Сараптама

Бір жылдан соң: сананың жаңғыруы басталды

Осыдан тура 1 жыл бұрын, дәл осы күні, яғни сәуірдің 12-де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрген болатын. Сол мақаласында Президент: «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс»,-деген болатын. Сөйтіп, елімізде ұлттың рухани жаңғыру процесі басталған.
Астана қаласы12 Сәуір , 12:04

Негізі  рухани жаңғыру ұғымының ауқымы тым кең. Мемлекет басшысының өзі айтқандай  рухани жаңғыру бүгін  немесе өткен жылы ғана басталған  жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алған  күннен бері  мемлекет ұлт  руханиятын назардан тыс қалдырған емес. Тарихты түгендеу,   өткен күндердегі оқиғаларға баға беру,  алыс-жақын шетелдердің   мұрағаттарында жатқан  қазаққа  қатысты деректерді  жинау,  тұлғаларды ұлықтау... Мұның  барлығы тәуелсіздік  жылдарында   ұдайы жүргізіліп келді.  Дегенмен,  «Болашаққа бағадар:  рухани жаңғыру» атты Президенттің  мақаласы  қоғам дамуындағы жаңа  кезеңді бастап бергені  анық.  Өйткені,  мақала  ұлттық кодты анықтап,  қазақпен бірге ХХІ  ғасырға,  одан арғы дәуірлерге  баратын  қадір-қасиеттерімізді екшеу  қажет екендігін  аңғартқан еді. Міне, содан бері де бір жыл да өтіпті. Азды-көпті нәтиже де жоқ емес. Тоқталсақ.

ХХІ ғасырда ұлттық санамыздың өзгермегі керек

 Президенттің  мақаласында тура  осы жайт  айтылған  еді. Иә,  заман өзгерген сайын адамзаттың  танымы мен талғамы да құбыла түседі.  Бұл процестен   қазақ та тыс қалмақ емес. Демек,  ұлттың  танымы мен талғамы   бүгінгі жаһандану дәуіріндегі ғылымның, техниканың  дамуымен үйлесе білмегі лазым.  Онсыз  ұлттың  бәсекеге  қабілеттілігі  жоғары болуы мүмкін емес. Бәлкім, содан да шығар еліміздегі рухани жаңғыру  процестері тікелей санаға қатысты  өрбуі тиіс еді. Өйткені,  ұлттың бәсекеге қабілетті болуы,  халықтың  бойында прагматизмнің қалыптасуы,  білімге құштарлық,  сананың ашықтығы,  ұлттық бірегейліктің сақталуы,  мемлекеттің  эволюциялық жолмен  дамуы  қандай да бір мемлекеттік  бағдарламамен,  жоба-жоспармен   жүзеге аса қоятын дүниелер емес.  Рас,  мемлекет  ұлттық бірегейлікті сақтау мен  эволюциялық даму мәселесінде шешуші  рөлді атқаруы  мүмкін,  алайда  прагматизм,  сананық ашықтығы,  бәсекелестік  қабілеттің жақсару,  білімге  құштардың тікелей азаматтардың ой-өрісі мен жеке ұстанымдарына  қатысты  болатын дүниелер.  Сондықтан,   Президент  мақаласы жарық көргеннен бергі  бір жыл ішінде атқарылған  жұмыстарға шолу жасау кезінде  аталған мәселелердің әлі  күнге өзекті болып отырғанын  мойындауға мәжбүрміз. Әрі олар алдағы жылдарда да  өзектілігін  жоймақ емес.

 Негізі ХХІ ғасырда  ұлттық санамыздың өзгеріске  ұшырауы қалыпты құбылыс  болса керек.  Жаһанда  біздің ғана емес, көптеген ұлттар мен ұлыстардың   таным-түсінігі  өзгеріп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан  ғылым мен техника өмір сүру дағдысын да, мінезімізді де өзгертіп келеді. Мәдениеттер мен өркениеттер шекарасының шайыла бастауы, құндылықтардың  құбылуы қалыпты құбылысқа айналды. Демек,  мұндай сын-қатерлерге  ұлттың төтеп беруі әрі өз кескін-келбетін  сақтай отырып,  заманға бейім болуы  маңызды болып отыр. Айталық,  ұлттық бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте  сол ұлтты құрайтын  жеке азаматтардың  көзқарас-пайымына байланысты болады.  Мемлекет  азаматтардың  заманауи үлгіде білім алуына,  әлемдік ғылымға  қол жеткізуіне барынша  мүмкіндік  жасап жатыр.

«Цифрлық Қазақстан», «Үш  тілде білім беру», «Мәдениетаралық және конфессияаралық келісім» тәрізді бірқатар бағдарламалар  сол мүмкіндіктердің  көрінісі.  Алайда,  қазақ  қоғамы  бұл бастамаларды қалай  қабылдады дегенге келер болсақ, әлі де  кемшілік-қателіктердің бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Атап айтқанда,  үш тілде білім беру мәселесінде қоғам мен  аталған бастамаға  жауапты  мемлекеттік органдардың арасында  әлі күнге  ымыра қалыптаса қоймады. Бірақ,  пікірлер қайшылығы  түптің-түбінде   оңтайлы шешім қабылдауға мұрындық боларын ескерсек,  мұндай келіспеушіліктерді олқылық ретінде бағалауға болмайды.  Қазақстандықтар  білім реформаларына бей-жай  қарамау арқылы ел болашағының  жарқын болуында әр азаматтың  қосар  үлесі бар екендігін сезінсе керек.

Міне,  дәл осы жағдай  ұлттың рухани тұрғыда оянып, сілкініске, жаңғыруға  ұмтылғандығының  көрінісі болып отыр. Әлеуметтанушылардың   зерттеулеріне қарағанда  қазақстандықтардың  65-70 пайызы ең басты құндылық ретінде отбасын алға  тартқан. Бұл дегеніңіз  отандастарымыз үшін материалдық игіліктерден гөрі отбасы, туыстық қатынастар,  дос-жарандар маңызды  екендігін көрсетеді. ХХІ ғасырдың алғашқы  ширегіне жақындап қалған,  жаһанда  дәстүрлі құндылықтар шайылып жатқан тұста  біздің  мұндай ұстанымда болуымыз   қуанышты жағдай. Яғни,  қазақстандықтар  жаһанданудың теріс  ықпалына ілесіп кете қоймағаны байқалады.  Ал рухани жаңғыруға қатысты  бастамалар осы құндылықтарымызды одан әрмен  тереңдете түсуге  септігін тигізбек. Әрі  өз кезегінде  ұлттың бәсекеге қабілеттілігін де нығайтпақ.

Бәсекеге қабілеттілік демекші,  көп жағдайда мұны біз экономикалық  түсінік  ретінде бағалаймыз. Алайда,  іс жүзінде бәсекеге қабілетті  болу экономикалық, саяси,  рухани астарлары бар қасиет. Қазақстандықтар еліміз нарықтық  қатынастарға  өткен  алғашқы жылдарда  экономикалық дағдарыстың ең ауыр  кезеңдерін бастарынан өткізген,  сол кездегі сыннан да сүрінбей  өткен-ді. Нәтижесінде,  кәсіпкерлік қабілеттерін дамыта түсті. Саяси тұрғыда отандастарымыз елдегі  тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына   мүдделілік танытып,  мемлекеттік бағдарламалардың  жүзеге асуына септігін де тигізген. Яғни, экономикалық және саяси тұрғыда хал-қадірінше бәсекеге қабілетті сияқты. Ал, рухани тұрғыда бәсекеге қабілетті бола алатынымыздың бір көрінісі жоғарыда біз айтқан отбасы құндылықтарының сақталуынан көрініс  береді.

Отбасы құндылықтарының сақталуы ұлтты деградациядан  құтқаратын, әрі өзгелерден  оқ бойы озық тұруға мүмкінідк беретін қасиет. Одан  бөлек,  халықтың мәдениеті, тәртібі,  экологиялық танымы, салт-санасы тәрізді   жүздеген талаптар тағы бар. Біздің жұрт олардың бірінде табысты болса, бірінде кемшілік жібере отырып,  қатарынан қалмай келеді. Бірақ,  білім мен сананың ашықтығынсыз бұдан әрмен аталған қасиеттерді сақтай білу қиын іс. Президент өз мақаласныда осы жайды тұспалған еді. Елбасының  прагматик болуға назар аударуы да содан.  Әрине, бір жыл ішінде сананың ашықтығын, прагматизмді қалыптастыру қиын. Бәсекелестік қабілет те ондаған  жылдар бойы  ұдайы жетіле  беретін қасиет. Сондықтан, Президент мақаласында айтылған жайлардың  рухани бағыттарына нақты баға беру қиын. Оған уақыт керек.

Ал не қажет  дегенге тоқталар болсақ, алда әлі талай асу бар. Ең алдымен  отандастарымыздың  прагматик болуы қиынға соғуы мүмкін. Өйткені, халықтың санасына сіңген бірқатар стереотиптер бар. «Сұңқар шашып жейді,  құзғын басып жейді» немесе «Бұдан да жаман күнімізде  тойға барғанбыз» дейтін  қазақы  ұғымдардың әу бастағы сипаты өзгеріп, ысырапшылдықты мадақтайтындай күйге жеткен халі бар. Бәлкім содан да шығар, біздің елде 170 мың долларлық торт даярлату,  зәулім сарайдай тойханалар салу, сән-салтанатты  тікұшақпен бейнетаспаға түсіріп, жас жұбайларды ұшақпен  қыдырту тәрізді біраз дарақы  қылықтарымыз  жоғалмай тұр.

Әрине, ысырапшылдық,  дарақылық деген  жағымсыз қасиеттерді бойдан сылып тастау үшін уақыт керек шығар. Дегенмен, дәл осы мәселеде асыққанның айыбы жоқ сияқты.  Президенттің өзі  мақаласында: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», - дегені  содан болса керек. Бізге тез арада өзгеру қажет. Заман жайбасарлықты көтермейді.

(жалғасы бар)

Амангелді Құрмет




Яндекс.Метрика