру амунициясы, брондалған күртеше, брондалған қалқанның заманауи үлгілерінің де өндірісін жолға қойған. – «Болашақтың жауынгері» атты жобамыз да бар.  Қазір ол сұранысқа ие болып отыр. Бұл жоба түнде көретін дүрбілер, нысана көздеу жабдықтарымен толықтырылған. Көрменің алғашқы күнінде Иордания Корольдігімен келісімге қол жеткіздік. Ресейлік компаниялар да жаңа жобалар бойынша келісім жасауға мүдделілік білдіруде» , - деді «Тыныс» АҚ  директоры Қайрат Қалманбаев.

Ресей мен Қазақстанның өзара әскери ынтымақтастығына қатысты өзге келісімдер негізінде сатып алғанбыз. Алайда, «Терминатор»  ТҚӘМ-ға қатысты түсініксіз деректер бар. Оларды біз 2011  жылы сатып алсақ, Ресей Бас штабы оларды тек 2017 жылы ғана  әскеріне қабылдады.  Техниканы өндіруші  «Уралвагонзавод» НПК» АҚ бас директоры Александр Потапов ресейлік әскерилердің техниканы тек  8 жылдан соң ғана қабылдағанын айтқан болатын. Оның өзінде  «Терминатор-3»  нұсқасы. Демек,  жаңа әскери техниканы сынақтан өткізу, оны Қарулы күштер сапына қосу процесі де қысқа уақытта жүре қоймайтын  дүние. Ал біз шыққан бетте, көзді  жұмып сатып алсақ керек. Бірақ, бұл сауда KADEX көрмелері кезінде жасалған жоқ. Сондықтан, KADEX көрмелері  бірден қорғаныс өнеркәсібіміз бен қабілетімізді көтере қояды деу қиын. Керісінше,  елдің қорғаныс қабілетін  жақсартуға бағытталған  қадамдар  көрмеден тыс уақытта жасалады. Ал KADEX-тің  патриоттық сезімді арттыру  мен PR үшін  пайдалы болатын тұстары бар.

 Бесінші рет ұйымдастырылған көрме  Қазақстан армиясын заманауи әрі түрлі модификациядағы техникамен жарақтандырудың ұзақ мерізімді  жоспары қажет екенін аңғартатын сияқты. Әзірге бізде ондай жоқ. Қарулы күштерді  жарақтандыру ала-кұла  өтеді.  Әлбетте,  көрмелердің барлығында дерлік  ресейлік  өндірушілер мол болғанын,  ең үлкен көрме алаңдары Ресей мен Түркияға тиеселі болғанын ескерсек, армияны  жарақтандырудағы  ресейлік бағыттан бірден ажырау қиын екенін  байқаймыз.

«Біз көрмеде өзімізді броны техниканы  күрделі жөндеуден өткізіп, модернизация  жасайтын кәсіпорын ретінде таныстырдық. КАDEX-2018 көрмесіне  бірнеше өнімімізді әкелген едік. Олар Т-72А танклерінің бірнеше образы, Т-72 базасында  жасалған өрт сөндіруші машина, төтенше жағдай қызметіне арналған іздеу-құтқару машинасы. Соңғысы БМП базасында  жасалды. Көрме кезінде 50 ден астам кездесу өткіздік. Түрлі компаниялармен меморандумдарға, хаттамаларға қол қойдық.  Бронды техниканы модернизациялауға қызықғатындар көп екені байқалып тұр», - деді «Семей инжиниринг» АҚ Бас директоры Талғат Тұрлыбаев.

 

Бәлкім, содан да шығар  алдымен Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі  министрлігі құрылды. Одан соң  2017 жылдың  қыркүйегінде  жаңа Әскери доктрина қабылданды. Оның  мазмұны да өзгерген.  Елдегі ескі әскери техникаларды  сату мақсатын көздейтін заң жобасы да әзірленген. Ал биыл, KADEX-2018 көрмесінде біздің мамандар  модернизациядан өткен Т-72 танктерін экспорттауды көздейтінін айтқаны бар. Яғни, 2010 жылдан бері  көрме өткізумен қатар  Қарулы Күштерді түрлі елдердің, түрлі модификациядағы техникаларымен жарақтандыру,  өзіміздің азды-көпті өнімдерімізді сату  мәселесі көзделіп, шаралар соған  сәйкес  ұйымдастырылса керек. Мәселен, 2016 жылғы көрмеге қытайлық компания жасаған «Wing Loong»  пилотсыз ұшатын аппарат  қойылған еді. Оны Қазақстан тарапы сатып та алған.

Бірақ, келіссөздер көрмеден бұрын ұйымдастырылған болатын. 2016 жылы Президент Н.Назарбаев  Қарулы күштердің техникасын  алдағы жылдарды 70 пайызға, кейбір түрлерін 100 пайызға дейін жаңалайтынымызды айтқан болатын. Демек,  әскери техника  көрмесі  осы  мақсат үшін  қызмет атқаруы тиіс. Айталық, Қазақстан Қарулы Күштеріндегі танктердің  барлығы Т-72 маркалы  техникалар. Бұл танктер  алғаш рет 1973 жылы шыққан. Содан бері түрлі модификациядан   өтіп келеді. Демек,  оны да жаңарту қажеттілігі бар. Кемі Т-90С маркаларына ауыстыру қажет. Әлбетте  бұл оңай шаруа емес. Өйткені, әскери техникалар тым қымбат болады.

«Тауарларымызды шетелдіктерге сатып жатырмыз деп мақтана алмаймын. Шетелдіктерден  бұрын өнімдерімізді отандық тұтынушылар алса дейміз.Бізде тауар өндіруші мен тұтынушының байлансы  нашар. «KADEX-2018» көрмесі осы олқылықты жоятын шығар деген үмітім бар», - деді «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ бас директоры Александр Гнеломедов.

 

Айталық, біз сөз етіп отырған Т-90С танктерінің 200 данасын Алжир Ресейден 1 млрд доллардан астам сомаға сатып алды.  Ал, Stockholm International Peace Research Institute деректеріне  сенсек 1991-2017 жылдар аралығында  Қазақстан Ресейден  1 млрд 756 млн долларға қару-жарақ сатып алған. Салыстырмалы түрде алғанда тым көп сома емес. Әсіресе, әскери техникаға байланысты есептесек бұл көрсеткіш аз. Демек, мұның  өзі  әскери техникаларымызды жаңғырту  баяу жүріп жатқанын байқатады. Ал KADEX көрмелері осы өгіз аяңнан құтылуға септігін тигізуі керек. Әзірге ол үміт ақтала  қойған жоқ.

Амангелді ҚҰРМЕТ

Фото: Бауыржан Жуасбаев 




Яндекс.Метрика