Сараптама

Бір жылдан соң: сананың жаңғыруы басталды (2-бөлім)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл¬масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында.Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын. Қазақстан да бұл үрдісті бастап кеткен еді ғой.
Астана қаласы23 Сәуір , 09:24

Екіншіден, Рухани жаңғыру үшін ұлттың заманауи үлгіде  ойлай білу қабілеті жетіле түспегі керек. Мәселен, елімізде  цифрландыру   үрдісі  жүріп жатыр.  Заманауи  технологиялар дендеп еніп жатыр. Бірақ, әлі күнге  бізде электронды сауданың, электронды  қызмет көрсету мен пайдаланудың  үлесі  мол емес.  Қолдарында интернетке қосылған смартфон  ұстаған азаматтардың  жолаушылар көліктері үшін  билетті  онлайн ала салудың   орнына, кассада кезекте  тұруы азаймай тұр. «Электронды  үкімет»  порталынан өзіне қажетті  құжаттарды шығарып алудың орнына, Халыққа қызмет көсрету орталықтарына  ағылатындар да аз емес. Әлбетте,  бұл құбылыстың түрлі себептері  бар екені анық. Дегенмен,  цифрландыру  процесіне  бұқараны қатыстыруға үгіттеуде  масс-медианың «ақсап басатыны» да  өз әсерін тигізбей қоймайтын тәрізді. Алайда, жалпы алғанда  замана талабына бейімделу  процесі де бірден бола қоймасы анық.

 Қорыта айтқанда,  қазақ үшін қазіргі таңда шет тілдерін  білумен қатар,  сыни ойлау,  прагматик болу, технологияға үйір болу, кембағалдық психологиясынан құтылу, түрлі фобиялардан аулақ  болу маңызды. Рухани жаңғыру процесі кезінде  бұл бағытта да нақты істер атқарылары даусыз. Дегенмен, бұл азаматтардың тікелей өздеріне қатысты дүние.

Не тындырдық?

Мақала  жарияланғаннан бергі  бір жыл қарбалас болды. Қазақ қоғамын  сергек ұстаған, белсенділігін арттырған оқиғалардың барлығы дерлік «Рухани жаңғырумен» тікелей байланысты  болғаны  жасырын емес. Президент  өз мақаласында 2017 жылдың соңына дейін  қазақ әліпбиінің  латын графикасына негізделген  жаңа нұсқасын  әзірлеуді тапсырған-ды. Сөйтіп, бір жыл ішінде  тіл мамандары, ғалымдар мен сарапшылар қоғамға латын   графикасына негізделген  қазақ әліпбиінің  3 нұсқасын ұсынды. Бұқара аталған жобаларды қызу  талқылағаны бар. Келіспейтін тұстарын да,  қолдайтын жерлерін де ашық айтты  біздің жұрт. Нәтижесінде қазақ әліпбиінің  жаңа нұсқасы бекігендей болған. Дегенмен, қоғам әлі де оны әбден талқылап, жұп-жұмыр күйге түскенше түрлі пікір айтып, түрлі көзқараста  болары анық. «Руханиы жаңғыру жылында» бірінші кезекте  ұлт  өз руханиятына қатысты мәселеге белсене араласты. Алғаш рет  өз әліпбиін өзі таңдау ісіне араласты. Бұрынғыдай жоғарыдан келген бір бұйрықпен ғана  шешілген жоқ бұл мәселе. Ғалымдар  халықтың пікірін тыңдады,  мемлекет  ғалымдардың уәждеріне құлақ түрді. Сөйтіп, 2017 жылдың 26 қазанында Елбасының бұл мәселеге  қатысты арнайы жарлығы да шыққан болатын. Мұны атқарылған істердің біріншісі деп қойыңыз.

Екіншіден, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақалада айтылған бастамаларды  жүзеге асыру үшін бірнеше жұмыс тобы құрылып, белсенді қызмет атқарды. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» ,«Қазақстандағы 100 жаңа есім»,  «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Туған жер» тәрізді жобалар жүзеге асырылды. 

Қазақ мәдениетін жаһанға таныту үшін  нақты жұмыстар атқарылды. 2018 жылдың ақпанындағы деректерге сенсек  ұлт мәдениетін танытатын бірқатар шаруалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, аранйы сайтқа 13 мың  музыкалық шығарма, 1,2 мың нота мен 1,7 мың аккорд  орналастырылған. Мұның барлығы цифрлық форматта.  Ал мәдениет  қайреткерлері шетелдерге 20  гастролдік сапар ұйымдастырыпты. Бірқатар, елдерде  қазақстан киносы күндері өткен. Музейлердегі  экспонаттардың цифрлық  форматқа көшірілуі де  жүзеге асырылып жатыр. Мәселен,  Қостанай облысында барлық  музей экспонаттарының 24,5 пайызы цифрландырылса,  Ақтөбеде 23,  Атырауда 20 пайызды құраған.

Бұлардан бөлек, 2017 жылдың соңына дейін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» анықталып,  еңбегімен, ерлігімен, табыстарымен көзге түскен  1500 замандасымыздың ішінен «жүзден жүйірік» шыққандары  жұртқа таныстырылды.  «Туған жер» бағыты бойынша әр өңірде  өлкетану, экология мен абаттандыру  бағытында  жұмыстар атқарылды. Көптеген тарихи-мәдени  ескерткіштер қалпына келтірілді. Бұқараның бұл бағыттағы жұмыстарға деген ынтасы жоғары болды. Тек қана меценаттардың өзі «Туған жер» жобасына 51 млрд теңге бөліпті.

 «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», бағытын  бойынша киелі  жерлердің, аумақтардың картасы мен тізімі жасалды. Виртуалды картасы да жұмыс істеп  тұр.  3D-турлар ұйымдастыру мүмкнідігі де бар. Оларды  бұқараға таныстыру  бағытындағы жұмыстар   жүргізіліп жатыр. Арнайы орталық та құрылған.  Одан бөлек әлемге танымал 100  оқулықтың мемлекеттік тілге аудару, гуманитарлық ғылымдарға жастарды көбірек тарту  жұмыстары да қызу  жүргізілді. Атап айтқанда,  «Ұлттық аударма  бюросы» құрылып,  қазірдің  өзінде 100 оқулықтың 17-сі қазақ тіліне аударылып жатыр.

«Рухани жаңғыру жылы» аясында  Президент мақаласында тікелей айтылмағанымен,  ұлттың Рухани жаңғыруына ықпал ететін өзге де  шаралар  ұйымдастырылды. Бір жылда Алаш  қайраткерлерінің өмірінен сыр шертетін  «Тар заман» телесериалы түсіріліп,  көрермеге ұсынылды.  «Қазконтент» АҚ –ға қарасты «Әдебиет  порталының»  ұйымдастыруымен  жазушылар мен ақындардың арасында тұңғыш рет «Рух» байқауы  өтті. Бұл байқау  отандық әдебиетшілердің арасында тың серпіліс оятқан, оқырмандардың назарын аударған оқиға болған жайы бар. Сонымен қатар, бір жыл ішінде  Жазушылар одағында да өзгеріс болды. Жаңа жобалар да әзірленіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда  рухани жаңғыруға қажетті көптеген шаруа тындырылды.

Түйін

Руханият дегеніңіздің өзі қолмен ұстап,  көзбен көру қиын, нақты бағасын беру тіптен  қиын  дүние. Ал мәселе ұлттың рухани жаңғыруына келіп тірелер болса,  өзгерістерге толық баға беру,  бұқараның көкейіндегісін дөп басу,  құндылықтар мен арман-аңсарларын анықтау одан да күрделі шаруаға айналады.

Рас, мемлекет қаржы бөліп, меценаттар көмегін жасап та жатыр көп істе. Бірақ, нәтижені бүгін-ертең бағамдай алмайтынмызды да  мойындауымыз керек. Дегенмен, бұқара халықты серпілткен, ертеңгі күнге деген сенімін нығайтқан  шаралар жүзеге асырылып жатқанын мойындауға тиіспіз. «Рухани жаңғырудың» толық нәтижесі біздің қоғамның бет-бейнесі өзгеріп,  өзгемен иық тіресе алатындай деңгейге жеткенде ғана белгілі болады. Оған әлі біраз уақыт бар.

Амангелді Құрмет




Яндекс.Метрика