Сараптама

Ғылыми жаңалықты құқықтық қорғау: халықаралық тәжірибе және Қазақстан

Ғылыми жаңалықтарды құру және қолдану, олардың авторы мен жаңалықтар жасалатын ұйымдардың құқықтары мен қызығушылықтарын қорғау бойынша қатынастарды реттеудің тиімді механизмдерін іздеу жарты ғасырға жалғасып келеді. Бұл өте ұзақмерзімді үрдіс. Зияткерлік меншік құқығы жаңа экономикалық парадигма жағдайында ұлттық деңгейдегі дамудың маңызды аспектісі ғана емес, АҚШ пен ҚХР сынды алпауыттардың сауда текетіресіне де себеп болып отыр. Қазірге дейін бірқатар жаһандық және ұлттық масштабтағы құжаттар қабылданды. Олардың бірқатары: Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Конвенциясы, 1952 жылғы 6 қыркүйектегі Авторлық құқық туралы Дүниежүзілік конвенция, Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж келісімі, Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясы (1886 ж.), Еуропалық патент конвенциясы, ҚР Азаматтық кодексі, ҚР «Авторлық және сабақтас құқық туралы» Заңы, ҚР «Қазақстан Республикасының патент заңы», ҚР «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңы және т.б. Осы уақыт аралығында әртүрлі жобалар ұсынылды, жаңалықтарды тіркеудің жүйелері енгізілді және қайта жабылды, бірақ мәселе әлі шешілмеген күйінде қалып отыр.
Астана қаласы13 Шілде , 10:59

Ғылыми жаңалық түсінігі

Бүгінде инновацияны белсенді түрде енгізбей экономиканы дамыту мүмкін емес. Осы орайда мемлекеттің ғылыми-техникалық потенциалы зияткерлік меншікті тиісті қорғау жағдайында ғана жедел дамитынын түсіну қажет. Мемлекеттер миллиардтаған қаражатты инвестициялап, ЖІӨ-нің қомақты бөлігін инновациялық экономикаға салады. Оның негізгі элементі зияткерлік меншік нысандарын құқықтық қорғау болып табылады. Жеке шығармашылық тұлғалардың ғылыми жаңалықтары мен өнертабыстарын қолдау арқылы өндірісті уақыттың жылдамдығына сай жетілдіріп отыруға болады. Дегенмен осы маңызды қызметке арналған құқықтық нормалар әлемнің көптеген елдерінің заңнамаларында орын алмаған. 

Ғылыми жаңалық зияткерлік қызметтің нәтижесі ретінде адамның шығармашылық еңбегінің барлық жетістіктеріне жатады. Бұл термин Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының(ДЗМҰ) Конвенциясында қолданылған. Аталған конвенцияда ғылыми жаңалықтар қорғалуы мүмкін зияткерлік меншік нысандары қатарына жатқызылады. Осы мәселе қазақстандық заңнамада қарастырылмағаны белгілі (Конвенция ВОИС (Стокгольм, 14 июля 1967 г.) (с изм. от 2 октября 1979 г.) // СПС "КонсультантПлюс").

ДЗМҰ Конвенциясы 1967 жылы 14 шілдеде Стокгольмде бекітіліп, 1970 жылы күшіне еніп, 1979 жылы өзгертілді. Қазақстан Республикасы  1993 жылдан бастап ДЗМҰ мүшелігіне енді, сәйкесінше келесі басты құжаттарға қол қойды: 1967 жылғы ДЗМҰ құру туралы Конвенция, 1883 жылғы Өнеркәсіптік меншікті қорғау бойынша Париж конвенциясы, 1891 жылғы Халықаралық тіркеудің Мадридтік жүйесі және 1970 жылғы Патенттік кооперация жөніндегі келісімшарт.

Ғалымдар ғылыми жаңалықтарды нысандар тізіміне қосу тек символикалық және ресми сипатта болғанын айтады. Ғылыми жаңалықтарды халықаралық тіркеу жөніндегі Женева келісімінде ғылыми жаңалықтар терминіне түсініктеме беріліп, аталған құжаттың 1-бабында келесідей мәтінде ұсынылды: Алдында орнатылмаған және тексеруге қолжетімсіз болған сыртқы әлемнің құбылыстарын, сипаттары мен заңдарын орнату және анықтау. Алайда Женева келісімінің негізгі мәселесі талап етілген мемлекеттердің қол қоймауына байланысты заңдық күшіне енген жоқ.

КСРО кезеңінде, «өнертабыс» деп жаңа және осыған дейін болмаған техникалық шешім деп айтылады. Осыған сәйкес кеңестік заң шығарушылар өнертабыс деп кімде-кім алдыңғы кезеңде ұсынбаған жаңа техникалық шешімді айтады, ал ғылыми жаңалық дегеніміз табиғат пен қоршаған ортада заңды құбылыстарды орнату деп түсіндіреді. КСРО-мен салыстырғанда АҚШ-та патенттік құқыққа қатысты реттеу қолданылды. АҚШ-тың «Патенттер туралы» арнайы заңына сәйкес, «өнертабыс» пен «жаңалық» сияқты құқықтық ұғымдар бір-бірімен сәйкеседі.

Осылайша, зияткерлік меншік нысандарының құқықтық қорғалуы дегеніміз зияткерлік меншіктің субъективтік құқығының қалыпты пайда болуы, іске асуы және тоқтауы, бұзылған жағдайда қорғауын қамтитын заңнамада орнатылған құқықтық құралдардың жиынтығы (Право интеллектуальной собственности Республики Казахстан: учебное пособие / З.Х. Баймолдина, Каудыров Т.Е. – Астана, 2013.). Зияткерлік меншік нысандарын қорғауда авторлық-құқықтық, патенттік-құқықтық және аралас әдістеріне назар аудару қажет. Экономикалық дамуға елеулі әсер ететін қоғамдық құбылыс күн тәртібінен түспеуі тиіс. 

Қазіргі уақытта зияткерлік меншік құқығы өзекті сала және белсенді дамып, өзгеріске ұшырап келеді. Алайда, ғылыми жаңалықтарды құқықтық қорғау және сақтау мәселесі қалыс қалып отыр. Сондықтан экономикалық дамуға елеулі әсер ететін маңызды қоғамдық құбылыстың әсіресе Еуразиялық кеңістікте кешеуілдеп қалуы үлкен мәселе деп есептейміз.

Еуропалық Одақтағы зияткерлік меншік құқығы

Еуроодақтың экономикалық саясатында зияткерлік меншік құқығын қорғау маңыздылығы артып келеді. Өйткені бұл қорғау ең алдымен авторлық құқық, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижелері, патент, лицензия, өнеркәсіптік үлгілер, тауарлық таңбаларға қатысты және олар қазіргі ғылыми және технологиялық дамудың факторына айналуда. Еуроодақтың зияткерлік меншікті қорғау саласындағы белсенділігін осы ғасырдың басындағы ішкі және сыртқы экономикалық мәселелердің қалыптасуымен түсіндіруге болады.

Еуропалық Одақта зияткерлік меншік құқығына қатысты барлық құқықтық қатынастар тиісті Директивалармен реттеледі (Winther D.R. Fighting change. Russia s proposed changes to its IP Law could reduce protections and stall WTO accession II Trademark World.-2006. - № 187.-May ). Оған мысал ретінде: 1991 жылғы 14 мамырдағы ЕО ЭЕМ бағдарламаларын құқықтық қорғау туралы № 91/250/ЕЕС Директивасы; 2009 жылғы 29 сәуірдегі Еуропалық Парламент пен Еуропалық Кеңестің 2007/48/ЕС Директивасы атауға болады. (Директиваны іске асыру жөніндегі Комиссия есебі СОМ/2000/0199) Сонымен қатар 2020 жылға дейінгі он жылдық Еуропалық экономиканы дамыту стратегиясында «инновациялық одақ» құруға сеп болатын нақтылы іс-шаралардың кешені 30-дан аса бапта қарастырылған.

2016 жылы Еуропалық Одаққа ортақ патентті дайындау шарасы аяқталғанын айту қажет. Еуропалық Парламент пен ЕО Кеңесінің N 1257/2002 және ЕО Кеңесінің  2012 жылғы 17 желтоқсандағы N 1260/2012 Регламенті негізінде бірыңғай еуропалық патент енгізіледі. Бұл құжаттың унитарлық эффектісі бар. Яғни, патент иесінің Еуропалық Одаққа мүше 25 мемлекеттің аумағында өз құқығы бар болады. Қызықтысы, Еуропалық Одақтың бірыңғай патентінде ғылыми жаңалықтарға патент берілмейді. Бірақ, жаңалық ашқан тұлғалар оны коммерциялық бағытта қолданса сұрақ басқаша қойылады. Ғылыми жаңалық коммерциялық мақсатта пайдаланған жағдайда тіркелуі мүмкін.

Осылайша Еуроодақ бір жағынан өз кеңістігінде бірыңғай бәсекелік орта қалыптастыру, мүше-мемлекеттердің кәсіпкерлерінің халықаралық деңгейдегі бәсекелік қабілетін арттыру мақсатында барлық елдер үшін зияткерлік меншік құқығын қорғаудың ортақ жүйесін құруды көздейді. Екінші жағынан, осы тәжіриені Еуропалық Одақ елдерінің игеруі зияткерлік меншік құқығын қорғауды көтеріп, аймақтағы ғылыми-техникалық және адами капитал дамуын қамтамасыз етеді.

ЕЭО шеңберіндегі проблемалар

2015 жылы 1 қаңтарда ЕЭО туралы Келісімшарт күшіне енді. Одақ мемлекеттерінің бизнес-қауымдастықтарының өзара байланысуына мол мүмкіндік ашатын негізгі институттардың бірі – Еуразиялық экономикалық комиссия. Комиссия регулятор құқығына ие, ұлттық деңгейден жоғары тұратын орган. Негізгі қызметі – ЕЭО-да тұрақты және тартымды экономикалық климат қалыптастыру мақсатында мүше-мемлекеттердің заңнамасын дамыту және үйлесімді қылу. Комиссия қызметінің тағы бір бағыты – зияткерлік меншік құқығы. Зияткерлік меншікке байланысты сұрақтар Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментіне жүктелген. Консультативтік комитет құрамына «Атамекен» ҰКП өкілдері және РФ, Армения, Беларус және Қырғызстаннан ұйымдардың өкілдері кіреді( http://www.eurasiancommission.org/ru/act/finpol/dobd/).

ЕЭО нормативтік-құқықтық базисіне қатысушы-мемлекеттер бекітетін халықаралық келісімшарттар, ЕЭО қатысушы-мемлекеттердің әрқайсысының қызығушылықтарын және ұлттық заңнамаларын ескере отырып қабылданатын Комиссияның шешімдері енеді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары төмендегідей:

1.        Ғылыми ынтымақтастық; 

2.        Инновациялық механизмдерді енгізу; 

3.        Коммерциализацияға ықпалдасу;

4.        Инвесторларға қолайлы жағдай жасау;

5.        Зияткерлік меншік объектілеріне құқықты қорғауға ықпалдасу.

Ескере кететін бір мәселе, Одақ туралы Келісімге Қосымшада зияткерлік меншік объектілерін кең көлемде қорғау, сондай-ақ өндірістің құпиялары туралы ережелер бар. Бірақ жоғарыда көрсетілген тізімде ғылыми жаңалықтар жоқ. Дегенмен зияткерлік меншік объектілерін қорғау бойынша құқықтық шаралар көрсетілген(Канатов Т.К. Понятие авторских прав в странах Евразийского Экономического Союза // Евразийская адвокатура № 1  (20) / 2016). ЕЭО деңгейінде зияткерлік меншік саласында ықпалдастық пен ынтымақтастық қамтамасыз етілуде, бірақ ғылыми жаңалықтарды құқықтық қорғау мен тіркеудің процедуралары қарастырылмаған. П.Сорокин мен Н.Кондратьевтің Экономикалық стратегия институты және Халықаралық институттарының ғылыми жаңалықтарды еуразиялық тіркеу жөніндегі ұсыныстарына мұқият назар аударып, осы процедураны ЕЭО шеңберінде енгізу қажет. 

ЕЭО мүше-мемлекеттер әлемдік зияткерлік меншік нарығында қалыпты орын алады. Резиденттерден туындыларға патент алуға өтінімдер саны 2000 жылдан 2014 жылға дейін бар-жоғы 3%-ға артқан(резидент еместерден – 79%), сәйкесінше әлемдегі үлесі 3,2-ден 1,6%-ға дейін түскен. Бұл ЕЭО-ға мүше-мемлекеттердің зияткерлік меншік нарығы әлсіз дамығандығын көрсетеді. Сонымен қоса аясы тарылу арқылы шет елдік компаниялар мен құқық иелеріне оны қолдануға мүмкіндік беріп отырады.

Зияткерлік меншік саласындағы стратегия ЕЭО-на мүше-мемлекеттердің ғылыми және шығармашылық потенциалын арттыруға, зияткерлік меншіктен түсетін кірістерді көбейтуге бағытталған. Бұған «Жібек Жолы экономикалық белдеуінің» Ғылыми-техникалық дәлізі аясында ЕЭО мен ҚХР зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастық келісімі үлкен септігін тигізеді. Сонымен қоса, ЕЭО мүше-мемлекеттер әлемдік ғылымның бөлшегі, бірақ олардың ЖІӨ қосатын үлесі мен әлемдік деңгейдегі үлес салмағы өте төмен. ЕЭО мүше-мемлекеттер өзіндік зияткерлік меншік потенциалын кең көлемде пайдалану және дамуын қамтамасыз ету бойынша толыққанды стратегия дайындауы қажет. Қазақстан Республикасы да Еуразиялық нарықты ғылыми және экономикалық дамуына тиімді пайдалануды көздейді.  

ҚР заңнамасындағы ғылыми жаңалықты құқықтық қорғау

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бастап зияткерлік меншік, оның құқықтық реттелуі және жетілдірілуіне көңіл бөліп келеді. ҚР Президенті Жолдауында «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі – қорғалған сауда таңбасы және зияткерлік меншік құқығы бар тауарларды өндіруге қолайлы жағдай жасау» деп тоқталған еді(Социально-экономическая модернизация – главный вектор развития Казахстана. Послание Президента – Лидера Нации Нурсултана Назарбаева народу Казахстана, 28.01.2012.) «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына 20 қадам» бағдарламасында: «Жалпы экономика бойынша қарайтын болсақ, Қазақстанда бір жұмысша жылына 17 мың доллардың өнімін шығарады. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90 мың доллардан асып түседі. Осыдан қарапайым қорытынды шығарамыз: бізге жағдайды түзетіп, жұмыс өнімділігін арттырып, инновацияларды енгізу қажет» делінген(Программа Президента РК Н.А. Назарбаева «Социальная модернизация Казахстана: двадцать шагов к Обществу всеобщего труда, 10.07.2012)

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуінде зияткерлік меншікті қорғау саласында аталған ұйым қажетті талаптарды қойды. Қазақстан зияткерлік меншік құқығын қорғау жүйесін Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 30 маусымдағы № 448-IV Заңымен ратификацияланған Зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы бірыңғай реттеу қағидалары туралы келісімге сәйкес отандық зияткерлік меншікті қорғауды жүйелеу жұмыстарын жүргізуде.

Зияткерлік меншік – салыстырмалы қарағанда соңғы онжылдықтарда Қазақстан заңнамасы үшін жаңа ұғым болып табылады. Жиырмасыншы ғасырдың соңындағы ғылыми әдебиеттерде зияткерлік меншікті жиынтық түсінік ретінде, алыс шет елдердің заңдары мен халықаралық келісімшарттарда қолданылды. Қазіргі уақытта бұл ұғым ТМД аумағында да заңнамалық тұрғыда бекітілген. Қазақстанда Конституция мен Азаматтық кодекстің қабылдануымен зияткерлік меншік жалпымемлекеттік мәнге ие болды. Зияткерлік меншік құқығының нормалары көптеген заңдарда, ҚР Президенті мен Үкіметінің актілерінде кездеседі, ол азаматтық құқықтың жеке дара саласы ретінде қалыптасқан. Бірақ заң шығарушылар «зияткерлік меншік» ұғымын қолдана бастаған уақыттан оның мән-мағынасын айқындау мен нақтылау жүріп жатыр. 

ҚР Азаматтық кодексінің 125 бабына назар аударатын болсақ, зияткерлік меншік дегеніміз – бұл азаматтық құқықтың нысаны. Сонымен бірге осы баптың мазмұнына сәйкес, заң шығарушы азаматтық құқық нысаны ретінде зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижесіне деген ерекше құқықты мойындайды. ҚР Азаматтық кодексі 5 бөлiмі, 49-тарау, 961-бабына сәйкес, интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерiне:

      1) ғылым, әдебиет және өнер туындылары;

    2) эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының орындаушылығы, қойылымдары, фонограммалары мен хабарлары;

      3) өнертабыс, пайдалы үлгiлер, өндiрiстiк үлгiлер;

      4) селекциялық жетiстiктер;

      5) интегралдық микросызба топологиялары;

      6) ашылмаған ақпарат, оның iшiнде өндiрiс құпиялары (ноу-хау) және т.б жатады. (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K990000409_ )

1991 жылы 31 мамырда КСРО және одақтас республикалардың Азаматтық заңнама Негіздері және 1990 жылы 6 наурызда «КСРО-дағы меншік туралы» КСРО заңының қабылдануы осы кеңістікке «зияткерлік меншік» ұғымын алып келді. Осыған сәйкес өнертабысқа, өнеркәсіптік үлгіге, тауарлық таңба мен қызмет көрсету таңбасына, фирмалық атауға, оңтайландыру ұсыныстары, өндірістің құпиялары және селекциялық жетістіктер құқықтары қорғауға жатады. Зияткерлік меншік нысандарының тізімі нақтыланған жоқ, пайдалы модельдер, интегралдық микросхема топологиялары заңнамалық тұрғыда бекітілмеді, өнертабыс дегеніміз не екені айқындалған жоқ. Қазіргі кезеңде қандайда бір білім саласында ғылыми жаңалық ашқан қазақстандық ғалымдар құқықтық тәртіпте өзінің ашылуын бекіте алмайды. Бұл осы саладағы заңнаманың басты түйткілді мәселесі. Мәселен, ҚР Патент заңының 6 б. 2 т. 1 тт. сәйкес, ғылыми жаңалықтар, ғылыми теориялар мен математикалық әдістер туынды ретінде мойындалмайды және оларды құқықтық қорғау қарастырылмаған.

Индустриалдық-инновациялық даму аясындағы жобалардың әлеуметтік маңыздылығы жоғары. Барлық мемлекеттік органдар осы жұмысты басшылыққа алуы тиіс. Болашағы бар ғылыми зерттеулерге инновациялық гранттар бөлу арқылы бюджеттік шығындарды көбейту қажет. ҚР «Ғылым туралы» заңы мемлекеттің ғылым саласын жан-жақты қолдауына жол ашады. Осы орайда отандық ғалымдарға қолдау көрсету қажет болады.

Қорытынды

Ғылыми жаңалықтар ғылыми-зерттеу қызметінің маңызды нәтижесі ретінде жедел технологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуға жағдай жасайтыны күмән тудырмайды. Сондықтан ғылыми жаңалықтардың авторларының құқығын мойындау және қорғалуын қамтамасыз ететін механизмді құру – қоғамның әлеуметтік және экономикалық талаптарына жауап беретін маңызды міндет болып отыр, сонымен қоса әлеуметтік әділеттіліктің идеясы ретінде есептеледі. Қазіргі зияткерлік құқық қатынастарын жетілдіру және дамыту үрдісі үздіксіз жүріп жатқанда, ғылыми жаңалық авторларының қызығушылығын қорғау, оның қолайлы құқықтық механизмін құру ғылыми және заң тұрғысында уақытылы қадам болмақ.

Ең алдымен ғылыми жаңалықтар авторларының құқығын заңмен бекітіп алу қажет деп есептейміз. Қазіргі уақытқа дейін не концептуалдық деңгейде, немесе заңнамалық жағынан ғылыми жаңалықтар авторларына қоғам мен өндірістің қызығушылықтарына мөлшерсіз нұқсан келтірмеу арқылы мүліктік құқық беретін құқықтық механизмдер дайындалмағандықтан, жеке мүліктік емес құқықтарды бекіту мәселесі туралы айтуымыз керек. Теориялық және практикалық құндылығы бар ғылыми жаңалықтарды қорғаудың анық құқықтық механизмі болуы тиіс.

 

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ




Яндекс.Метрика